Кем өлшеп, артық пішілген жерлері көп

Тақырыпқа тұздық болсын деген оймен, фестивалден қайтарда белгілі театр сыншысы Айзат Қадыралиевадан сұхбат алған едік.
Театр сыншысы Рахымжан Отарбаев шығармашылығымен етене таныс. Бірнеше фестиваліне қатысқан. Төртінші фестивалде қонақ ретінде басынан аяғына дейін болды. Бізге берген сұхбатында фестивалге қатысты өз ойын бүкпесіз айтты.
— Айзат ханым, Отарбаев шығармашылығы бойынша өткен төртінші фестивалден ойға бір дүние түйгендей болдым, көрермен ретінде. Драматургтің шығармашылығына режиссер тарапынан атүсті қарау, конкурс үшін ғана дайындалу деген сияқты салғырттық көп көрінді. Мысалы, Шымкенттің қуыршақ театры алып келген «Шыңғысханның көз жасы» баһадүр туралы өмір дерекке, хронологияға көбірек ұқсады. Кілт таппадым. Түйін таппадым. Көрермен ретінде оқиғаға сене алмадым. «Мұстафа Шоқайды» алып келген Абай театрының қойылымы да соншалық сәтті шықпаған сияқты. 17 жылдан бері сахнадан түспеген шығармаға ұқсамайды. Піспегендей көрінді. Сахналық картиналар жақсы. Бірақ кемшіліктері көп енді. Өскеменнен келген театр «Көлеңкені» қойды. Оған да көрермен ретінде сену қиын. Пьеса ретінде шығармада көп дүние бар, бірақ сахнаға соны сыйдыра алмағандары көрініп тұр. Әуезов театры «Қытайдан жеткен сәлемдемені» алып келіпті. Конкурсқа түскен шығармалардың ішіндегі көрерменге ұнағаны осы болды. Бас жүлдені де алды. Бірақ оған да сыншылар тарапынан көптеген ескертулер айтылды. Ал театр сыншысы ретінде өзіңіз қалай қабылдадыңыз конкурсқа түскен шығармаларды? Үшінші фестивалге де қатысып едіңіз. Салыстырмалы түрде баға беріп кетсеңіз. Театр сыншысы ретінде, Сіздің пікірді білу маңызды. Төрешілер құрамында болмадыңыз, сіздің ой-пікірді тыңдай алмадық. Дегенмен, ой түйіп, ішіңізде жинақталып қайтқаны анық қой.
-Әдебиет және театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Рақымжан Отарбаев атындағы IV Республикалық фестивалі Атырау тұрғындарына ғана емес, фестиваль аясында бас қосқан бес-алты театр өнерін тамашалауға бізге де үлкен мүмкіндік тудырды. Әр облыстан жеткен шығармашылық ұжымның жетістіктерімен танысып қана қоймай, көрермен ретінде өзіңіз жақсы байқаған кемшіліктердің де баршылық екенін біліп қайттық. Иә, мен үшінші дүркін аталмыш фестивальді көріп отырсам да, биылғы фестивальдің алдыңғысынан айтарлықтай айырмашылығы көп деп айта алмас едім. Спектакльдер сұрыптаусыз алынғаннан кейін қойылымдардың сапасы жоғары болды деуге келіңкіремей тұр. Спектакльдерді көргенде жүн жұтқандай қиналғанымызды несіне жасырайын. Шығарма арқылы жиналған кейіпкерлердің болмысы да, бас қаһарман Шыңғыс хан, Жәңгір хан, Мұстафа Шоқай, Бейбарыс сұлтандардың тұлғалық табиғаты да толық ашылмай қалғанын ашық айту керек. Тіпті, бас жүлдені алған Алматыдағы білдей М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры алып келген «Қытайдан жеткен сәлемдемесінің» өзінде кем өлшеп, артық пішілген жерлері көп. Әрине, әрбіріне жеке-жеке тоқталуға болар еді, бірақ Рахымжан ағаның шығармашылығындағы мінез құбылыстарын бүкіл қатпар-қалтарысымен тап басып көрсете алмағаннан кейін қайсыбіріне бір сөзді он рет қайталай бересің.
Шешім, шеберлік жағынан сахнада сүрініп жатса да әдеттегідей, фестиваль соңында ту бие сойылып әрқайсысына сыбаға таратылды. Ең үздіктер ғана жүлдеге ие болсыншы деп айтудан жағымыз тынбай жүрсе де, бұл стеротипті бұзу, швейцарияның сейфін бұзудан да қиын болып тұр, әзірге. Дегенмен, жюри мүшелері талқылау барысында аналитикалық талдауларға жақсы барып жүрді. Алыс-жақын жерлерден арнайы келген театрлар әртүрлі себеппен бөлінген орындарға, номинацияларға дандайсып кетпей, фестиваль төрағасы Е.Жуасбек, режиссер А.Ихсан, театртанушы А.Еркебайлардың айтқан сыни-пікірлерінен тоқтам-тұжырым жасап кетсе игі еді. Өйткені, түзеп жетілдіретін тұстары шын мәнінде аз емес. Фестиваль – мерей-той ғана емес, талқылауда айтылар түп-қазық ойлардан қорытынды жасап шығатын ашық алаң жер екенін ұмытпау керек.
-Фестиваль кезінде сыншылар тарапынан келесі фестивальдің формасын өзгерту керек шығар дегендей ойлар айтылды.
-Фестиваль барысында өткен дөңгелек үстелде баяндама жасаған театр танушылар өзекті мәселелерді қозғай отырып арасында бір жақсы ой айтты, «келесі фестивальге осы фестиваль біткен күннің ертесінде дайындықты бастап кету керек» деп. Бұл бекер айтылған жоқ, мұны ұйымдастырушылар мұқият ескергені дұрыс. Алдағы уақытта фестивальдің аясын кеңейту мақсатында барлық спектакльдер Отарбаевтан болмай-ақ қойсын десе, (яғни 50/50 болуы) онда фестивальдерде жиі жүріп бірнеше жүлделерге ие болғандарды кешке дейін қатыстыра бермей, жаңашыл бағыттағы театрларға да жол ашу қажет. Егер жоқ, тек бір автордың шығармаларынан тұру керек десе, онда сахнаға сұранып тұрған әңгіме-повестерді сұрыптап алып театрларға ұсыну керек. Театр ішінен инсценировкаға тісі бататындар болмаса, сахналық нұсқасын сауатты жасайтын адамдарға беріп, оны өңдеп-жөндеп, қысқасы, театр жетекшілерімен бірлесіп жұмыс істеуді барынша күшейткен абзал. Режиссерлер бір жазушының барлық шығармаларын оқиды деп айта алмаймын. Жақсы шығармалардың барын көбісі білмей қалып жатады. Сондықтан, Рахымжан ағаның әлі де көпшілік біле бермейтін шығармаларын насихаттауда артындағы жоқтаушылары мен театр ұжымы ынта-ықыласты одан ары арттыра түссе екен дейміз. Бұрын-соңды қойылмаған тың туындылардың жарыққа шығуымен қатар, олардың көркемдік сапасының деңгейіне бақылау жүргізер болса, онда фестивальдің басты жаңалығы да сонда болмақ. Сол себепті, ертелі-кеш бөлінетін қаржыны күтіп отыра бермей, ерте бастан іске көшсе, екі жылдың ішінде тау қопарып тастауға болады. Ал, бір жыл бос жүріп, екінші жылы ақырындап қозғалып, тақалғанда қысыр биедей тулар болса, онда мұның бәрі бекер әңгіме деп ойлаймын.
Жарас, рұқсат етсеңіз, осы жерде мен бір мәселені көтере кеткім келіп тұр. Біз өз драматургтеріміздің маңызы мен қажеттілігін жіті түсіне алмай жүргеніміз өкінішті жағдай. Оның бір қызығы – шет елдің шығармаларын қазақшаландыруға шеберміз де (атауы, кейіпкерлердің аты, костюмдері, портреттік гримдері дегендей), ал, қазақы дүниелерді батысқа, еуропаға ұқсатуға құмар боп бара жатырмыз.Бізде осы бәрі керісінше. Түрлі жанрлардың дамуына үлесін қосқан, қосып жүрген жазушы-драматургтердің еңбектерін бүгінгі режиссерлер көкпарша тартқылап ту-талақайын шығарып жатыр. Әр автордың суреткерлік стилін сақтап қалу жағы сирек. Қойылымына жаңашылдық қосу үшін, міндетті түрде Шекспирдің бассүйегін сындырып, Чеховтың бел-омыртқасын опырып, Әуезовтың аяқ-қолын шабу керек. Біреудің шығармасын аяусыз соққыға алып жарақаттап жатса, «о, қандай жаңалық, міне, инновация» деп оларды одан бетер желпіндіртіп даурығуды қояр емеспіз. Яғни, спектакльді дұрыс ұқпай шықсақ, оны кемдік емес кемелдік деп ұғатындар көбейді. «Бір нәрсе ғып түсініп алыңдар» деп өзіне ғана түсінікті дүниені өзгеге ұсына салу ұтқырлық емес. Түсініксіз композицияларында жүрген үзік-үзік ойларды жалғай алмай отырған халықтың не жазығы бар?!
Меніңше, кез келген туындыны қандай бағытпен көрсетем десе де, ол көрушіге түсінікті болу керек деп есептеймін. Ал, абстрактылы тұрғыдан түсініксіз түсіндіру түбірімен қате көзқарас. Әрине, әр театр, әр режиссер нені қоям десе де және оны қалай қоям десе де өз еркілерінде. Дей тұрғанымен, қай автордың кейіпкерін сахнаға алып шықса да, сол бейненің тарихи, этнографиялық және заманауи нақтылығын сақтаса екен дейміз.
-Рахымжан ағаның ең салмақты шығармасының бірі «Бас» романы еді. «Бас» та сахналанған болатын. Көрдіңіз бе?
-Режиссер Ж.Телтаевтің «Бас» спектаклін Астана қаласында көрген болатынмын. Маған қатты ұнады. Махамбеттің басы арқылы қоғамның кемшіліктерін ашып көрсете білген режиссердің сахналық шешіміне жақсы деп баға беруге негіз бар дүниені бір кездері Алматы қаласына іс-сапармен барғанда оны қойдыртпай тастапты, қазір тіпті репертуардан түсіп қалған көрінеді. Мазмұн мен идея формасы жағынан жақсы шешілген бұл қойылымды қайта қалыпқа келтіру керек деп ойлаймын. Махамбет Өтемісұлы атындағы театр – батыр рухты Махамбеттің болмысынан оқшау қалғаны қисынсыз секілді.Рахымжан ағаның бұл драмасы да, кейін кеңінен тарқатылып жазылған романы да мазмұн жағынан байып отыратын тамаша шығарма. Материалда тіршілік бар. Жоғары жақтағылардың далбаса тірлігін ерекше шиеленіске әкеле білген Р.Отарбаевтың осы «Басы» және С.Жүнісовтің «Крассворды», Е.Әлімжанның «Жанұраны», Р.Мұқанованың «Мысықтар патшалығы» тағы басқа қаламгерлерді атар едім. Бұл жазушы-драматургтердің шығармаларында тексіздерге бей-жай қарай алмайтын шыншылдық бар. Ал, ол шындықтан қашпау керек. Мұндай уытты шығармаларының тағдыры өсіп-өркендеп табысқа жетсе екен деп тілеймін.