Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:42, 19 Желтоқсан 2023

«Қазақстанда қазақ тілін білмейтіндерге жақсы мотивация» – Нұрсұлтан Асылов

Америка
Фото: из открытых источников

Қазіргі таңда қазақ тілі мен дәстүрін, ұлттық кодтарымызды шетелдерге насихаттап жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі Нұрсұлтан Асылов Массачусетс штатындағы Массачусетс университетінде американдық студенттерге қазақ тілін үйретіп жүр. Сондай-ақ отандасымыз әлеуметтік желіде танымалдылыққа ие болуда. Тіпті өзінің сабақ беру методикасы мен дәріс барысын әлеуметтік желіге бөлісіп, көп назарын өзіне аударды.

«15 жасымда «25 жасыма дейін көп тіл үйренемін» деп алдыма мақсат қойдым. Бүгінде ағылшын, түрік, қазақ және орыс тілдерін білемін және испан тілін үйреніп жүрмін. Мамандығым- ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. 2019 жылы университет бітіргеннен кейін Назарбаев зияткерлік мектебінде, қазақ-түрік лицейінде мұғалім болып жұмыс істедім. Одан кейін “Білім беру саласындағы көшбасшылық” бағдарламасы бойынша Назарбаев университетіне магистратураға түстім. Еуропадағы білім беру жүйесі қалай жұмыс істейді, еліміздегі білім саласына қандай шетелдік инновациялық тәсілдерді қолдануға болатынын зерттегім келді», - дейді Нұрсұлтан Асылов.

Нұрсұлтан шетелде білім алуды армандаған, өзінің ізденісінің арқасында 2 университеттен шақырту алған. Бүгінде ол шетелде білім алып қана қоймай, шетелдік студенттерге қазақ тілін үйретуде. Америкалықтарға қазақ тілін насихаттап жүрген маманмен біз де сұхбаттасып, оның алға қойған жоспарларымен таныстық.

Америкалықтарға қазақ тілін үйрету бастамасы ойыңызға қашан келді?

Бізде жыл сайын лингвистикалық факультетте тіл таңдайды, былтыр университетте мая тілі болып, оны ғылыми түрде толыққанды зерттеп шықты. Биыл қазақ тілі суырылып шығып, профессорлардың тарапынан маған ұсыныс түсті. Сол сәттен бастап мен лингвистика саласындағы докторанттарға қазақ тілінен сабақ беріп жатырмын. Бір топта 6 адам бар, алтауы 6 мемлекеттен, Жапониядан да, Қытайдан да бар. Барлығы қазақ тіліне қызығып, үйренуге білек сыбанып кетті.

Шетелдіктердің тілден бөлек Қазақстанға қызығушылықтары қандай?

Естуім бойынша, оларға тіл өте қызық. Не үшін, себебі қазақ тілі еуропалық тіл емес, тіпті теледидардан, телефоннан да естіп көрмеген, лингвис мамандар болғандықтан тілді толық зерттегілері келеді. Соңғы сабақтарда бейне, фильм көру арқылы тілді үйретіп жатырмын. Тіпті ең ұзын "қанағаттандырылмағандықтарыңыздан" сөзін де үйреттім. Олар тек тіл маманы болғандықтан ғана зерттегілері келмейді, тілден бөлек Қазақстанды, елдің мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен де танысқылары келеді.

Қазақ тілін үйрететін онлайн ресурстарды, платформаларға қандай баға бересіз?

Қазақ тілі бойынша интернетте көп ақпарат бар, бірақ олардың басым көпшілігі Қазақстан тұрғындарына тілді қалай үйренуге болады» деген бағытта қарастырылған. Сабақтарда сөйлем талдау арқылы, тілді жылдам үйренуге дағдыланып жатыр. Тек грамматикаға шектелетін формальды түрде емес, көбіне бір-бірімен сөйлесуге уақыт арнаймыз.

Америкалықтарда үйрену барысында қандай қиындықтар орын алып жатыр?

Қ, Ң, Ү, Ұ әріптері олар үшін өте қиындық туғызды. Бірақ қазір бара-бара оларды да үйретіп жатырмыз. Бір айта кетерлігі, дүниежүзілік лингвистикада қолданылатын бір тіл бар, ол латынға ұқсас. Осы негізде біз латынша алфавитті қолданамыз. Кейбір дыбыстарды, әріптерді сол алфавитке сәйкестендіру қиын болады. Америкалық студенттер қазақ тілінің құрылымын қатты қиын еместігін, жәймең үйреніп алуға болатынын айтқан. Түркі тілі мен еуропалық тілдер жалпы ұқсас қой. 3 айдың ішінде көп нәрсе үйренді. Бұл Қазақстанда жүрген қазақ тілін білмейтіндерге жақсы мотивация болады деп ойлаймын.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Асылов Нурсултан (@asylove_n)

Асыловтың инстаграм парақшасындағы видеосының астына қазақтар түрлі пікір білдірді.

«Бұл жұмыстың қандай қиын екенін елестете де алмаймын. Америкалықтарға ақпаратты қол жетімді түрде ұсыну қаншалықты миға шабуыл жасайтынын ойлау мүмкін емес», «АҚШ-та жағдайға байланысты қазақ тілін білмейтін көптеген қазақтар бар, қазір бұл оларға жақсы себеп», «Профессор ағай қазақшаға бейім болып тұр. Дыбыстарды дұрыс айтып тұр. Жарайсыз, профессор!» - деп желідегі жұрт америкалықтардың тілге қызығушылықтарын керемет бағалады.