“Көп талап қояды”: АҚШ вице-президенті Ресейдің бейбіт бастамаларын сынға алды

АҚШ вице-президенті Дж. Д. Вэнс мәлімдегендей, Вашингтон Ресейдің Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге ниетті екенін жоққа шығармайды, алайда Мәскеу бұл процесті тоқтату үшін шамадан тыс талаптар қойып отыр.
Бұл туралы ол Вашингтонда Мюнхен қауіпсіздік конференциясы ұйымдастырған шарада сөйлеген сөзінде айтты.
- Мен пессимист болмас едім. Ресейліктер қақтығысты шешуге талпыныс жасауға мүдделі емес деп айтпас едім. Ресейліктер қақтығысты тоқтату үшін дәл қазір белгілі бір талаптар қойып отыр деп айтар едім. Біз олар тым көп сұрап жатыр деп ойлаймыз, - деді Вэнс.
Оның айтуынша, АҚШ әкімшілігі Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қол жеткізуде белсенді және конструктивті рөл атқаруға тырысып отыр. Вэнстің мәлімдеуінше, Вашингтон екі тараптың мазмұнды диалог бастауына негіз болатын ортақ шарттарды әзірлеуге жәрдемдесуге ниетті.
- Америка Құрама Штаттары Ресей мен Украинаның келіссөздер үстеліне отырудың негізгі нұсқаулары бойынша келіскенін көргісі келеді, - деп қосты вице-президент.
Ол сондай-ақ украин тарапының 30 күндік атысты тоқтатуды ұсынғанын, бірақ Мәскеу бұл нұсқаны стратегиялық мүдделеріне сәйкес келмейді деп санап, бас тартқанын еске салды.
Сонымен бірге, ол екі ел арасындағы қақтығыс өзара дұшпандықтың терең деңгейіне байланысты өте шиеленіс күйінде қалып отырғанын атап өтті.
- Украина мен Ресей арасында үлкен өшпенділік бар, - деді ол.
Сөзінің соңында ол Дональд Трамптың сөздерін келтіріп, қақтығыстың ұзаққа созылуы барлық тараптар үшін – қатысушылардың өздері үшін де, АҚШ пен Еуропа елдері үшін де теріс салдары бар екенін айтты.