Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 26 Шілде 2024

Кіл бастықтың таңдауы түскен олимпиада формасы. Авторы кім? Ақшасы қанша?

олимпиада формасы
олимпиада формасы

26 шілде күні 2024 жылғы Париж олимпиадасы басталады. ҚР ұлттық құрамасы мен арнайы делегация Франция астанасына аттанып кеткен. Енді олимпиада ойындары басталғаннан біткенше жаңалықтар легі толастамай, интрига көбейетіні сөзсіз. Ал негатив формадан басталып үлгерген.

18 сәуірде туризм және спорт министрлігі Париж олимпиадасына арналған киім үлгілерін жариялады. Нобайлар бірден қоғам талқысына түсіп, әлеуметтік желілерде әртүрлі реакция тудырды. Пікір білдірушілердің басым бөлігі дизайнның сәнсіз, қолапайсыз екенін айтып, комитет тарапына сұрақтарын жолдап жатты. «Мынау мектеп формасы ма? Әлде олимпиада формасы ма?»; «Мыңдаған нұсқа бар, бірақ біз дәл осыны таңдадық па?»; «Олимпиада комитеті қайда қараған?»; «Казахстан как всегда» деген мысқылдар айтылды. Тіпті желі қолданушылары жасанды интеллект көмегімен жаңа дизайндар жасап, оны министрлік таңдаған нұсқалардан әлдеқайда артық деп тапты.

Мұрат Әбенов
Мұрат Әбенов

Бұл туралы қоғам қайраткері Мұрат Әбенов:

«Бүкіл әлем тамашалайтындықтан олимпиада формасы мемлекеттің ұлттық ерекшелігін көрсетуі керек. Осы бағытта ең мықты суретші, дизайнерлер, этнографтар мен тарихшылар қатысып, ұсыныс бергені дұрыс, ортақ келісім болғаны жақсы. Бірақ биылғы формамыз көптің бірі, қонақ үй қызметкерлерінің қызметтік формасына ұқсайды. Жеңі шолақ – арзан вариант. Әрі форманың дизайнерлері белгісіз. Қанша ақтарып, іздедім. Таппадым. Бұл жауапкершіліктен қашуға алдын ала әрекет ету ме деп те қаласың», – дейді.

Кім жасады, қанша төленді?

Иә, расында дизайнер кім, кім тікті, оған қанша уақыт пен қаражат кетті деген сұрақтарды ақтарсақ, біраз қызық жайтқа тап боламыз. Алдымен бюджет мәселесіне тоқталсақ, туризм және спорт министрі Е.Маржықпаев мамырда форма тігуге бюджеттен бір тиын да алмайтынын айтқан. Барлық шығындар демеушілер есебінен өтеледі екен. Демеушінің аты-жөні өздерінің сұрауы бойынша және қайырымдылық субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құпия болып қалады-мыс. Министр тағы: «Бір форма қанша тұратынын айта алмаймын. Білмеймін» деген. Шынында да бейхабар болса керек, министрліктің де, спорт және дене шынықтыру комитетінің де ресми ресурсы формаға жұмсалған сома мен бірлік киімнің құнын көрсетпеген, ақпарат бермеген.

Оны анықтау үшін олимпиада комитетіне хабарластық. Комитет өкілі арнайы киім үлгісі мен оған тапсырыс беру, сатып алу сынды істерге өздерінің қатысы жоқ екенін, онымен министрлік айналысатынын хабарлады. Ал туризм және спорт министрлігі олимпиададан босамай жүр ме, кім білсін, мүлде байланысқа шықпады. Баспасөз қызметінен бастап, комитет басшылары мен орынбасарлары, басқарма басшылары «кабинеттерінде жоқ» болып шықты...

Сонымен, белгісіз филантроптардан келген белгісіз сомаға форма тігілді. Маусымда вице-министр С.Жарасбаев тапсырыстың толық дайын екенін, оны шілденің басында таныстыратындарын айтқан. Делегация толық киіммен қамтылған, оған спортшылардан бөлек, басқа да делегация мүшелері, БАҚ өкілдері кіреді.

Ал дизайн жағы мен тігу процесіне келсек, халықаралық аренада олимпиада формасының кескіні мен сипаты, оның сапасы мен «айтар ойы» айрықша маңызға ие. «Киіміңе қарап қарсы алады» демекші, қай ел болсын, өз құрамасын тиянақты да рухты көрсетуге тырысады, образдарға баса назар аударады. Ұлттық, мәдени, тарихи атрибуттарын алға тартып, құраманың «визиткасын» сапалы да функционалды етуге күш салады. Бұл орайда білікті мамандар, сән индустриясының марқасқалары жұмыс істейді, қоғамның пікірі ескеріледі.

Қазақстанда да солай болуы тиіс еді. Бірақ биылғы жағдайға қарасақ, бәрі керісінше. Ақпанның аяғында министрліктегі спортты дамыту дирекциясы жазғы олимпиадаға арналған форма мен қосымша керек-жарақтардың дизайн тұжырымдамасына ашық конкурс жариялады. Бірінші кезең 28 ақпан мен 10 наурыз аралығында, екінші кезең 13-15 наурыз аралығында өтіп, жеңімпаздар анықталуы қажет болған. Таңдалған дизайн авторлары бір миллион теңге қаржылай сый алады. Ал оларды іріктеп, шешім шығару арнайы комиссия құзыретінде. Алайда осы комиссияның құрамы мен міндеті үйлеспейтіндей әсер қалдырады. Осындай маңызды таңдау жасауға сала мамандары мен қоғам емес, комитет пен бөлім басшылары көбірек тартылған. Мысалы, комиссияның төрағасы – спортты дамыту дирекциясының директоры Ерлан Естек. Ал құрамында олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері, ұлттық құрама команданың спортшылары болған. Тағы жартысы шенеуніктер мен ресми спорттық ұйымдардың өкілдері. Мәселен, спортты дамыту дирекциясының директоры орынбасары, қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі, мемлекеттік сатып алулар бөлімінің басшысы, жетекшісі, дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары, спортшылар қауымдастығының басшысы, ҰОК спорт комитетінің басшысы. Бітпейтін басшылар... Одан бөлек, спорт журналисі Аслан Қаженов, мәдениет және ақпарат министрлігіндегі шығармашылық индустрияны дамыту кеңесінің мүшесі, модельер Ирина Харитонова ғана комиссияға мүше болған.

Қоғаммен санасу жағы тіпті ақсап жатыр. Бұл бағытта ұмтылыс немесе имитация болғаны рас. Бірақ шынайы пікір алмасу емес. Наурыздың ортасында форма таңдауға үлгермей, жоспардан қалып қойған министрлік айдың аяғында хабарлама жасады. Іріктеуге келген алты түрлі дизайнды ұсынып, Google-форма арқылы пікір қалдыру мүмкіндігі ашық екенін айтты. Бір қызығы – бұл қызмет тек 29 наурыз бен 1 сәуір аралығында ғана қолжетімді болды. Оның үстіне, олимпиада формасын таңдаңыздар, пікірлеріңізді ортаға салыңыздар деген ақпарат еш жерде жарияланбаған. Бейнебір ешкім көрмесін дегендей. Ал ұсынылған алты жұмысқа келсек, сән индустриясы мен тігін ісіне есімі жат Роман Ким, спорттық киімдерге бұрын-соңды қатысы болмаған Ғалия Абенова жеке-дара ұсыныс берген. Қалған төртеуі – компаниялар. Оның тек біреуі ғана спорт киімдерімен кәсіби түрде айналысатын болып шықты. Ол – BLS GROUP. Ал Vervetex компаниясы кезінде ЭКСПО-2017 ісімен 14 жылға сотталған Талғат Ермегияевтің ұлы Қазыбек Ермегияевқа тиесілі екен. Енді біреуі – 100 жаңа есімге енген модельер Айжан Жүзбаеваның, екіншісі – Франциядағы қазақ дизайнері Мәди Сыпатаевтың компаниясы. Ең қызығы – бұлардың ешбірі жеңімпаз атанбады. Сәуірдің ортасында қайтадан конкурс жарияланып, 15 эскиз қабылданған. Өйткені наурыздағы нұсқалар комиссияның көңілінен шықпапты... Сонымен, 18 сәуірде көптен күткен таңдау жасалып, жеңімпаздар анықталды. Осы кезде ведомство: «Ұсынылған материалдарда қоғам тарапынан айтылған сындар да ескерілді» деп мәлімдеме жасаған. Бірақ кімнің пікірін қалай сұрап, қашан тыңдап үлгергені белгісіз.

Жеңімпаздар ретінде «Салтанатты олимпиадалық форма» номинациясында – «Эксклюзив студио» ЖШС, «Спорттық олимпиадалық форма» номинациясында – Health & Sport ЖШС, «Ту ұстаушыларға арналған олимпиадалық форма» номинациясында – «Эксклюзив студио» ЖШС көрсетілген. Ал нақты дизайнерлердің есімі белгісіз күйі қалды. Министрлік ұнатқан бұл жұмысты премьер-министрдің орынбасары Т.Дүйсенова да жылы қабылдапты. Алайда көпшілік пікірі жоғарыдағыдай.

Кореялық тренд

Біз биылғы олимпиада формасы жайын кәсіби мамандардан да сұрап көрдік. «Құлан» отандық брендінің дизайнері Заманбек Кетебаев бүгінге дейінгі олимпиада формалары мен Париж олимпиадасының формасын салыстырып, әлемдік нұсқаларға талдау жасады.

«Париж олимпиадасындағы Қазақстан ұлттық құрамасының киімін қарайтын болсақ, ұлтымызға тән нақыш пен трендтегі кореялық заманауи стильді үйлестіруге тырысқан. Өндірістегі тәжірибеме сүйене отырып айтарым, дәл қазіргі нұсқаны тағы біраз жетілдіргенде керемет нәтиже шығаруға болар еді. Мәселен, қатайып тұрған оюларды ойнатып, түстер спектріне басқаша реңктерді пайдаланғанда қайталанбас туынды болар ма еді? Негізінен, Сидней, Лондон, Рио-де-Жанейро олимпиада ойындарындағы формалар ерекше шыққан дер едім. Алайда әдеттегі түстерден бөлек жаңа «оттеноктарды» көру де артық етпейді.

Әрине, сондай сәтсіз жұмыс деуге келмес. Бірақ әлеуметтік желілердегі пікірлерге қарап, биылғы олимпиада формасы көптің көңілінен шықпады деген тұжырым жасауға болады. Керісінше, таңғалдырған елдер де бар. Мысалы, Моңғолияның дизайны желіні жарып жатыр. Олар ұлттық құндылықтарын да көрсете білген, спортшылардың комфортын да қамтамасыз еткен. Әрі өте әдемі көрініс шығарған. Мексикалықтар да креатив пен батыл графиканы қолдана отырып, естен кетпес образ жасаған. Гаити мен Чехияның формасы да көзге түседі.

Бұрындары Қазақстанның формасын «Азия» фирмасы, Құралай Нұрқаділова мен Аида Қауменова сынды дизайнерлер жасағанын білемін. Олардың бірі – Пекин олимпиадасында үздіктер қатарынан да көрінгені есімізде. Ал биылғы формаға әлемдік реакция қандай болатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Десек те, болашақта олимпиада ойындарындағы форма мемлекетті қабылдау мен ол туралы түсінік қалыптастыруда маңызды екенін, мұның елдің имиджі екенін есте ұстаған абзал», – дейді дизайнер.

Түр-сипаты қазақстандықтарға жаға қоймаған форманың сапасы қандай екені тағы белгісіз. Үнемі айтылатын «бақыладық, ең сапалысы, төзімдісі, жақсысы» деген сөздер бұл жолы да естілді. Әйтеуір, Қытайдағы Азияда кезіндегідей аяқ киімнің табаны, футболканың туы түсіп жатпаса болғаны.

Баян Мұратбекқызы