Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 09 Ақпан 2024

Қытай цензурасына ұшыраған қазақ романы

Жұмабай БІЛӘЛҰЛЫ
Фото: из открытых источников

Көркем шығарманың басты міндеттерінің бірі – суреттеп отырған оқиғаның қыр-сырын терең ашып көрсетіп, заманның, уақыттың бедер, белгісін тасқа қашап қалдыру болса керек.

Мұндай талап әсіресе тарихи романдарға көбірек жүктеледі, себебі тарихи шындық пен көркем образды бітеқайнастыра отырып оқиғаға арқау болған дәуірдің бет-бейнесін, оның әлеуметтік, қоғамдық кескін-келбетін айшықтап жеткізе алса мойнына артылған міндетін ада еткені.

Жазушы Жұмабай Біләлұлының «Жел шығыстан тұрғанда» романын оқып отырып тұтас бір кезеңнің тарихи, әлеуметтік жағдайына қаныққандай күй кештік. Қытайда туып-өскен. Сол жақта кәсіби жазушылықпен айналысып, түрлі көркем шығармалар жазып, үлкен атаққа жеткен қаламгердің бұл шығармасы жақында «Мазмұндама» баспасынан жарық көрді.

Тарихи романға 1950 жылдары Қытайда жүргізілген әртүрлі саяси науқан кезі арқау болады. Қытай коммунистік үкіметі орнаған соң жергілікті қазақтардың арасында «ұжымдастыру», «коммуналастыру» сияқты сая­сат­тардың қалай жүргізілгені жан-жақты баяндалады.

Роман сюжеті екі негізгі желімен өрбиді. Біріншісі, Тарбағатай топырағын, Еміл өзенінің бойын мекендеген жергілікті қазақтардың Қытай коммунистік үкіметі орнағаннан кейінгі тіршілігі. Әуелде ел арасында «жұртты коммуналастырады екен», «дүние мүлікті ортақтастыратын болыпты» деген сияқты әңгіме желдей еседі. Мұнысы кәдімгі Совет үкіметінде жүргізілген колхоздастыру, ұжымдастыру саясаты. Жергілікті халықтың қол-аяғын матап ұстаудың ұтымды тәсілі, отарлаушы елдің озбыр саясаты. Жұрттың көңілін күпті еткен де осы жағдай. 20 ғасырдың басында басталған ұрыс-керістен, түрлі соғыстан әбден шалдығып, шаршап, сіңіріне сүйеніп әрең жеткен жергілікті халық енді замана желі терістен тұрса күніміз не болады деп қамығады. Алайда жұрт­тың күдігі расқа шығады. Ақырындап басталған сая­си әрекет күн өткен са­йын үдей түседі.

Аудандық партия комитетінің хатшысы Чын Дымың, хатшының орынбасары Лау Жаң, арнайы кадр У Жымаулар Қыдырма, Айжан секілді жергілікті белсенділермен бірігіп ұжымдастыру ісін бастап жібереді. Негізгі билік, әрине, Орталық партия комитетінен арнайы жіберілген, осыған дейін небір қиын өткелектерден өткен, партиялық істе әбден ысылған қытай басшыларына тиесілі. Олар жұмысты өнімді істеу үшін айналасына белсенділерді топтайды. Ары қарайғы шаруа түсінікті, атойлап лап қою, жер-көкті жаңғырықтырған айғай, ұран. Қазақ ауылының үстіне қызыл үкімет орнату, түпкі мақсаты – отарлау сая­сатын күштеп жүргізу.

Негізі міндетті мойнына алған Лау Жаң жұмысқа бірден көшеді. Ұжымдастыруды тездетіп іске асыруға білек сыбана кіріседі. Ол үшін қатаң тәртіп орнатты, таңертең ерте келеді, кеш қайтады. Жұмыс қарбалас. Партия­ның «халық ішіне ұжымдастыруды құрудың жолы» сияқты арнайы заңдарымен танысады. Жергілікті белсенділердің «көзін ашады». Оқиға осылай өрістейді. Ал екінші сюжет – қызыл коммунист, қазақ даласына коммунизм орнатқалы келген Лау Жаң мен оның ескі досы Дылұңның өзара жазысқан хат­тары негізінде дамиды. Дылұң – Бейжің қалалық партия мектебінде жұмыс істейді, тарих ғылымының кандидаты. Ол негізінен Лау Жаңға жазған хат­тарында Шыңжанның, Тарбағатайдың, қазақтар ежелден жиі қоныстанған мекендердің тарихын, қоғамдық, әлеуметтік жағдайын тізбелеп айтып беріп отырады. Арасында «жабайы халықты қолға үйретудің» небір айла-тәсілін баян етеді. Осы арқылы қазақ арасында жүргізіліп жатқан үкімет сая­сатын бақылайды. Нұсқау береді.

Ендігі бір жайт романның жазылуы, жарық көруіне қатысты. Шығарма негізі сонау 1985 жылы жазыла басталыпты. Арада кідіріп, бөгеліп, ақыры 2010 жылы аяқталады. Романның жиырма бес жылға созылуын біз шығармашылық тоқырау немесе жазудың өнбей, кібіртіктеп қол байлауы демес едік. Біздің топшылауымызша, автор бұл шығармасын әдейі кейінге қалдырған, алдымен цензурадан іркіліссіз өтетін, ешқандай күдік-күмән тудырмайтын «Жондағы жорықтар», «Дала торғайлары» сияқты романдарын жазған. Басқа да әңгіме, хикаят­тарын жариялаған, сөйтіп әдеби ортаға танылған, өзіне тиесілі атақ-даңққа тіпті ең үлкен мәртебе – Қытайдағы аз санды ұлт жазушыларына берілетін Мемлекеттік сыйлықты еншілеген. Осыдан соң кітаптары жаппай қытай тіліне аударылып басылған. Енді бұрынғыдай емес, тұғыры бекіді, тамырын тереңге жайды. Оны-мұны желп еткен желге жығыла қоймайды. Енді сюжеті күрделі, мазмұны мүлде бөлек, ішкі ағыстары терең тарихи романды жазып жариялады. Шығарма алғаш рет 2012 жылы Үрімжідегі «Шыңжан жастар-өрендер баспасынан»
«Ж.Біләлұлының шығармалар жинағы» (он томдық) есебінде басылып шықты. Кейіннен қаламгердің таңдамалы шығармалары есебінде (алты томдық) қытай тілінен аударылып басылды. Біз дәл Үрімжідегі басылымымен әуелгі қолжазбаны салыстырып қарағанымызда, біраз «түзетулер», жұмсартулар мен «мұртын басқан» шетін жағдайлардың болғанын аңғардық. Көп емес, әрине, романның негізгі сүйегі сақталған, бірақ бірлі-жарым өткір суреттеулер, қою сюжеттер барынша «жұмсарған» немесе мүлде алынып тасталған. Ал біз романның қолжазбасы негізінде Қазақ­станда жарық көрген нұсқасын сөз етіп отырмыз.

Сонымен, ел арасында желдей ескен, жүректерін тітірентіп, көңілдерін күпті еткен «саяси науқан» ақыры басталды. 1956 жылы тамыз айының соңында «ұжымдастыру» науқаны Қытай топырағын түгел шарпыды. Орталық Пекиннен түскен бұйрық «Қытай ауыл қыстақтарында халық коммунасын жалпы беттік құру» деп аталады. Бұйрықтың тез іске асқаны соншалық, тұтас мемлекет небәрі бір ай ішінде уытты, өткір саясаттан хабардар болып үлгерді. Қытайдың қиыр батысы Шыңжанға, оның солтүстігіндегі Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріндегі қазақ ауылына да «ұжымдастыру» саясаты жетіп келді. Қытайдың ішкі провинцияларында бұл науқанды бір айда іске асырып, коммунизмнің жарқын таңына жетіп, жылы шуағына бөленіп үлгерді. Енді Шыңжан бұдан қалыспау қажет, сондықтан жергілікті басшы кадрлар, шолақ белсенділер «20 күнде Шыңжанда партия бұйрығын тыңғылықты іске асырып, «коммунизм орнатуға бекіді!». Романның Қытайдағы басылымынан қысқартылып тасталған: «...Еренқабырғаның екі тұсы заманақыр алдында көз жетер төңірекке түгел жайылған топан судың тереңіне тұншықты. Халық жанын аман алып қалудың қамына кірісті. Жансебілдеп жағаға шығуға ұмтылды. Ағыны қатты қызыл сеңге тұншыға жүріп тал қармады» деген айшықты суреттеулер Шығыстан соққан қызыл желдің екпінін дүп басып бейнелеп тұрғандай.

Партияның тапсырмасын қапысыз орындау үшін алдымен арнайы кадрлар дайындалды. Ол үшін Үрімжіден, аймақ орталығынан «партиялық тұғыры берік», әккі коммунистерді қазақ ауылдарына жіберді. Сонан соң оларға тумысынан кедей, коммунистік жүйе орнағалы көзі ашылған белсенділерді іріктеп алып қосты. Жоғарыдан келген кадрлар белсенділердің 7 күн «сауатын ашып, саяси білімін арттырды». Осыған дейінгі «Жер реформасы» сияқты саяси іс-қимылдарда жарқырап көзге түскен, кейбір белсенділерге болмашы мансап берді. Сая­си қосынның тұрағы да дайын. Ертеректе жергілікті халық өздері қаражат жинап, ұста жалдап, ағаштан қидырып салдырған он бөлмелік мектеп енді әлгі белсенді топтың тұрағына айналды.

«Керуен кері айналса ақсақ түйе алдыға шығады» дегендей, замана желі терістен соғып, дүние астан-кестең болған кезде шолақ белсенділерге, әпербақан надандарға есе теңдік тиетіні бар. Бұл жолы да қызыл үкімет иіні жарып киім киіп, қарны тойып тамақ ішпеген кедейлерді жарылқады. Күнделікті «ашылып сайрау», «байларды әшкерелеу», «төңкеріске қарсы элементтерді көрсету» деп аталатын жиналыстарда әлгі кедей, надан белсенділер сайрады-ай келіп. Тіпті
Тоқтамыс сияқты кедейлер өзінің туған қайын атасы Махмұтты «халық жауы» деп атады. Сөйтіп жедел іске көшкен қызыл саясаттың жаршылары небәрі үш күн ішінде аядай ауылдан 63 адамды «күмәнді элемент» деп танып, үстінен арыз жазып, аудандық партия комитетіне жібереді, әрі өздері әлгі 63 адамды күні-түні қатаң бақылауға алады.

Ақыры «күреске алу деп аталатын» саяси іс те жүзеге асты. Күні бойы коммунаның жұмысын істеп әбден титықтаған қара халықты белсенділер кешке шып-шырғасын шығармай жинайды. Алдымен басшылық партияның ұстанымын, нақты саяси бағыт-бағдарын айқындап, ұзын-сонар сөз сөйлейді, партияның жүргізіп отырған игілікті саясатын жан-жақты түсіндіреді. Одан соң белсенділер «үкіметке қарсы элементтерді», «коммунизм құруға кесе-көлденең болып отырған» адамдарды жұрт алдына сүйреп шығып, күреске алады. Осындай ала-құйын жиынның бірінде Бидәри дейтін кейіпкердің басына қара бұлт үйіріледі.

Кезекті жиын. Махмұт, Жәкібай, Қызырбек қатарлы «қылмыскерлермен» қатар жайбарақат отырған Бидәриді сүйреп ортаға шығарады. Бастапқыда ол кәдімгідей абдырап, не істерін білмей, қол-аяғы қалтырап қысылады. Сөйткенше болған жоқ, белсенділер тамағы қарыққанша тұс-тұстан ұран шақырады. Бидәридің көзі қарауытып, бойынан жан кете бастайды. Белсенділер «қылмыскерлерді» ұрып-соғып, сайқымазаққа айналдырады.

Осыдан соң коммунаның құрылғандығы салтанатты түрде жарияланады. Енді бүкіл халықты коммунаға кіруге, қолындағы бар мүлкін, малын, жерін, жиған-терген байлығын үкіметке өткізуге бұйырды. Бұл пәрменді бұйрықтан ықтап, жалдап құтылғысы келген, тірнектеп жиған дүниесін бір күнде үкімет­тің игілігіне өткізуге қимаған Бидәри сияқтылар бұдан ары «коммунизм орнатуға кедергі» жасаған «халық жауы» есебінде аяусыз тепкіге алынады. Ақыры ол да коммунаға бар мал-мүлкін өткізуге амалсыз көнді.

Ертесі белсенділер Бидәридің үйіне келіп, ине-сабақ жібіне шейін қалдырмай, тақыр таза етіп алып кет­ті. «Қырман басына тігілген алты қанат киіз үй іргесінен самалдап тұратын жылқы тұқымының жағымды қымыз иісі өшіп тынды. Өрістен тойып келіп төрт аяқтап көсіліп, күрт-күрт күйсеп жататын сиыр шіркіннің, тобымен күйіс қайыратын ұсақ малдың дабыры енді қайтып мүлдем естілмейтін болды». Әне, жас құмалақтың буы бұрқыраған қора ортасында состиып Бидәри тұр. Қасында «мал болмайды» деп қалдырып кеткен миына жылауық шыққан тоқты шыр айналады. Бұл – озбыр саясаттың, өктем биліктің айқын суреті. Ат үстінен түспеген қазақты «ортақтастыру» дегенді желеу етіп қалай тұқыржылатқанның бейнесі. Кетіп бара жатқан адал ақ малынан сілекей алып қалмақ болып ұмтылған, сосын жынды тоқтының басын тіліп, сүйегінің жігін ашып, миына жабысқан бармақтай жылауықты сылып алып тастап, сүйек пен теріні қайта қалпына келтіріп жатып: «Өсімтал, егіз табатын қойдың тұқымы, ұрғашы екен» деп күбірлеген Бидәридің әрекеті шарасыздықтың, амалсыздықтың көрінісі. Жазушы, міне, осы секілді ұсақ детальдармен, қарапа­йым адамдардың басына түскен түрлі ауыртпалықтармен сая­си науқанның қалай жүргізілгенін ашып көрсетеді.

Шығыстан тұрған қызыл жел уақыт өткен сайын үдей түседі. Жолында жолыққанның бәрін қидай сыпырып келеді. Ұжымдастыру саясаты байлардың мүлкін түгел кәмпескелеген соң «орта диқан», «орта шаруа» дегенді ойлап табады. Онысы қызыл үкімет орнаған соң шаруасы оңға басқан немесе бұрыннан аз байлықтың жұқанасы бар кедейден сәл күйлі малшы, дихандар. Белсенділер енді осыларға ауыз салды. Біреудің жалғыз сауын сиырын, жалғыз ешкісін, тоқты-торымын тартып алып, орталыққа жинады. Дәл осындай қызу науқан үстінде Назар дейтін белсенді шалы сал ауру болып үйден шыға алмай жатқан сары кемпір сауып отырған жалғыз сиырының бас жібіне жармасады. Кемпір Назарға үзіт болып: «тарғыл дөнежінді бұзау күнінде жиеніме ен салып беріп едім. Алыста жатқан иесі алып кеткенше ауру шалым таңдайын жібітсін, қоя бер шырағым» дейді. Бойын қызыл саясаттың желігі буған, әбден желпініп алған «коммунизмге жетпей» тізгін тартпайтын белсенділер кейуананың бұл зарын қайдан тыңдасын. Тарғыл дөнежінге қосып, ақ бүйрек қара сиырды да ала кетті. Елпілдеп бұлармен бірге кемпір де ұмтылды. Жылап еңіреп зар қағып келе жатып жолай сиырдың жас тезегіне тайып жығылды. Осы кезде көрші келіншек жүгіріп кемпірдің қасына келді. Сөйтсе: «бар ырысынан айырылған, тұтқиыл шабындыдан жүрегі қысылып есеңгірей қалған шерменде бұтына жіберіп қойыпты». Көрші әйел енді кемпірді жуындыру үшін құман әкелуге үйге жүгірді. Өң-түсі қашып қайта келді. Осы кез­де алты айдан бері сал болып төсек тартып жатқан шал жантәсілім болған-ды. «Есін жиып ала қойған кемпір бүріскен еріндерін бүлкілдетіп, қысқа қайырым иман айтты. Өліктің қорқынышты аузынан ағып келіп ұсақ сақал жапқан иекке іркіліп тұрып қалған қоймалжың сары сілекейді шеттігі қырқылған ескі жаулығының ұшымен сүртті». Міне, бұл «коммуналасу», «ортақтастыру» сая­саты күштеп жүргізілген жылдары жазықсыз шаһит болған мың сан бейуаз қазақтың біреуі ғана.

Шығарма соңында Бидәри «жиып тәрбиелеу» деп аталатын жаза лагеріне айдалады. Ал оның жары Ырысжан ауыр еңбекке жегіледі. Сөйтіп жүріп, әр кімнен қақпай көріп, аштық буынына түсіп қайтыс болады.

Бұдан кейін де Еміл бо­йын бірнеше сая­си дауыл шарпып өтеді. Соның бірі – «Болат қорыту» ісі. «Болат қорытып, әлемнің алдына шығамыз» деп ұрандаған Қытай үкіметі тұтас ел көлемінде бұл науқанды жедел іске асырады. Мұндай саяси маңызы бар істен қазақ ауылын тыс қалдырсын ба, тағы да ұран, тағы да айғай. Емілдің бойына қазан астырып, тас көмір қаздырып, ағаш отатып, «болат қорытуды» бастайды. Ол үшін шикі материал есебінде халық қолындағы ілікке жарайтын темір-терсек жиналып алынады. Содан соң оны қазанға салып қайнатып, болат өндірмекші болады. Ақыры бұл да аяқсыз, еш нәтижесіз аяқталады. Тек жойдақсыз, жүгенсіз саясаттың көзіндей болып Еміл бойында мыңдаған жер ошақтың орны қалады.

Лау Жаң партияның міндетін мінсіз орындайды. Жергілікті халықты түрлі саяси жаламен қудалайды, түрмеге тоғытады, одан қалғанын ұжымдастырып, бір қазаннан тамақтандырып, жуасытып, ноқталайды. Осы еңбегі үшін «1968 жылы аймақтың бірінші хатшысы болып тағайындалады. Дылұң суарған мол білім оны әуелде жат көрінген бұл өңірге мықтап көміп тастайды». Енді оның алдында ішкі қытайдан ағылып келген келімсектерді ел арасына сыналап кіргізіп, одан ары олардың еңсесін тіктеп, ел қатарына қосу, сөйтіп жергілікті халықты бір жола басып-жаншу дейтін жымысқы «міндет» тұрғаны анық.

«Жел шығыстан тұрғанда» романы – ежелгі қазақ топырағы, кейіннен Қытайдың боданына өткен, екі жүз жылдай Бейжіңге салық қана төлеп, еркін өмір сүріп келген қазақтардың Қытай коммунистік үкіметі орнағаннан кейінгі шетін жағдайының қанды шежіресі. Дүниенің шартарабына шашылған қазақ деп аталатын халықтың Қытайда қалған бір шоғырының басынан өткерген (әлі де өткеріп келе жатқан) зобалаңының бір парағы. Біз осы саяси науқандардың адамдар өміріне, қарапайым кейіпкерлердің тіршілігіне қаншалық зиян келтіргенін, ұлттық болмысымызды, қазақы қалпымызды қаншалық тоз-тозалаң еткенін жете түсінсек, ақтаңдақ тарихымыздың алақандай жері болмаса жамалар еді.

Жақсылық Қазымұратұлы