Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:03, 26 Наурыз 2025

Қилыбайдың шаңырағы алтын, керегесі күміс киіз үйі

Қилыбай Нұрдәулет
Фото: Жас Алаш

Ақтау қаласы әкімдігінің әр данасы 6,75 миллион теңгеден 12 киіз үй сатып аламыз деген жоспары іске аспайтын болды.

Қала тұрғындары әлеуметтік желілерде әкімдік жариялаған тендерге наразылық білдіріп, үйдің бағасы негізсіз жоғары екенін айтып, шу көтергеннен кейін Маңғыстау шенділерінің тәбеті басылды. Іске прокуратура араласып, тендер тоқтатылды.

13 наурызда Ақтау қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі 81 млн 428 мың теңгеге тендер жариялады. Алайда прокуратураның тексерісі көрсеткендей, дәл осындай киіз үйлер нарықта 1,5-2 миллион теңге шамасында сатылып келеді. Аталған сома тендерде ұсынылған бағадан бірнеше есе арзан. Қала тұрғындары осы қаражатты көше жөндеу жұмыстарына, тазалықты қамтамасыз етуге немесе ұзақ уақыт бойы аяқталмай тұрған құрылыстарды аяқтауға жұмсау қажет екенін айтқан. Әлеуметтік желілерде «Киіз үйлер мерекеден кейін қоймаларда шаң басып, шіріп тұрады, ал қаланың инфрақұрылымы назардан тыс қалып отыр» деген пікірлер көптеп жазылған. Енді тендерді тексерген прокуратура кінәлілер жазаға тартылады деп мәлімдеді. Бір қызығы, бұған кінәлілерге қандай жаза қолданатынын әкімдіктің өзі шешеді екен.

1

«Әкімдік қызметкерлеріне біздің өтінішімізді қарауға бір ай уақыт бар. Содан кейін олар осы соманы белгілегендерге қандай шара қолданғаны туралы жазбаша жауап беруі қажет. Іс-әрекеттерді тәртіптік комиссия қарайды. Қысқаша айтқанда, кінәлілерге қандай жаза тағайындалатынын қала басшылығы шешеді», – деді Ақтау қалалық прокуратурасының қоғамдық мүддені қорғау жөніндегі прокуроры Альберт Есмурзаев.

Бұл киіз үйлер не үшін сатып алынады?

Маңғыстау облысы биыл «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, мәртебелі атақты жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отыр. Өңір билігі жыл бойы түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға 2,5 миллиард теңге қаражат бөліп қойған. Мұндай мол қаржының буы қойсын ба, киіз үйді үш есе қымбатқа алып жіберейік десе керек. Киіз үй жоспары өтпей қалған соң, қоғамда бұл қаражаттың тиімді жұмсалатынына күмәнданушылар көбейе түсті. «Ақтау қаласының өзекті мәселелері шешімін таппай жатқанда, әкімдік ақшаны мәдени шараларға шашып, аймақтың шынайы қажеттіліктерін елемей отыр» деген сын айтылып жатыр.

Енді мәдени астанаға жоспарланған іс-шараларға тоқталып өтейік. Оның ішінде би фестивальдері, қолөнер көрмелері, дәстүрлі музыка байқаулары мен ұлттық спорт жарыстары бар. Әрине, мәдениетті насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу маңызды. Бірақ бұл шараларға бөлінген қаражаттың бір бөлігі өңірдегі қордаланған мәселелерді шешуге бағытталса, халыққа әлдеқайда пайдалы болмас па еді? Мысалы, Ақтау қаласында ауыз су мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Жаз мезгілінде тұрғындар ауыз судан тапшылық көретінін айтып, жиі шағымданады. Ауылдық жерлерде сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырғандар бар. Былтыр 16 желтоқсанда Ақтау тұрғындары судың болмауына байланысты көшеге наразылыққа шықты. Бұдан бөлек, жолдардың сапасы сын көтермейді. Жаңбыр жауса, көшелер ми батпаққа айналады. 2,6 млрд теңге бөлінген жол уақытында салынып бітпейді, ал трассаға төселген битумның сапасы әлдеқайда нашар болып шығады.

Маңғыстауда экология мәселесі де өзекті. Еліміздегі мұнай магнаттарының бірі Бахаридин Әбіләзімовқа қарайтын «Қазфосфат» компаниясының дауы жыл сайын өршіп келеді. Себебі өңір тұрғындары жылда осы кәсіпорыннан шығатын азот иісінен зардап шегеді. Ал 30 жылдан бері шешім табылмай келе жатқан, мемлекеттен сол үшін 50 млрд-қа жуық қаржы бөлінген «Қошқар ата» радиоактивті қоймасының өзі бір мақалаға жүк болатын проблема. Жалпы, Маңғыстауға байланысты айтылатын мәселе мұнымен ғана бітпейді. Біз өзекті мәселелердің бір парасын ғана тізіп өттік. Осы жерде «аймақтың инфрақұрылымдық мәселелері шешілмей жатқанда, миллиардтарды мерекелік мәдени шараларға жұмсау дұрыс па» деген сұрақ туындайды. Өңірге келетін туристер үшін, әрине, әдемі безендірілген қаланың маңызы зор, бірақ жергілікті халық үшін ауыз су, жол, экология мәселесі маңызды болатыны анық. Себебі келген қонақтар аймақтың қордаланған мәселесін өздерімен бірге алып кетпейді. Онымен бетпе-бет қалатын облыс тұрғындары ғана. Оның үстіне, сырты жылтырақ, науқандық безендірулер турист тартады дегенге сенудің өзі қиын. Ал кешегі киіз үйге байланысты даудың өзі Маңғыстау шенділерінің қаражатты қалай жұмсайтынын көрсетіп тұрған жоқ па?! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың болымсыз жиындарға, тойларға ақша шашпау туралы айтқанына көп бола қойған жоқ, оны облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұмыта қоймаған болу керек. Әлде, түркілердің астанасы (уақытша!) болатынын естігенде, Астана жақтың пәрменін естен шығарып алды ма екен?

Әкімдік не дейді?

Jas Alash аталған наразылыққа байланысты Маңғыстау облысы әкімдігіне хабарласты. Бірақ әкімдік өкілдері бізді қалалық әкімдікке сілтеді. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов әлеуметтік желі арқылы талқыланып жатқан киіз үйлерге қатысты мәселеге түсінік берді. Бұл киіз үйлер 2025 жылы Ақтаудың «Түркі әлемінің астанасы» болып таңдалуына байланысты ұйымдастырылатын халықаралық іс-шаралар үшін қажет екенін мәлімдеді.

«Көршілес елдерден көптеген қонақ келеді. Сондай-ақ ұйымдастыру талаптары жоғары, себебі іс-шаралар тек қала немесе облыс деңгейінде емес, жалпы Қазақстанды таныстыру мақсатында өтеді. Киіз үйлер заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Алайда әлеуметтік желі қолданушылары ұсынған арзан нұсқалар белгіленген стандарттарға сәйкес келмейді», – деді Жақыпов.

Жағдай ушығып бара жатқасын қала әкімі Әбілқайыр Байпақов бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желі арқылы жауап берген. Әкімнің қысқа жауабынан ұққанымыз, Түркі әлемінің мәдени астанасына байланысты іс-шаралар халықаралық деңгейде сапалы өтуі керек екен. Соған байланысты киіз үйлерде қолөнершілер жәрмеңкесі өтетін болып, осы мақсатта киіз үйлерді арнайы тапсырыспен жасату жоспарланған. Ал әкімдіктің баспасөз хатшысы Мереке Мұсаевтан бұл жауаптар бізді қанағаттандырмайтынын айтып, «мұндай қымбат бағада тендер жариялауға не себеп болды, оны қандай критерийлерге сүйеніп жарияладыңыздар» деген сынды бірнеше сауалымызды жолдадық. Әкімдік өкілі аталған сауалымызға «заңмен бекітілген уақытта жауабын аласыздар» деп қысқа қайырды.

Дау болған киіз үйлер қанша тұрады?

Jas Alash Қазақстан нарығындағы киіз үйлердің бағасын зерттеп көрді. Киіз үйді тапсырыспен жасайтын бірнеше адамға хабарластық. Олармен сөйлесіп білгеніміз, қазіргі нарықта киіз үйді темірмен жасату шамамен 350 мың теңге тұрады екен. Бұған сыртқы безендіру кірмейді, тек ішкі көріністері ғана енеді. Әділ есімді азамат бес қанатты үйлерді 390 мың теңгеден жасап беретінін айтты.

«Алты қанатты үйлер 460 мың теңге, сегіз қанатты үйлер 560 мың теңге. Өзіміз тегін жеткізіп береміз. Ал бұған ішіндегі жасауларын қосатын болсақ, шамамен 1-1,5 млн теңгедей болады. Жалпы 10 шақты киіз үй алатын болсаңыз, әрине, бағасы түседі», – дейді Әділ.

Маңғыстау шенділері арзан нұсқалары біздің стандартқа сәйкес келмейді деп айтқасын, біз, бәлкім, сапалы киіз үйлер бұл бағадан да қымбат болар деп тағы бір Алматыдағы киіз жасау орталығына хабарласып көрдік. Өзін Аида деп таныстырған кәсіпкер қазіргі тілмен айтқанда vip үйлердің бағасын айтып берді.

Киіз үй
Аиданың тапсырыспен жасайтын киіз үйлері

«Киіз үй толық жасауымен болсын десеңіз, 2,5 млн теңгедей болады. Сіз көріп тұрған суреттегі үйлердің бағасы осындай. Ал сегіз қанат үйлердің ең жақсысы, сапалысы 3,8 млн теңге. Егер бірнеше киіз үйге тапсырыс беретін болсаңыз бағалар мұндай емес, келсеңіз келісеміз», – дейді ол.

Демек, тапсырыспен сырты мен іші көздің жауын алатындай киіз үйге тапсырыс беру шашамен 1-2 млн теңгенің айналасында, ең қымбат болғанда 4 миллионнан аспайды. Бүкіл мүлік-мүкәммалымен. Жеткізу – өздерінен және. Сірә, Қилыбай мен Байпақов ағайынды шаңырағы алтын, керегесі күміс киіз үймен таңырқатпақ болған сыңайлы.

Маңғыстаудағы түсініксіз тендерлер

Маңғыстауда бюджетті игеру әдісі, экологиялық жағдай мен инфрақұрылым мәселелері жергілікті тұрғындардың ашу-ызасын жиі тудырады. Киіз үй өңірдегі тендерге қатысты туып отырған алғашқы наразылық емес. Наурыздың басында Ақтау қаласында құны 891 миллион теңгеге бағаланған жерасты қоқыс контейнерлерін орнату жобасы қоғам наразылығына байланысты тоқтатылған. Бастапқыда 5 наурызда басталуы тиіс болған тендер он күнге созылады деп жоспарланған еді, алайда тұрғындардың қатты сыны бұл бастаманы тоқтатуға алып келді. Қарапайым қоқыс жәшіктерінің өзі 20-30 есе арзан тұратынын ескерсек, 4,6 миллион теңгеге бағаланған контейнерлердің тиімділігіне күмәнмен қарағандар көп болды. Себебі Ақтауда 2021 жылы орнатылған контейнерлер әлі күнге дейін пайдаланылмай келеді. Ал осы көлемдегі қоқыс контейнерлері қазіргі күнде 250 мың теңгеден сатылып жатқаны жасырын емес. Тіпті мұнай сақтайтын резервуарлардың сапалысы 3 млн теңге айналасында тұрады.

1

Бұдан бөлек, 19 ақпанда Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаменті 1 млрд 348 млн 214 мың теңгеге 1 дана өрт сөндіру көлігіне тендер жариялады. Шетелде мұндай көліктердің бағасы 350 мың доллардан басталады. Бірақ бұл тендерді кім жеңіп алғаны туралы мәліметті кездестіре алмадық.

P.S. Аталмыш тендерлер Қазақстандағы мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі проблемалардың бір көрінісі ғана. Бұған дейін де осындай даулы тендерлер қоғам арасында резонанс тудырып тұратын. Мысалы, былтыр Павлодар әкімдігі әуежайға арнап 64 478 000 теңгеге 2 жүк көлігін сатып алуды жоспарлаған. Кейіннен белгілі болғандай, көліктердің бағасы 2 есе арзан болған. Ал 2022 жылы Қызылорда облысындағы шенділер сүт сатып аламын деп күлкіге қалғаны бар. Шиелі аудандық білім бөлімінің басшылығы 14,5 миллион теңгеге бір литр сүт сатып алуды жоспарлап, жоспары жүзеге аспай қалған еді. Айта кетерлігі, мұндай ақылға қонымсыз тендерлер өте көп. Бұлардың жиі жариялана беретін себебі әкімдік шенділерінің дер кезінде жазаланбайтыны болар. Халық көрмей қалса бағы, өткізіп жібереді. Көріп шулайтын болса, «біз дұрыс есептемеппіз» деп алып тастай салады. Ғажап емес пе?

Айтпақшы, «Жас Алаш» аталған тендерлерге байланысты Маңғыстау әкімдігі және Маңғыстау төтенше жағдайлар департаментіне ресми сауал жолдады. Алдағы уақытта бұған қатысты жауаптарын жариялайтын боламыз. 

Тұрсынбек БАШАР