Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

Қазақстандықтар қаржысын үнемдей бастады және жинағын долларға ауыстырып жатыр

азық-түлік
Фото: из открытых источников

Жыл басынан бері, оның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді қарастыратын жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін, қазақстандықтар шығындарын қысқартып, үнемдей бастаған. Бұл туралы Demoscope зерттеуінде айтылған. 

Сауалнамаға қатысқандардың 77,6%-ы жыл басынан бері шығындарының артқанын айтқан. Оның ішінде 54,4%-ының шығыны айтарлықтай көбейген. Ал 16%-ы шығындарының өзгермегенін мәлімдеген.

Мұндай жағдайда көптеген азаматтар үнемдеуге мәжбүр. Көбіне үнемдеу мына салаларда байқалады:

азық-түлік өнімдері – 44,5%,

киім-кешек пен аяқ киім – 36,1%,

кафе, мейрамхана және тағам жеткізу қызметтері – 25,8%,

ойын-сауық – 23,2%.

Сонымен қатар қазақстандықтардың 24,2%-ы ешнәрседен үнемдемейтінін айтқан.

Жаңа Салық кодексінің күшіне енуі азаматтарға басқа да қиындықтар туғызған:

26,3% қаржылық тұрақтылығы үшін көбірек алаңдай бастаған;

16,2% жаңа ережелердің күрделілігінен қолайсыздық сезінген;

15%-ының нақты табысы (инфляцияны есептегенде) азайған;

5,1% жұмысынан айырылып қалудан қауіптенеді.

Ал 16,6% респондент жаңа Салық кодексінен ешқандай қиындық көрмегенін айтса, 11,4% оның қабылданғанын мүлде естімеген.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, 65% қазақстандық ҚҚС-тың көтерілуі болашақта өмір сапасын нашарлатады деп санайды. Оның ішінде 40,5% жағдай айтарлықтай нашарлайды деп есептейді. Ал 8,2% керісінше өмір жеңілдейді деп ойласа, 13,3% еш өзгеріс болмайды деп санайды.

Өткен жылдың қарашасында, жаңа Салық кодексі талқыланып жатқан кезде, оған күмәнмен қарағандардың үлесі 61,4% болған. Сол кезде 32,4% өмір сүру қатты  нашарлайды деп болжаған.

Жаңа Салық кодексінде ҚҚС-ты көтерумен қатар:

өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке кәсіпкерлерге арналған салық режимдерін реформалау,

жеңілдетілген декларация режимін жою,

биржалық операциялардан түсетін табысқа салынатын салықты 10%-дан 5%-ға дейін төмендету, бірақ көптеген жеңілдіктерді алып тастау қарастырылған.

Ресми статистикаға сәйкес, ҚҚС көтерілгеннен кейін жылдық инфляция баяулаған (ақпанда – 11,7%, желтоқсанда – 12,3%). Бірақ айлық инфляция керісінше өскен (1,1% қарсы 0,9%).

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметінше, ақпанда сауалнамаға қатысқан азаматтардың тек 25,4%-ы ғана жеке жинағы бар екенін айтқан. Оның ішінде 35,6% ақшасын қолма-қол сақтауды жөн көреді.

Бір қызығы, солардың 48%-ы жинағын доллармен сақтайды. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 17,1 пайызға өскен.