Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:47, 13 Желтоқсан 2022

Көгершіндер қайда паналайды?

None
None

Автокөлік әйнегінен зәулім үйдің алтыншы қабатына қарай-қарай мойным талды. Балконына ешкім шығар емес.

Терезеден де қыбыр еткен жан баласы көрінбеді.

Шақырған досым-тын. Екі кештің арасында хабарласып: ­

– Ертең демалыс қой. Ұйқыны әбден қандырған соң түс ауа кел, біраз серуендеп, бой жазайық, ­– деп есімді шығарған.

Енді, міне, келіскен мұғдарда таксилетіп жетіп, қоңырау шалсам телефонын алмайды. Тым-тырыс. Аман ба өзі...

Жоғарыға шығудан тартынамын. Баса-көктеп есігін қағып, әйеліне: «Күйеуің қайда жүр, ол екеуміз кафеге бармақшы едік» десем не ойламақшы.

Таксиді жібермей ұстап отырмын. Жолдасым жауап бере қалса, дереу отырғызып алып, әрі қарай зауламақпыз. 

Тыста ию-қию ғимараттары сірескен алып қаланы көгілдір нұрға малындырып қар жауып тұр. Анығырағы, қар аралас жаңбыр десе дұрысырақ па екен… Әйтеуір, түйдек-түйдегімен жапалақтаған ақ ұлпа өте дымқыл, ауыр сияқтанады – жағалай тізілген қарағай бұтақтары қатты салбырап, зілдей салмаққа зорға шыдайтындай. Машинаның терезе тазалайтын сыпырғышы да тыр-тыр етіп, қинала қимылдайды. Түсе салып ери жөнелетін жылбысқы – жүргіншілер аяғына тұсау. Ыбылжытып ұзақ жалдайсың. Әйтсе де, үйренген адам кей-кейде Алматының осындай жабысқақ қарының өзін аңсар еді...

Тоғыз қабат үй тұсындағы жол жиегіне аялдай қалғанбыз; арттан ағылып, жүйткіп келгенде күтпеген кедергіден кібіртіктеп, кілт бұрылуға мәжбүр болатын автокөліктің көбі: «Өй, мынаның сонша ыңғайсыз жерге тоқтағанын қарашы!» дегендей сигналын ызалана бажылдатады. Жүргізуші де қабаржып, қабағы түксиіп:

– Тү-у, жіпсіз байладыңыз ғой, аға. Жаңа мұндайды білгенде бірден бордюрден асып, кішкене оңға қарай шығыңқырап тұратын едім. Тез болсаңыздаршы! ­– деп күңкілдеп қояды. 

Ауа райы бұлыңғырлау, қысылтаяң шақта ұзақ бөгелумен қатар, шынымен, апатты жағдай туғызып отырғанымызды өзім де аңдап, жаным ышқынды:  ­

– Қазір… Қазір… Сәл шыдайықшы. Шығып қалар...

Биік қарағаштың ыпыр-жыпыр бұтасы саңлауынан көкке қарай тағы емінемін. Тырс еткен қозғалыс жоқ.

Таксист әрбір бес минут сайын «ставкасын» көтере-көтере жолақысын үш еседей арттырып үлгерді. Мұныкі де дұрыс. Кетіп жатқан уақыты… жанармайы бар... 

– Қап, әбігерге салғаның-ай! ­– деп іштей мен де үн қатпаған досыма күйінемін.  

Әлгінде асығып жүріп машина маркасына да қарамаппын; рөліндегі белгісіне, капотына көз салсам, қоңыркүрең «Мазда» екен. Көк тоқыма телпегін милығына баса киіп, түнеріп отырған мына отыздар шамасындағы иесінен бірер жас қана кіші-ау.

Осындайда жеке көлігің болмағанына өкінетіндей екенсің. Жо-о… Болған менде де машина… Осы жасымда үшеуін ауыстырыппын. Кейін бәрін де кезегімен сатқанмын. Шығыны, әуресі көбірек секілденді. Және автоәуесқой емеспін. Неліктен екенін, осыған махаббатым оянбапты. Мұны да бір, әйеліңді аялағандай айрықша көңіл бөліп, мәпелеп күтуге тиіссің. Қоятын жер керек. Қысқы, жазғы дөңгелекті ауыстыру, ана бөлшекті, мына тетікті реттеу дегендей күйбеңмен күллі өмірің өтетін секілді. Жаңасын алу біздейлердің түсіне ғана кіруі мүмкін. Алда-жалда ондайға қол жетсе, тіпті жарық дүниеге соны қызықтау үшін келгендей, кешке дейін сипалақтап, қасынан шықпай қоясың ба деп қорқамын. Сөйтіп, барлық шаруаң жайына қалмай ма… Жұмысты қашан істейсің. Қысқасы, қала ішінен көп ұзамайтын кісіге автобус пен троллейбус тиімді ме деп қалдым. Ал мынандай жағдайда таксиің тыныш...

­ Әлден мезгілде төзімі таусылған жүргізуші әңгіменің тоқ етерін айтты: 

– Ағасы, ренжімеңіз, енді күте алмаймын.

Тұнжырап біраз отырдым.  

– Мейлің… Жарайды. Көп рақмет.

Күрсінгеннен өзге лаж кәне. Хабарсыз кеткен достан күдер үзіп, шопыр балаға тиынын төледім де, сыртқа шықтым.

Ух-х, шіркін… Жауып тұрған қардың демі қандай! Өкпе-қолқаны қарыған саф ауаның өзінен тылсым құдырет сезіледі.

Ұйыңқырап қалған аяқты кезек-кезек сілкілеп, құлшына керіліп, арқамды жазамын. Ұзай бере, баяу қалықтап, төңіректегі дүниенің бәріне үлбірей қонақтаған аппақ қар құшағындағы қарағаш бұтақтарының ұсақ сабағына тағы бір шола қарадым. Қыс айы әлдеқашан жетсе де жапырағы со күйі тұр. Тіпті кей тұсы әлі жап-жасыл.

Бұрқырап, шашырай қалықтаған ақ мамық лезде менің де жалаң басымды сулай бастады. Шашты қос алақанмен бір-бір қағып, жеңіл қара пәлтенің жағасын көтердім де, сонадайдағы дәмханаға беттедім. Әлгі досқа келгіштеп жүргенде, екі-үш мәрте соққанбыз-ды. Қарсы бетінде көгершін қонатын алаңқайы бар бір қабатты шағын орын. Сол жерге кіріп шығуға көңіл құлайды. Шашылығы татымды. Сырасы мол...

Рас, сәл кірлеу сияқтанып еді. Терезесі де жоқ. Бірақ екі тұстан ілінген люстрасы жарқырап тұратынын байқағанмын.

Есігін ақырын ашып кірсем, сол баяғыға ұқсас көрініс: белгілі тәртіппен орналасқан оншақты үстелді жағалай, ері-әйелі аралас жиырма-отыз адам отыр. Үйме-жүйме. У-гу. Қызмет көрсетіп жүрген екі даяшы қыздың бірі жасамыс, ақ бас адамға ескерту жасайды:

– Ата, далаға шығып тартыңыз темекіні...

Қария сөзді ести қойған жоқ. Алдындағы сыраны сораптап қойып, өзі құралпылас серігіне сөйлеген күйі түтінді бұрқырата берді. 

– Оу-у, ата деймін!..

– Ә-ә?!.. ­– Сол кезде ғана көзі алайып, қатты шыққан дауыс жаққа аңтарыла қарайды… – Не дейсің, қызым?

– Шылым шегуге болмайды мұнда!

 – Өй, әкем, мен үйде де тарта беремін темекіні...

– Онда үйіңізге барып тартыңыз...

Шал түрі әлем-тапырық болып қабағын түйіп, шылымын салфеткаға мыжғылап сөндірді. 

Осы кезде серейген үш жігіт тура орта тұстағы орынды босатып, шығуға ыңғайланған. Бірталайдан бері отырған секілді. Дереу барып жайғаса кеттім. Мұндай ыңғайлы жер табыла қоймас... 

Оғанша сонау даяшылардың бірі де жетіп келген. Сұлулығы қайран қалдырады. Жиырмаларда. Кісіге мойылдай көзін төңкеріп, сүзіле қарайтын сынды.   

– Не қалайсыз, аға?

Әріптесі қараторылау көрініп еді, мынау бидай өңді екен. Сұңғақ бойлы. Ұзын қолаң шашын тымпита тарап, желкесіне түйіп алыпты. Униформа ретінде өздері тіккізіп алған болу керек, сұр көйлектің үстінен таққан қою қызыл алжапқышы да құйып қойғандай керемет жарасады. Көзіме бір сәт әуе лайнерлерінде жұмыс істейтін жіптіктей стюардессалар елестеді.

Мұндай көріністі күтпегендіктен, сәл абдырап, бақырайыңқырап қалдым ба, алма жүзі алаулап әнтек жымиды:

– Иә, не тапсырыс бересіз...

– Е-е… Маған бір істік кәуап әкелші, қызым.

– Тауық еті… Қой еті… Бауыр...

– Қой еті болса тіптен тамаша.

– Сусыннан?.. Сыра, арақ, шарап...

– Әзірге бір шыныаяқ шай бере тұр. Сүтпен… Қалғанын сосын көре жатармыз.

Кері бұрылған даяшының сыртынан қарап қалғанда атақты күйші Әбікен Хасеновтің Сейфолланың Сәкені туралы бір естелігі еске түседі. Әбекең: «­Карл Маркс пен Гоголь көшесінің қиылысқан жеріндегі сырахана тұсынан өтіп, жұмысқа асығып бара жатамын. Анда-санда бір саптыаяқ сусынын ұстаған Сәкен ағамды байқаймын. Ақын бұл жерді неге айналсоқтап жүр екен? Сәті келгенде өзінен сұрамасқа амалым қалмады:

– Сәке, сіз осы ылғи шөлдеп жүресіз бе… Үнемі осы маңнан шықпайтын болыпсыз?

Шаһбаз ағам күлді:

– Сен сондағы сатушы әйелдің қолына қарашы! Сыра құйғанда насосты жылдамдата басқан әсем саусақтары күміс көлдегі бірін-бірі қуалап ойнаған ақ шабақтай жарқылдайды-ау! Әне, сол жұмыр білекке біткен бал бармақты көруге құмартамын. Тіпті арбап алғандай. Қол – адамның жан әлемінің жалғасы. Сүйрік саусақтар кісінің жан сұлулығын паш етпекші. Білдіңіз бе… Хе-хе...» – депті.

Мен де үріп ауызға салғандай осынау тартымды жанның мынандай жерде қор болып жүргеніне таңырқадым. Дегенмен көпшілікке қызмет көрсетіп, қоғамға пайдасын тигізеді ғой деп және ойлайсың. Мұнда мәңгілік байланып қалмас.

Бұлар өстіп жүріп-ақ лайықты ұрпақ таратады. Әр қазақтың бас-басына инженер, ғалым немесе жазушы болуы шарт емес шығар. Тек қандастарыңның белгілі мамандық иесі болғанын тілейсің, әрине. Өзіміз бір-ақ уыс жұртпыз...

Дәмхана меймандарының далада жүргендей түгел дерлік самбырлап сөйлейтінін аңдап, күлкім келді. Көкірегін жел өтіне тосқан дархан қазақтың мінезі ме...

Шәпеті денелі қосағын құшақтап, қолтығына қыса кірген еңгезердей бауырымыздың мейлінше мәдениетті көрінуге тырысқаны да қызық көрінді: ­

– Девушка, где тут у вас туалет? – деді ол кірген бойда даяшыға                                                                                                                                                                    дауысын құбылта сөйлеп. Өзінің орысшаға онша жүйрік еместігі, табиғатының дөкірлеулігі анадайдан-ақ байқалып тұр. Сонау қара қыз түкпірдегі әжетхананы нұсқады: 

– Вон там!

Зайыбы зәр қысты ма екен, жан-жағына алақтап бір қарап алып, бірден солай қарай жүгіреді.

Өзі ақшасының көп екенін көрсеткісі келгендей қолақпандай әмиянын үстел үстіне лақтырыңқырай тастап, тапсырыс беруге кірісті. Шіркін, көңіл-ай, кейде әлдекімдерге ұқсап, дүниені шайқап, шалқып-тасығың келмей ме...

Бесті айғырдай кеуделі-ақ жігіт. Ақыл-парасатының деңгейін кім білсін, екі иығына екі кісі мінгендей зор тұлғасына көз тояды.

Қолына «қарға тышқан» соң әйелі екеуі жақсылап «жууды» ұйғарып кірген беті секілді. Келіншегі, тіпті бір жапырақ. Қалбалақтаған жақсы адам екені аңғарылады. Ер мен әйел қатар кіріп-шығып жатқан есігі ілгексіз дәретханадан келген бойда күйеуіне қарап:

– Мә-ә… Ана ағаның бір жерін көріп қойдым! – деп тілін шығарып, бетін шымшыды.

Жұбайы, әлбетте, зайыбының нені меңзейтінін бірден түсініп, шаншыла қарайды. Тіпті қанын ішіне тартып, түсі бұзылып кетті. Одан ызбарлана күлді:

– Һе-е… Ақыры байқаған екенсің… Сен де есеңді жібермей, көрсете салмадың ба барыңды!

Тұзы жеңіл әйел бейшара аңғалдығын кеш аңғарып, көзі жәутеңдеп, қипақтап қалды.

Сонадай жерде әкесі мен шолақ бұрымы екі жаққа шошайған алты-жеті жасар қызы бір істік шашлықты тәлеңкеге салып, шұқылап бөліп жеп отыр. Бүлдіршін қыз қырықтар шамасындағы масаңдықтан ұйқылы-ояу күйде басы салбыраған әкесіне сүйене түседі. Қалың қара шашы дудыраған еркектің кигені ­– ескі помази көйлек пен қолдан тіккен сырмалы желетке. Ағал-сағал шалбарының үтік көрмегеніне қырық жыл өткендей. Өзі рәзіңке тәпішкемен жүр. Әйтеуір, шұлығы қалыңдау. «Өзек жалғаған» ұсқыны бөлек бұл бауырымыздың қай планетадан түскені белгісіз. Әйелі қайда екен...

– Ассалаумағалейкум, ата! Мен ­– Қызылтастың баласымын ғой.

Әлгі «темекіші» ақсақалға ішке енді бас сұққан әлдебір жас қос қолдап сәлем берді.

– Ә, айналайын! Сенбісің бұл? Қал жақсы ма… Үй алдың ба?

Шалдың сұрағын ана жігіттің қалай қабылдағанын білмедім, менің жүрегім зырқ ете түсті. Пәтер ­­– жанға бататын мәселе.

– Жоқ, ата. Алып қалармыз...

Сөз ыңғайына қарағанда, жігіт біразырақта үйленген. Бірақ баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Қарт соның жөнін сұрап отыр...

Осы, қазекең, бет-жүзге қарамай, ұдайы ең осал тұстан ұруға неге құмар?! Жан жарасын тырнауға неге ынтық? Үйді алмайын деп жүрген жоқ шығар бұ бала...

Бір кезде буы бұрқырап менің де шашылығым келіп қалған. Сұлу даяшы қызым титтей ғана тағамды сәндеуге бар өнерін салғандай. Көкөніспен әрлеп, пиязын да дөңгелетіп, шақпақ қанттай төртбұрыштап тураған нанымен қоса сопақ фарфор табақшаға салып әкелді. Исі мұрын жарып, тәбет ашады.

«Шашлық» ұғымы түркілердің шишлик – істік, шанышқы деген сөзінен шыққан деседі. Ал қазақ тіліне ғарыш, балмұздақ, өркениет дегендей көптеген атауларды енгізген Ісләм Жарылғапов әкеміз мұны «шыжғырық» деп аударыпты. Бірақ ел соны аса қабылдай қоймады білем. Өзіміз кейінде кәуап – кебаб дей бастаппыз. Қаншалықты сәтті екеніне көзім жетпейді...

Осы кезде тура қасымдағы ұзын үстелге дабырлап, бес-алты әйел келіп жайғасқан. Солғындау, күнқақты түрлері мен киім мәнері түкпірдегі ел адамдары екенін әйгілейді. Қолдарына теңките ұстаған ала сөмкелерінен Алматының көтерме базарларынан тауар таситын саудагерлер ме деп топшылайсың. Көліктері белгілі уақытта осы орыннан алып кететін сықылды. Оғанша ауқаттанып, бой жылытып үлгермекші.  

Қу тіршілік, қу бейнет тоздырғанымен, сергектігі, ширақтығы аңғарылады. Дүкен ұстаушыларға тән өктемдік, өткірлік бар. Ара-тұра сақылдап күліп қояды. Өздері ыстық тамаққа қоса шөлмегімен арақ алдырды.

Көп ұзамай алқа-қотан жиынды бастап, тост көтеруге кіріскен:

– Ал ісіміз оңғарылсын! Бір теңгеміз екеу болсын… Екі қозымыз төртеу болсын. Бәріміз де бала-шаға қамымен жүрміз. Денсаулыққа, байлыққа и… келесі айлыққа! ­– деді алғашқысы.

– Ха-ха-ха!

– Және көп-көп шайлыққа...

– Ха… Жарайсың-ей, тауып кеттің. Кәне, кел!

Екі-үшеуі сыңғырлатып стақан соғыстырса да, ішімдіктен ауыз тиіп қана шектелді.

– Іш-ей, қатын!  

– Сен немене қарсысың ба тілекке? Мынауың не...

– Мен мүлдем татпаймын ғой!

– Қой, сөзді доғар! Ертең балаңды үйлендіргелі жатырсың, құда-құдағиыңмен бәрібір тойлатпай тынбайсың!..

Қазақтың өңкей тілді, есепке жүйрік бір топ әйелінің отырысы ауанынан бүкіл ел тынысын сезінгендей күй кешесің. «Айлас қатын – мұңдас» демекші, ара-арасында:

– Ойбай-й, білесіңдер ме-ей, – деп бас түйістіріп, сыбырға көше қалады. ­

Одан бәрін басқарып отырған жалақ ерін жас әйел құрбыларына тағы да екі-үш қайтара сөз ұсынған. Әлден уақытта қызыңқыраған біреуі жылады. Оны жұбатып, қалғандарының да көңілі босады.

 Мұңы басым халық екеніміз рас. Тұрмыс тауқыметі титықтатпай қойсын ба. Бізді өнеркәсібі дамымаған мешеу елдер қатарына жатқызып, кемсітуге бейім кейбір мемлекеттер кезінде қазақтың екі жүз отыз жылдай     жоңғармен шайқасқанын ескермейді-ау. Қалмақпен тартысып, аттың жалы, түйенің қомында… оқ пен оттың ортасында өткен екі ғасырлық есіл уақыттың есесін қайтаратын бағдарлама жасалды ма екен… Кім құнттап жүр осыны. Сол үргін-сүргіннен әлі күнге дейін ес жия алмай жатқандаймыз...

Ал мынау аядай «аралға» күніне мен секілді жанын жылытып, сағалай тұруға жүздеген адам кіретін шығар. Әрқайсының қаншама тағдыры, көкірегін шалған дерті, уайым-қайғы… көңілін жүдеткен құса-шер, жүрек жарақаты бар… Кеудесін кернеген қуанышы, шаттығы… Әрқайсының асқақ арманы, өле-өлгенше кісі баласына ашпайтын аяулы сыры бар.

Күні кеше жан беріп, жан алысып Москваны қорғап, Берлинге ту тіккен ержүрек халықтың ұрпақтары – міне, осылар. Небір болашақ ғарышкерлердің, атақты спортшылардың ата-анасы да осында отыр. Мәселен, анау қос бұрымы шошайған кішкене қыз күні ертең елдің абыройын асыратын мұғалім, дәрігер немесе әнші болуы ғажап емес...

Далаға шыққан соң бос жатқан көгершін алаңына көз тастаймын. Солар қыстың көзі қырауда қайда қонақтайды екен; тамақты қалай тауып жейді? Қазір қалада баяғыдай шиферлі шатырлар да жоқтың қасы.

О байғұстарды да аяқ астынан сұңқарға айналмадың деп сөге бастадық. Өзі, құс атаулыдан қырандық мінез іздейтініміз қаншалықты қисынды...

Көңілді мұң тербейді. Оңашада торығып алудың да өзіндік рахаты жоқ емес, бірер сағат жаяу жүрейін деп ұйғардым.

Кеше әлгі дос тым сөзуарланып, көсіліп, көсемсіп кетіп еді. Оның көбіне ішкен кезде хабарласатыны енді ғана есіме түсті. Қалай аңғармағанмын – ерекше «энтузиазм» сыры сонда екен.

Ойыма Жұматай ақынның: «Әй, ит-ай», деп қайтамын мен үйіме, Әлемдегі ең мұңды әнді ысқырып» деген екі жол өлеңі оралады.

Досым ашылып, ақтарылғысы келіпті. Жүрек түбіндегі армандарымен алғаусыз бөліскісі келіпті. Ал бүгін ес жиғанда тайынып, өз қылығы үшін қатты қысылған. Онысы да жөн шығар…  

  Қар әлі жауып тұр. 

Тегтер: