Ким Чен Ын: КХДР әрқашан Ресейді қолдайды

Солтүстік Корея басшысы Ресейді қолдайтынын және оның ядролық әлеуетін арттыруды жалғастыруға ниетті екенін айтты.
Солтүстік Кореяның президенті Ким Чен Ын Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдайтынын айтты.
«КХДР армиясы мен халқы КХДР мен Ресей Федерациясы арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы шартқа сәйкес Ресей армиясы мен халқының өз егемендігі, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау жөніндегі әділ ісін әрқашан қолдайды», - деді ол 9 ақпанда ел армиясының құрылған күніне орай Қорғаныс министрлігіне сапары кезінде.
Бұған қоса, Солтүстік Корея басшысы ядролық күштерді құруды жалғастырғысы келеді. «КХДР аймақтағы қажетсіз шиеленісті қаламайды, бірақ аймақтық әскери тепе-теңдікті қамтамасыз ету үшін тұрақты қарсы шараларды қабылдайды», - дейді Ким Чен Ын.
Сонымен бірге Ким АҚШ, Жапония және Оңтүстік Корея арасындағы үшжақты әскери ынтымақтастықты қатаң сынға алды – оның пікірінше, бұл аймақтағы шиеленісті күшейтеді.
Солтүстік Корея 2025 жылы Ресеймен бірлесіп әзірлейтін дрондар шығара бастайды, деп хабарлады жапонның NHK қоғамдық телеарнасы өз дереккөздеріне сілтеме жасап. Телекомпанияның дереккөздерінің хабарлауынша, КХДР пилотсыз ұшақтардың бірнеше түрін әзірлеуге Ресейден техникалық көмек алып жатыр.
2024 жылдың қарашасында Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын шабуылға арналған пилотсыз ұшақтың сынақтан өтуін тексеріп, қаруды жаппай өндіру жүйесін әзірлеуге бұйрық берді, деп хабарлайды NHK.
Сонымен бірге, жапон телекомпаниясы дереккөздерінің хабарлауынша, Ресей Федерациясы КХДР-ға ядролық қару жасауда қолдау көрсеткісі келмейді. Себебі Мәскеу Пхеньянның ядролық сынақтары сияқты факторлар Солтүстік Кореяның АҚШ-пен ғана емес, көрші Қытаймен де қарым-қатынасын қиындатады деп қауіптенеді.
Америкалық соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшыларының пікірінше, «Солтүстік Корея Украинадағы соғысты өзінің әскери әлеуетін сынау үшін трамплин ретінде пайдаланып жатыр.
Осыдан екі күн бұрын Reuters агенттігі украиналық екі жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасай отырып, Солтүстік Корея Ресейге дәлірек баллистикалық зымырандарды бере бастағанын хабарлады. Бұрын олардың дәлдігі 1-3 шақырым болса, соңғы ұшырылған зымырандардың дәлдігі 50-ден 100 метрге дейін жетеді.
Әскери сарапшылардың мәліметінше, Украинамен соғысқа Солтүстік Кореяның 12 мың сарбазы қатысқан. Қаңтар айының ортасындағы жағдай бойынша, КХДР шайқаста 4000-ға жуық сарбазынан айырылды, оның ішінде мыңға жуығы қаза тапты, деп хабарлайды ВВС орыс қызметі Батыс барлау деректеріне сілтеме жасап. The New York Times газетінің хабарлауынша, солтүстік кореялық әскерлер ауыр шығынға ұшырағаннан кейін Курск аймағындағы майдан шебінен шамамен бір уақытта шығарылған. Алайда бірнеше аптаға созылған үзілістен кейін солтүстік кореялықтар Курск облысындағы белсенді әскери операцияларға қайтадан оралды, деп хабарлады 7 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский.