“Кет демейміз”: Дональд Трамп жаңа ойын бастамақшы

Трамп әкімшілігі мигранттарға арналған реалити-шоу жасауды жоспарлап отыр.
АҚШ-тың президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мигранттарға арналған ерекше реалити-шоудың концепциясын талқылауда. Жобаның негізгі мақсаты — қатысушылардың Америка азаматтығын алуына мүмкіндік беру. Алайда бұл оңай тапсырма емес: шоу барысында қатысушылар «нағыз америкалық» екенін түрлі сынақтар арқылы дәлелдеуі тиіс.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау аясында қатысушыларға, мысалы, алтын іздеу, жабайы табиғатта өмір сүру немесе ескі Ford автокөлігін бөлшектеп қайта жинау сияқты тапсырмалар берілуі мүмкін. Әр апта сайын бір қатысушы шоу ережесіне сай жобадан шығып отырады. Соңына дейін шыдап, барлық сыннан сүрінбей өткен адамға Америка азаматтығы беріледі.
Шоудың идея авторы, продюсер Роб Уорсоф бұл жобаны әзіл-шыны аралас сипаттап, «Бұл – мигранттар үшін “аштық ойыны” емес. Біз ешкімге “жеңіл жолмен азаматық ал” деп жатқан жоқпыз», - деді.
Ал АҚШ Ішкі қауіпсіздік департаментінің өкілдері бұл идеяны қолдап, шоу американдық патриотизмді дәріптеуге, азаматтық жауапкершілікті күшейтуге және көші-қон процесіне жаңа серпін беруге ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.
Әзірге бұл жобаның нақты іске асу мерзімі немесе қай телеарнадан көрсетілетіні белгісіз. Алайда идеяның өзі қоғамда қызу пікірталас тудырып, көші-қон саясатына креативті көзқарастың үлгісі ретінде қарастырылып отыр.