Қазақстандық футболшы Шотландия Премьер-лигасының клубымен келісімшартқа отырды
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков Шотландия Премьер-лигасындағы "Харт оф Мидлотиан" клубының ойыншысы атанды.
Бұл туралы Эдинбург клубының ресми мәлімдемесінде айтылған.
26 жастағы футболшы жаңа клубымен 2028 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қойды. Ислам Чесноков "Хартсқа" еркін агент ретінде ауысты – ол бұған дейін ойнаған "Тобыл" клубымен келісімі аяқталған. Қостанайлық команда ойыншыға алғыс білдіріп, алдағы мансабына сәттілік тіледі.
Ал "Хартс" клубы Өскемен қаласының тумасы Чесноковты "Қазақстандағы үздік ойыншылардың бірі" деп атады.
Команданың бас бапкері Дерек Макиннес қазақстандық ойыншы туралы пікір білдірді:
"Исламның осында келгеніне өте қуаныштымын. Енді ол “Хартстың” ойыншысы және алаңға шығуға толық дайын. Біз оның трансферіне бұрыннан қызығушылық таныттық. Мұндай келісімдер уақытты талап етеді, бірақ клуб, мен және Ислам арасындағы диалог әрдайым ашық болды. Ол өте дарынды футболшы әрі жақсы адам. Біз оның командаға үлкен пайда әкелетініне сенеміз".
Трансферлік құны 1,2 млн еуро деп бағаланатын Чесноков жаңа командасында 99-нөмірмен ойнайды. Бұған дейін ол "Тобылдан" бөлек, "Алтай" (Өскемен) және Беларусьтің "Белшина" клубтарында өнер көрсеткен.
Айта кетейік, "Харт оф Мидлотиан" қазір Шотландия чемпионатының уақытша көшбасшысы. Команда 20 турдан кейін 44 ұпай жинап тұр. Одан кейінгі орындарда "Рейнджерс" (41 ұпай, 21 матч) пен "Селтик" (38 ұпай, 20 матч) келеді.