Қазіргі қазақтың өлгенінің де өсектен аманы жоқ...
Баяғыда «өлімді жерде молда семіреді» деуші еді. Қазіргі жұрт қаралы көштің айналасына топтанған қарға-құзғындай жиналып алып, қаза үстінде пендешіліктен әрі аспайтын әңгімеден жарыс ұйымдастыратын болыпты.
Шын өлді ме, өтірігі өлді ме дегендей, тірісінде бетіне келе алмаған, кездесе қалса жорта мақтап, кібіртіктегендер көржерді қазбалап, оған қолы бос қазақтың бәрі қосылып ой бір құлақ тұндырып, ащы шуға басады-ай келіп... Өліге топырақ шашатын мұндай шұбырынды сөздер легі қазаға қабырғасы қайысқансып, мүләйімсіп басталады... Сәлден соң, ұлы дауға ұласады: «ортанқол жазушы ғой», «сүйегін елге әкелу керек еді», «тірісінде сөйтіп айтпап па еді», «арысым-ай», «айбыным-ай» сөйтіп келеді де – «сен оттамай отырға» көшеді...
Осындай дауға қарап тұрып, екі қолыңды төбеңе қойып, басың ауған жаққа безіп кеткің келеді екен. Не деген бітпейтін сөз, не деген бітпейтін дау, қара орман елі қара жамылып, топырағы кеппей жатып, өтірік күңіренгенсіп, жоқтағансып, ішінен жылмаң қағып «әп бәлем» деп, бір емес, екі саусағын қатар бүгіп, сөзді созып, дауды қоздатып, «шоқ, шоқ, үр ит соқ» деп екпіндетіп... Құдай сақтасын! Жоқтағансудан бір үлкен жарыс басталғандай, құдды... Сондағы алар бәйгесі, ананы тұқырттым, мынаны көтердім, елге жақсы атандым...
Арысы қайтып, алып бәйтерегі құлап, қамыққанға ұқсамайды. Сол баяғы иттей ырылдасып, бір-бірін иттей талап... Безіп кеткің келмегенде не қалады сонда?!
Қара көшке бәрі төреші, бәрі би. Өлім үстінде өмірдегі бір-біріне қыжылын шығарып, қышығанын қасу. Сөйте отырып, жақсы атану. Өлімнен ұпай жинау. Жұртта да ес-ақыл қалмаған. Бұқабай жазса, астында «ерім-айлап» қолдағансып қызыл кеңірдек боп жатады. Өлгеніңнен де есебімді қайтардым деп Бұқабай мәз. Жындыбай шығып, «Бұқабайды тірісінде тізесі батқан, ол соған орайлы сәт өлімі» деп отыр десе, түп қопарылып Жындыбайға ауа салады. Осылайша, адамның сабырлығына сын, үнсіздігіне сынақ, шын қайғысына демеу болар екі өмірдің ортасындағы көпірден өткізер шақтың да қазір әбден қадірі кетті. Көзі жұмылғанша қазаққа қызмет қылған, соның тілеуін тілеген, болашағына зор үміт сыйлаған алып сапарын аяқтап, Алатаудай шөгіп жатқандағы қалың елдің сиқы анау...
«Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ,
Тірісінің өсектен аманы жоқ» деп Абай кемі бір жарым ғасыр бұрын айтыпты десе, адам сенбейді... Бірақ біздің қазіргі өмір мен өлім шындығымыз да тура бұрынғы кеп. Осы күні біз, тіпті қазақтың өлгенін де өсекке қосып, шотқа қағып, көрген қазған көртышқандай күйге түсіп кеткендейміз. Абайдың қазағынан сорақы боп шыққандаймыз...
Тобыр десе шамданамыз тағы...
Өміржан Әбдіхалық, жазушы