Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Көкірекбаевтың қатесін Қарашөкеев түзей ме?

Қарашөкеев
Фото: из открытых источников

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Бұдан бөлек, Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс.

 Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру барысында жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін толық іске асыру қажет» деген еді.

Шу ауданының орталығы 22 000 астам халық қоныстанған Төле би ауылы тұрғындарының атынан хат жолдауыма 7 жарым жылдан астам көгілдір отын машақатын бір кісідей тартқандықтан, шындықты қаз-қалпында жазып отырмын. 2015-2017 жылдары «Париев» ЖШС газдандыру жұмысын өз қолдарына алып, Төле би ауылын газдандыруға кіріскен-ді. Өкінішке қарай, 2015-2016 жылдары халықтың газдандыруға кеткен шығындары шамадан тыс, тіптен еселеп артып кетті... Бұған сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың тікелей кінәлары барын құзырлы орындарға ашық айтып келемін.

2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі тойланар қарсаңында облыс әкімі К.Көкірекбаевқа хат жазып, осы игі шараны киелі Шу өңірінде бастап, Хантаудың бауырында Теректі өзенінің көрікті жеріне Керей ханға кесене орнату жайын айтқанмын. Өткен жылы Бұрылбайтал-Меркі тасжолы пайдалануға беріліп, жөнделетін жолдар едәуір қысқарды. Бірақ мемлекетіміздің қасиетті жерлері Қазақстанда белгіленген Киелі 100 орындар тізімінен де тысқары қалып қойды. Бұл да жоспарсыз әрекеттің салдары ғой. Қош...

Төле би ауылындағы тұрғындардың басым көпшілігі 2000-дай отбасы көгілдір отынға әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отыр. Ербол Шырақбайұлы қалың көпшіліктің жанайқайына құлақ асып, қолдай ма деп едім, бірақ уақыт созылып бара жатқандықтан, көпшіліктің сенімсіздігін тудырып отыр.

Сыбайласқан жүйе біздің елімізде әлі толастамай, есесіне, қанатын кеңге жайып, өршіп бара жатыр. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайды деген бұрынғы облыс әкімі К.Көкірекбаев пен сол кездегі аудан әкімі Н.Нұркенов пен орынбасарлары Н.Жақсыбаевтардың әрекеттері соған дәлел. Меніңше бұларды қылмыстарына орай қатаң жазалау керек...

Газдандыруға байланысты биыл 20 маусымда ауданға хат жаздым. Сол баяғы мардымсыз жауап алдым. Кейін Жамбыл облысы Шу ауданы әкімдігінің Төле би ауылдық округі әкімінің аппараты коммуналдық мекемесінің әкімі Арнұр Рахимқұловпен жеке сөйлесуге мүмкіндік туды. Арнұрдың айтуы бойынша Төле би ауылындағы газ құбырларын мемлекет қарамағына алуға облыс әкімдігінің басшылары тікелей қолға алып жатыр. Тезірек іске асса, әрине, құба-құп, ауылдағы көгілдір отынның зардабын тартып отырған отбасылар қуанышқа бөленер еді, өкінішке қарай, созбалақтап, уақыт ұзаққа созылып барады.

К.Көкірекбаев Д.Назарбаева мен Қайрат Шәріпбаевпен ымыраласа Шу қаласы халқын тақырға отырғызғанын, облыстық бюджеттен газ тасымалына деп мәслихаттың 2016 жылы №7-3 шешімінің қосымшасы бойынша 2 млрд 475 млн теңге қаржы бөлгізіп, тұрғындарды алдағаны қалай ұмытылады. Халықты 120 000 теңгемен газдандырудың орнына 210 000 теңгеге қалталарын қағып, газдандыру бағасын 330 000 теңгегебірақ көтерген болатын. Ербол Қарашөкеев Көкірекбаевтың қателігін қайталамайды деп үміттенеміз.

Көгілдір отынға қол жеткізе алмай жатқан Төле би ауылының 773 тұрғыны өтініш беріп, тағы да шағымдарын жазып жатыр. «Жас Алаштың» 5 желтоқсандағы санында жарияланған мақаланы оқығаннан соң, Шу ауданы халқын сол кездегі облыстың әкімі Көкірекбаевтың өз баспайдасына қалай пайдаланғанын біліп, шулықтар осы уақытқа дейін жайбарақат, үнсіз отырғанына таңғалып отырмын.

Уақ Мәкен Жұмәділұлы

Төле би ауылы

Шу ауданы