Қоғам қайраткері Байтұрсын Өмірбеков өмірден өтті
Педагог-ғалым, өнертанушы-суретші, қоғам қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағына төрағалық еткен Байтұрсын Өмірбеков өмірден өтті.
Байтұрсын Өмірбеков 1946 жылы 14 қыркүйекте Жетісу облысының Жаркент өңіріндегі Талды (Лесновка) ауылында дүниеге келген.
Жетінші сыныпты аяқтағаннан кейін училищеге оқуға түседі. Одан кейін Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Көркемсурет-графика факультетін бітірген. Кейін сол жерде жұмысқа орналасып, оқытушы, факультет деканы болып қызмет атқарды.
1978 жылы жаңа құрылған Алматы мемлекеттік театр және көркем сурет институтының проректоры қызметіне тағайындалған. 1986 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданды. 1987 жылы «Желтоқсан көтерілісіне» байланысты проректорлық қызметінен босатылып, Кеңес Одағы Коммунистік партия қатарынан шығарылды.
1990 жылы бұрынғы қызметіне қайта қабылданып, доцент ғылыми атағын иемденді. 1994-2007 жылдары аралығында Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры болып қызмет атқарды.
1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрмет атағы берілді.
2002 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары аттестациялық комиссиясы берген «өнертану» мамандығы бойынша профессорлық ғылыми лауазымын алды. 2007 жылы Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясына мұғалімдік жұмысына ауысуына байланысты мұражай директоры қызметінен өз еркімен босатылды.
2008 жылғы 23 сәуірінде Қазақстан Суретшілер одағының XVI съезінде Суретшілер одағы Басқармасының төрағасы болып сайланды.
Байтұрсын Өмірбеков туралы жазушы Бексұлтан Нұржекеев былай деді: "Байтұрсын суретшілігі де, адамгершілігі де, өнері де, кісілігі де өте жоғары тұлға еді. Ол көп жылдар бойы Қазақстан Суретшілері Одағын басқарды. Көп жыл бойы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайын басқарды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері болды. 75 жасында үлкен көрмесін өткізді. Сол көрмеде Байтұрсынның қандай өнерпаз, қандай талантты суретші екені айқын көрінді. Көрме келушілер шын риза болды. Көбінесе үндемей салмақты ғана, үлкен толғаныста, үлкен тебіреністе жүретін адам еді. Онысы жұмыстарынан көрінетін. Соның бәрін бейнелеу өнеріне жұмсағанына көзіміз жетті. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің портретін талай суретші салды. Ал Байтұрсын оны маңдайы кең, денесі зор тұлға ретінде бейнелеп. Кіріп келгенде сонау 50-60 метр жерден жарқырап тұрғанда үлкен бір жартас секілді. Өнердегі, әдебиеттегі Мұхтар Әуезовтің жартасқа лайық суретін берді. Шәмшінің суреті қандай?! Қазақтың суретші қызы Гүлфайрус Ысмаилованың бейнесін қалай берді?! Үлкен бір кескіндемеші екені содан көрінеді. Ауылдың, туған жердің табиғаты, өзінің әкесіндей болған Әбілхан Қастеевтің портреті. Бәрі-бәрі мысал бола алады. Бұл оның іштей шымыр дайындықта жүргенінің көрінісі. Қатты риза болған едім. "Ауру алмай қоймайды" деген сөз бар. Биыл қатты ауырды да, аяғы қазаға ұшыратты. Байтұрсынның өмірден өтуі тек Жаркент өңіріне ғана емес, тұтас қазақ халқы үшін орны толмас өкініш. Ол қаншама таланттың өсуіне ықпал етті. Нағыз мемлекеттік іс. Сондай бір үлкен дәрежедегі тұлғадан айырылдық. Қазақ өнері үлкен бір шеберінен айырылды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын".