Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Қытайда ұсталған қазақ азаматы Әлімнұр Тұрғанбайды туыстары елге қайтаруды талап етті

Риза Әлімнұр
Фото: КМБПЧ

29 тамыз күні Алматыда Әлімнұр Тұрғанбайдың туыстары қала әкімдігі алдына жиналып, Қазақстан билігінен оны Қытайдан елге қайтаруға көмектесуді сұрады.

"Азаттық Радиосының" жазуынша, Тұрғанбайдың қызы Риза Әлімнұр қолына әкесінің суретін ұстап, "Әлімнұр Тұрғанбайға бостандық!" деп ұрандатқан. 

"Ол Қытайда 38 күннен бері жалған айыппен қамауда отыр. Ешқандай хабар ала алмадық. Бізге тек «қос азаматтық» бойынша жалған айып тағылғанын айтты. Оны мойындамаймыз. Әкем Қазақстан азаматы бола тұра еш кінәсіз қамады. Оны елге қайтарып беруді талап етеміз", – дейді Әлімнұррдың қызы.

Әкімдік өкілдері мен полицейлер Риза Әлімнұрға рұқсат етілмеген митинг өткізгенін ескертіп, жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін айтқан. Акция кезінде шенеуніктер оны плакатты жинап, ғимаратқа кіруге шақырған. Алайда ол: "Бізге жауапты адам жоқ дедіңіздер. Біздің шағымымызды тыңдадыңыздар ма? Әкемді босатпайынша плакатты алмаймын", – деп жауап қатқан Риза Әлімнұр.

Қазақстандық адам құқықтары бюросының мәліметінше, Тұрғанбайдың туыстары осымен сегізінші рет көшеге шығып, биліктің назарын аударуға тырыссқан. Бұған дейін оның әйелі, қызы және қарындасы Қытай консулдығы мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдігі алдында акция өткізген. Сол кезде оларды полиция ұстаған, кейін айыппұл салынған.

Айта кетейік, тамызда Қытай билігі шілденің соңында хабарсыз кеткен Әлімнұр Тұрғанбайдың ұсталғанын растады. Ресми жауапта Қытай тарапы Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де ҚХР азаматы екенін, елде қос азаматтыққа жол берілмейтінін мәлімдеген. Қазақстанның Қытайдағы консулдығы таратқан ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің халықаралық ынтымақтастық басқармасы оны Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмаған және автоматты түрде азаматтықтан айырылу шарттарына сай келмейтін деп таныған.

48 жастағы Әлімнұр Тұрғанбай Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған. 23 шілдеде ол жүк көлігін айдап шекарадан өткен кезде Қытай шекарасында полиция ұстағаны туралы серіктері оның жұбайына хабарлаған. Сол күннен бері туыстары одан хабар ала алмай келген.