Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 24 Қараша 2023

Кенже қызды пойыздан түсіру операциясы

Назарбаева
Фото: из открытых источников

Әлия Назарбаеваның «бизнес империясы» біртіндеп ыдырап жатқан сияқты. 

Бұған дейін утилизация бағдарламасы арқылы ұлан-асыр пайда тапқан «ӨКМ операторы» ЖШС жабылған. Енді темір жолдан теңге сорған компаниясының басына күн туып тұр. «Қазақстан темір жолы» АҚ желтоқсанның бірінен бастап Instant Payment ЖШС-мен серіктес болмайды.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, келер айдан бастап пойыз билетін басқа компания онлайн сатады. Бір қарағанда бәрі дұрыс көрінуі мүмкін, жаңа Қазақстан ескі Қазақстанның еркелерін ойыннан шығарып жатқандай әсер қалдырады. Бірақ кенже қызды «пойыздан түсіруге» екі жылға жуық уақыт кетті. Қаңтар оқиғасынан кейін ҚТЖ басшылары ет қызумен «онлайн билет сату қызметін Назарбаевадан тартып алғанын» хабарлады. Бірақ бұл қолдарынан келмепті. 2022 жылы ақпанда бұзылуы тиіс болған келісімшарт әлі күшінде тұр. «Инстант Пейментс» онлайн сатылған әр билеттен әлі комиссия алып отыр.

Нұрлан Сауранбаев Instant Payments компаниясымен келісімшартты бұзу процесі неге сонша ұзаққа созылып кеткенін кіші қыз кетсе, ҚТЖ-ның онлайн билет сату қызметі тұралап қалуы мүмкін деген уәжбен түсіндіріпті. ҚТЖ басшысы журналистерге берген сұхбатында: «Осы мәселе туындаған кезде сіз айтып тұрған акционер (Ә.Назарбаева – ред.) компания акционерлері құрамынан шықты. Яғни қазір ол жоқ. Аталған компаниямен келісімшартты қазір-ақ бұзуға болады. Бірақ одан кейін біз онлайн сатып алу қызметін ұсына алмай қаламыз. Демек, оны бірден жұлып алып тастау мүмкін емес. ...Бұл процесс 1 желтоқсанда аяқталады», – деп жауап берді.

Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша, Instant Payments ЖШС 2011 жылы құрылған. ҚТЖ-мен онлайн билет сату қызметін ұйымдастыру жөнінде 2014 жылы қыркүйекте келісімшартқа отырды. Келісімшарт 9 жылға, 2023-тің 31 желтоқсанына дейін жасалған. Осы аралықта ҚТЖ сатылған әр билет үшін компанияға комиссия төлейді. Тариф келісім мерзімі біткенше өзгермейді. Сол бойынша есептесек, Instant Payments тек комиссияның өзінен 9 жылда 5,7 млрд теңге табыс табады екен. Мұның сыртында Назарбаеваның ұжымы өзге агрегаторлық компаниялармен электронды билет сату жөнінде келісім жасап, олардан да табыс алып отырды. Атап айтқанда, жолаушы пойыз билетін ҚТЖ сайтынан (bilet.railways.kz) алса, оның 12-18 теңгесі Instant Payments қалтасына түседі. Ал билет Aviata, Tickets.kz сияқты агрегаторлар арқылы сатылса, кенже қыздың компаниясы қосымша 44,8 теңге алады. Демек, Instant Payments әр билеттен 56,8-62,8 теңге пайда көреді. ҚТЖ жылына 15-20 миллион билет сатады, оның жартысы онлайн өтеді. Демек, делдал компания жылына шамамен 300-500 миллион теңге табады деген сөз. Компания агрегаторлардан алатын 44,8 теңге комиссияны азсынып, 2022 жылы ақпаннан бастап оны 67 теңгеге көтеруді жоспарлапты. Бірақ Қаңтар оқиғасы бұл жоспарды аяқсыз қалдырды.

Instant Payments ЖШС ҚТЖ-дан бөлек «Қазақтелеком» АҚ-ға да дәл осындай делдалдық қызмет көрсетумен айналысты. Мұнда компания тұтынушы «Қазақтелекомға» төлеген ақшадан 2% комиссия алатын. Бірақ Назарбаева ұлттық байланыс операторынан сәл ертерек «айырылды». «Қазақтелеком» «Инстант Пейментспен» келісімшартты 2022 жылы 27 мамырда тоқтатқан.

Instant Payments бұл салаға өзге «ойыншыларды» жолатпай, монополиске айналған компания. 2018 жылы электронды билет сататын агенттер компанияның монополиялық жағдайын тексеруді сұрап, шағым түсірді. Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тексеріс жүргізіп, «Инстант Пейментс» 2014-2018 жылдары монополияға қарсы заңды бұзып, 79,6 млн теңге табыс тапқанын анықтады. 2018 жылы 17 сәуірде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты компанияға 2,3 миллион теңге айыппұл салды.

2022 жылы сәуірге дейін «Инстант Пейментс» құрылтайшысы Әлия Назарбаева, директоры Диас Мәдіғожин болды. Содан кейін ЖШС Мәдіғожиннің меншігіне өтті. Бұған Қаңтар оқиғасы әсер еткені анық. ҚТЖ басшысы өз сөзінде компаниямен келісімшартты бұзу туралы мәселе қозғалған соң Назарбаева ЖШС акционерлері қатарынан кеткенін айтып қалды. Сәйкесінше, келісімшартты бұзу мерзімі 1 жыл 10 ай кешікті. Осыған қарап біздің көз алдымызда мынадай «сауда сценариі» көлбеңдейді. «Қаңтардан» кейін ҚТЖ Назарбаеваның аты аталатын компаниямен келісімшартты бұзбақ болады, қолдағы ен байлықтан ерте айырылғысы келмеген кенже қыз шенділермен келіссөз жүргізіп, қағаз жүзінде Instant Payments-тен кетеді. Сөйтіп, 2014 жылғы келісімшарт күшінде қалады. Елге келісімшартты мерзімінен бұрын бұздық деп «мақтану» үшін келісімді 2023 жылы 31 желтоқсанда емес, 1 желтоқсанда тоқтатуға уағдаласады. «Өгіз де өлмейді, арба да сынбайды». ҚТЖ Назарбаевамен келісімшартты бұздық деп есеп береді, Назарбаеваның да есебі түгел, ақшасы қалтада...

Instant Payments ЖШС ресми сайтында «жаңа технологияларды пайдаланып, сату желілерін ұсынатынын» жазыпты. Компания серіктесі деген бағанда ҚТЖ әлі тұр. Бұрын тізімде болған «Қазақтелекомды» алып тастапты. Компанияға хабарласып, ҚТЖ-мен келісімшарты туралы сұрадық.

«Біздің компанияның «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен келісімшарты қазір күшінде, ол 1 желтоқсанда аяқталады. Содан кейін бірге жұмыс істемейміз. ҚТЖ өткізген пойыз билетін онлайн сату құқығына үміткер компаниялар арасындағы конкурсқа да қатысқан жоқпыз. Біздің басқа жобаларымыз, жұмыстарымыз бар, сол үшін өз еркімізбен конкурсқа қатысудан бас тарттық. Бізге ешқандай шектеу немесе қысым болған жоқ. Қазір «Қазақтелеком» АҚ-мен де бірге жұмыс істемейміз, олармен келісімшартты сәл бұрынырақ бұздық. Біздің компанияның қазір Әлия Назарбаеваға еш қатысы жоқ, ол кісі акционерлер қатарынан шығып кеткен», – дейді Instant Payments ЖШС техникалық директоры Айман Тайшыбекова.

Тағы бір назар аударатын мәселе – Әлия Назарбаева елде маңызды жобалар жүзеге асардан бірер жыл бұрын сол салада жұмыс істейтін компания құрады екен. Мысалы, біз сөз етіп отырған Instant Payments ЖШС 2011 жылы құрылып, 2014 жылы бүкіл елдегі пойыз билетін онлайн сату құқығына ие болған. Ашық конкурс өтсе, мұндай ірі қызметті тіркелгеніне көп болмаған компания ала алмас еді. Сондай-ақ 2016 жылы Қазақстан үкіметі утилизация бағдарламасын іске қосты. Бұл аса ірі көлемде ақша айналатын алпауыт жоба болатын. Бұл жобаға 2015 жылы 30 қарашада құрылған «ӨКМ операторы» ЖШС жауапты болды. Бұл компанияның да әу бастағы жалғыз құрылтайшысы Әлия Назарбаева болатын. Кейін кенже қыздың күтушісі делінетін Шынар Мұқтарова есімді азаматтың иелігіне өтті. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл ұжымның да басына бұлт үйірілген. Басшылары шетінен сотталды. Назарбаеваның рөлінде жүрген Мұқтарованы БАӘ-ден ұстап әкелді. Сол кезде жаңа Қазақстан жақсы жұмыс істеп жатқандай, жазықтылар жауапқа тартылатындай көрінген. Бірақ «күтуші» шартты жазамен құтылды. Осыған қарап жұрт Назарбаеваға қазірше жаңа Қазақстанның шамасы жетпейтін сияқты деп жүр.

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапиге хабарласып, биліктің Әлия Назарбаеваға қатысты ұстанымы қандай екенін сұрадық.

«Бұл ескі Қазақстаннан қалған әдет деп ойлаймын. Қоғам тарапынан қысым болған соң Әлия Назарбаеваның компаниясымен келісімшартты бұзамыз деп мәлімдеме жасады, бірақ жеме-жемге келгенде баяғы қорқыныш пен үрейдің салдарынан уәделерінде тұра алмады. Сол үшін істі осы күнге дейін созып келді, қоғам қысымы және басқа себептермен сол уәдесін орындауға енді кірісіп жатқан шығар. Бұл істің мән-жайы маған беймәлім, сол үшін екі тарап арасындағы келіссөз қалай өрбігені жайлы сырттан тон піше алмаймын. Бірақ кейінгі кездегі ескі Қазақстан өкілдеріне қарсы жүріп жатқан сот процестеріне қарасақ, бұрынғы олигархтарға, Назарбаевтың отбасы маңындағы азаматтарға «байлықты өз еріктеріңмен елге қайтарыңдар» деген ұсыныс жасалған сияқты. Мұндай ұсыныс барын көзімізбен көрмесек те, қоғамда болып жатқан әрекеттер соны білдіреді. Мысалы, Қайрат Боранбаев заң орындарымен процессуалдық келісімге келіп, белгілі мөлшерде капиталын қазынаға қайтарып берді. Басқа тұлғаларға қатысты да осындай процесс жүріп жатқан шығар.

Ал Шынар Мұқтарованы ит өлген жерден елге экстрадициялап алып келіп, сонша уақыт тергеу жүргізіп, соңында 7 жыл шартты жазаға кескені күлкілі жағдай болды. Жеті жыл шартты жаза дегенді бұған дейін естімеппін. Мен білетін ең ұзақ шартты жазаға кесілген адам Абылай Мырзахметов, ол 5 жылға осындай жазаға кесілген. Осыдан-ақ біздің тергеу органдары Әлияға қатысты әлі батыл әрекетке бармай отырғанын байқауға болады. Билік тарапынан үлкен саяси шешім күтіп отырған болуы мүмкін. Негізгі заң бұзылған жағдайда прокуратура болсын, басқа органдар болсын ешкімнің рұқсатын сұрамай, іс қозғауға міндетті. Оның әрқайсысына байланысты президент немесе басқа жоғары лауазымды тұлғаның тапсырмасын күтіп отырмау керек. Заң бойынша әрекет етіп, қылмыс жасаған адамды жауапқа тарту қажет. Бірақ біздің шенділер әлі ескі Қазақстаннан қалған тәртіп бойынша жасқанып, жоғары жақтың нұсқауын күтіп отыр. Жауапты органдар Назарбаевтың отбасына қатысты қауырт әрекетке әлі барған жоқ. Жоғары жақтан ишара күтіп жүрген сияқты. Елде ескі Қазақстан өкілдерінің заңсыз әрекетін тергеу, заңсыз активтерді қайтару жұмысы мемлекеттік деңгейде жүріп жатқан жоқ. Біздің тергеу, тексеру жасайтын органдар түгел қорқақ, болбыр. Олар мемлекеттік мүддені емес, жеке адам мүддесін ойлап, елдегі ең маңызды мәселеге кедергі келтіріп отыр», – дейді депутат.

«Қазақстан темір жолы» төңірегінде дау-дамай көп. Барар жеріңе бір апта бұрын билет таба алмайсың. Кассада билет қалмайды. Ал ақысын еселеп төлесең, вокзал жағалаған делдалдар қалаған уақытқа билет тауып береді. Оның үстіне ҚТЖ-ның қызмет көрсету сапасы да сын көтермейді, өткен ғасырдан қалған күркілдек пойыздарға отырудың өзі қиын. Барар жеріңіз ұзақ болса, нағыз жол азабын тартасыз. Онсыз да тұралап тұрған саланы Назарбаева бастаған монополистер батпаққа тіпті батыра түсті. Кенже қыз пойыздан түсіп қалғанмен, бұл тығырықтан шығу оңайға соқпайтын шығар.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: