Қазақтың топырағына сіңген су – ысырап емес

Отан қорғаушылар мен Жеңіс күні мерекелерін тойлап болған соң жаңа жұмыс аптасы басталысымен мәжіліс тіршілігіне қайта кірісіп, үкіметтен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовті шақырып алып, «бір сағат» отырысын арнады.
Айтылар сөз президенттің алдыңғы жылғы жолдауын іске асыру аясында су шаруашылығы саласын реформалау бойынша қабылданып жатқан шаралар жайына қатысты. Министрдің сөзіне қарасақ, енді істейін деп, енді орындайын деп жатқан жұмыстары мен жоспарлары жетерлік екен. Өйткені 2040 жылға қарай Орталық Азияда 12-15 млрд текше метр көлемінде су тапшылығы болжанып отыр. Соған осы бастан қам жасаған түрі. Тек министрдің жоспар жүзіндегі керемет баяндамасы мен ауыл-аймақтардағы шынайы жағдайдың екі түрлі екені мәжіліс үстінде әшкере болғандай.
Су шаруашылығындағы орасан олқылықтар
Алдымен атқарып жатқан жұмыстарын тізе бастаған Нұржан Молдиярұлының мәтінінде цифрлы деректер көп болғанымен, біразы жоспар күйінде екен. Оның үстіне, бюрократияшыл елімізде құжат аздай, Су кодексімен қатар, қолданыстағы саланы стратегиялық жоспарлау құжаттарының қатарына бірнеше маңызды құжат енгізілген. Атап айтқанда, «Су ресурстарын басқару жүйесін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы», «2028 жылға дейін су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары» және «2026 жылға дейінгі суды үнемдеу жөніндегі жол картасы» бар.
Ал қордаланып тұрған мәселелерге келсек, ұсақ-түйегін айтпағанның өзінде жаға ұстататын деректер жетіп артылады. Қазақстандықтар дамыған елдерге қарағанда суды 10 есе көп қолданады. Еліміз суды ысырап қылып отырған елдердің арасында алдыңғы орындарда, бір адам тәулігіне 3,5 мың литр су тұтынады. Ел экономикасы да суды тиімсіз пайдалану деңгейі бойынша ерекше көзге түседі. Ресей, АҚШ, Австралия сияқты елдермен салыстырғанда өнім өндіруге су 3 есе көп жұмсалады екен. Ерекше атап өтетін бір жағдай, бізде ауыл шаруашылығында су шығыны 60%-ға дейін жетеді, ал көрші елдерде бұл көрсеткіш екі есе төмен. Себебі ирригациялық инфрақұрылым тым тозған. Соның салдарынан суарудың технологиялық ескірген әдістері қолданылады. Енді суару арықтарының 14 мың шақырымнан астамы, яғни барлық каналдың 31%-ын реконструкциялау керек.
Ал соны жөндеу-жамау үшін деп жұмсалып жатқан қаражат шаш-етектен. Айталық, соңғы 10 жылда халықаралық қаржы институттары мен республикалық бюджет есебінен су шаруашылығы нысандарын жан-жақты жаңарту жобаларын жүзеге асыруға 258 млрд теңге бөлінген. Одан бөлек, құр былтырдың өзінде 600 млрд теңге, яғни екі еседен астам ақша берілген. Бірақ нәтиже қайда?
Нәтижесі мынау. Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, Ақтөбе облысында 8 жоба бойынша жалпы құны 3 млрд теңгеге орнатылған жабдықтар қателік жіберу салдарынан пайдаланылмай отыр. Сөйтіп Еуропа даму банкінің қаржысы желге ұшқан. Алматы облысында да осындай жағдай. Талғар ауданында 5 млрд теңге жұмсалып, қайта жаңартылған каналдағы су шығыны бұрынғыдай жоғары күйінде қалған. Осы салада негізгі деген су ресурстарына басшылық етіп отыратын «Қазсушар» мекемесіне қарасты гидротехникалық құрылыстарды автоматтандыру үлесі 2%-ға жетпейді. Трансшекаралық су нысандарында суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесі жоқ. Бұл дегеніңіз – еліміздегі барлық су ресурсының 46%-ы. Суармалы егістік алаңдарында судың үштен екі бөлігі ысырап етіледі. Бүгінде 1,9 млн га суармалы жердің төрттен бірі ғана су үнемдеу технологиясымен қамтылған.
«Құмға сіңсе де өз топырағымыз...»
Осынша олқылықтың өзіне таңырқап отырсақ, кемшіліктің соңы мұнымен де бітпейді екен. Мәжілісте отырған әр депутат өз өңіріндегі судың жайын айтқанда уақыт жетпей қала ма деп, сөз кезегіне таласып қала жаздағандары да болды. Ерлан Сайыровтың сөзінше, БҚО Қазталов ауданы суды Ресейден алып отыр. Оған жылына 5 млрд теңге төлеп келеді. Бірақ сол су келгенімен, Жалпақталдан өткен соң әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Демек, жыл сайын бюджеттің 5 млрд теңгесі құмға сіңіп жатыр деген сөз. Тек бұл сөзбен келіспеген министрдің жауабына езу тартпасқа болмады. Оның пайымынша, құмға сіңсе де, әйтеуір біздің топырақ қой. Сондықтан далаға кетіп жатыр деп артық айтудың қажеті жоқ. «Су жерге кеткенімен, ол сол өзіміздің ауданда, Батыс Қазақстан жеріне кетіп жатыр. Ол жалпы экологияға әсерін береді. Сондықтан қаражатты бекер беріп жатырмыз деп айта алмаймыз» деп қайырды.
Ал сол Жалпақталда осыдан 10 жыл бұрын басталған су қоймасын салу жобасы әлі бітпепті. Бұған енді биыл және 2027 жылдары екі қойма салынатынын, әрқайсы үш жыл мерзімде бітетінін айтты.
Олигархтар меншіктеп алған су қоймалары
Кезінде «Жер Аманаты» комиссиясында белсене жұмыс істеген депутат Бақытжан Базарбек бірнеше көлді қолында ұстап отырған олигархтардың мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Алматы облысында төрт бірдей – К-25, К-26, Октябрьская-1 және Октябрьская-2 су қоймалары бір олигархтың қолына өтіп кеткен. Оны Балқаш–Алакөл бассейіндік инспекциясы тексеріп, заңбұзушылықты анықтап, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына нұсқама жіберген. Ал басқарма соны аяғына дейін жеткізіп, аталған су қоймаларын мемлекет қарамағына қайтару керек болғанымен, мәселені жылы жауып қоя салған.
Сол сияқты СҚО-да бір олигарх 9 су қоймасын, тағы бірі 8 су қоймасын иеленіп алған. Ақмола облысында да біреу 7 су қоймасын меншігіне алса, Қостанай облысында бір ЖШС 7, ақтөбелік кәсіпкер 6, Қарағанды облысында бір адам 4, тағы бірі 8 су қоймасын ұстап отыр. Оның үстіне, Алматы қаласы бойынша су қорғау белдеулері мен аймақтарында 13 536 нысанның заңсыз салынғанын анықтаған. Бірақ осындай мәліметті салалы министрліктің неге жасырып отырғаны түсініксіз. Айталық, әлгі «Жер Аманаты» комиссиясы Шымкентте сондай 17 нысанды анықтаған. Бірақ ресми мәлімет үш-ақ нысанды ғана көрсеткен. Дәл осындай жағдайдың біраз өңірде көрініс тауып отырғанын тізіп берді.
Бәрінен де министрді сөзбен қуырған Болатбек Нәжметдинұлы болар. Тамшылатып суару технологиясы туралы әдемі жоспарларын асықпай тұрып баяндаған министрдің сөзіне депутаттың зығырданы қайнаған сияқты. Өзі де оңтүстік тумасы болғандықтан, егістік жайын білетіндігін айтып барып, жоспардың орындалмайтынын бірден ашық айтты.
Сондағысы, министрдің тамшылатып суару жоспарында әр облысқа игерілуі тиіс гектар мөлшері бекітілген. Барлығын қосқанда жыл сайын 150 мың гектар тамшылатып суару жүйесі құрылу керек. Ол дегеніңіз – трансформатор, судың көзі, арықтар, ішкі және сыртқы магистральдар, метеорологиялық станциялар, тиісті механизмдер, нанотехнологиялық шланглар – бәрі дайын болу керек деген сөз. Соның бәрін есептей келгенде, жылына 150 мың гектарды деген қаншалықты орындалатын жоспар?
«Ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы министрліктері, бүгінгі мойындарына алып отырған міндеттемелеріңізге шамаларыңыз келмейді. Менің байқап отырғаным, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарына беріп қойған жоспар. Мысалы, Жамбыл облысы жыл сайын 10 мың гектар қосу керек. Кезінде 20-30 мың гектарлап жалған сурет салып келген облыс қазір 10 мыңға түсіпті, Құдайға шүкір. Бірақ Түркістан облысының мойнына 30 мың гектар беріп қойыпты. Оны істей алмайды, облыс әкімдігі қалай мойнына алғанын білмеймін. Бірақ жыл соңында «біз бітірдік» деп жалған мәлімет береді», – дейді ол.
Екінші бір түйткіл, субсидияның біраз бөлігін жергілікті әкімдіктердің мойындарына салып отыр. Мысалы, министрдің сөзінше, осындай әдіс қолданатындарға шығынның 80%-ына дейін субсидия беріледі. Тек соның 50%-ы республикалық бюджеттен болса, қалған 30%-ын облыстардың қалтасына салмақ. Ал айтылып отырған үш облыстың үшеуінің де жағдайы мәз емес екені, дотациялық өңірлер екені мәлім. Өйткені 20 әкімшілік аумақтық бөліністің арасында екі-үшеуі ғана өз-өзін қамти алады. Сондықтан субсидияға қолы жетпей қалған шаруалар кейін көшеге шығып, ереуілдетіп жатпасына кім кепіл? Бұған министр Нұржігітов тарапынан жауап болмады.
Айтпақшы, алдына келгеннің апшысын қуыруға шебер депутаттардың өзі де оңып тұрғаны шамалы. Отырыс соңында жиынды жүргізіп отырған Альберт Рау қатысқан депутаттарға арнайылап алғысын білдіріп, ұйымдастыру комитетінен осы үкімет сағатына қатысқандарының тізімін әдейі сұратты. Оның мәнісі, сағаттап отырып созғылаған отырыста зал толық болмады. Жүзге жақын депутат пен сырттан келгендерді қоса алғанда зал лықа толуы керек еді. Оның үстіне, жұмсақ креслоның біраз бөлігін министрліктердің өкілдері жауып отырғаны бар. Осының бәрі көзге түспей қоймады. Шамасы жиыннан соң «сабаққа қатыспаған» халық қалаулыларының өзін де бір шыбық күтіп тұрған болу керек.
Ербол Тұрымбет
Астана