«Қорғас 5G» жобасы үмітті ақтай ма?
Осы аптада Жетісу облысының әкімі Қытайдың ШҰАР Халық үкіметі төрағасының орынбасары Сунь Хунмэй бастаған Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының делегациясын қабылдады.
Ал мұндай кездесу облыс экономикасына не береді? Облыс әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылдың бірінші жартысының қорытындысы бойынша Жетісу облысы мен Қытай аясындағы тауар айналым 1,2 млрд долларды құраған. Қытай Жетісу өңірі үшін ірі экономикалық серіктес болып отыр. Болашақта қандай жобаларды жүзеге асырған абзал? Екі ел арасындағы ынтымақтастық қарапайым халыққа не береді? Бұл ретте біз экономикалық бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымхановаға сұрақтарымызды қойдық.
– Әсем ханым, сіз әлем елдерінің экономикалық қадамдарын, ынтымақтастығын бақылаушы ретінде Жетісу өңірінің Қытаймен экономикалық байланысына қандай баға бересіз?
– Бұл өңірдің транзиттік әлеуеті – Достық және Қорғас бағыттары. Жетісу өңірі бойынша Қытаймен шекарада бес кеден бекеті бар. Демек, өңір үшін шекара маңындағы инфрақұрылымды арттыру, сауда-ынтымақтастықты нығайту, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағындағы жұмыстарды дамыту маңызды. Мысалы, бұл мақсатта «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» индустриялық паркін салу жоспарланып отыр. Бұл да болса ынтымақтастықты арттырып, жұмыс орындарының ашуына ықпал етіп, елді жұмыспен қамтуға сеп болатын жоба. Сунь Хунмэй бұл жолғы сапарында Шынжаң мен Жетісу облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің негізгі бағыттарына тоқталды. Бұл орайда ол «Нұр жолы» автомобиль өткізу пунктінің инфрақұрылымын дамыту мәселелері жайлы сөз қозғапты. Жалпы кездесу барысында екі тарап шекара маңы пункттерінің өткізу қабілетін арттыру мен инфрақұрылымын жақсарту, жасыл энергетика, туристік және мәдени-гуманитарлық бағыттар саласындағы екіжақты байланыстарды дамыту, сондай-ақ аталған салаларға инвестиция тарту, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылаған. Кездесу соңында қатысушылар «Қорғас» ХШЫО қызметін үйлестірудің бірлескен тетіктерін құру жөнінде қараша айында бірінші бірлескен отырысты өткізуге уағдаласты. Мұның барлығы өңірдің экономикалық белсенділігін арттыратын шаралар деп есептеймін. Сондықтан Қазақстан мен Қытайдың немесе Жетісу мен Шынжаңның бұл кездесуі тек жақсы бағытқа апарады деп есептеймін.
– Біраздан бері екі ел арасындағы «Қорғас 5G» жобасы жайлы айтылып жүр. Бұл сенуге тұрарлық жоба ма? Нәтижесі қалай?
– «Қорғас 5G» – Қытайдың Шынжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы ең ірі және бірегей интеллектуалды-логистикалық порт. Жоба 2021 жылы іске қосылған. Жоба барысына құйылған инвестиция көлемі – 300 млн юань, яғни 2 млрд теңге шамасында. Аумағы 50 мың шаршы метрден асатын портта негізінен тауар қоймалары мен дүкендер орналасқан. Бұл жерден Қазақстанның «Нұр жолы» өткізу бекеті арқылы ауыл шаруашылығы тауарлары мен техникалары және электромобильдер бірқатар Азия елдеріне жөнелтілуде. Оған қоса жылына 100 мың тоннаға дейін ет өнімдерін импорттайды. Бұдан бөлек, Қорғаста Jinyi International Trade компаниясының 20 мың тонналық қоймасы орналасқан. Бұл жоба аясында 270-ке жуық адам жұмыспен қамтылып, жеміс-жидек пен көкөністер Қазақстан, Ресей және Өзбекстан секілді 5 мемлекетке экспортталып жатыр. Жалпы, Жетісу облысының 563 шақырымы Қытаймен шектеседі. Жоғарыда айтқанымдай, бұл өңірдің транзиттік қабілеті мол. Білетін шығарсыздар, Қытайдан Еуропаға жүктерді 11 күнде жеткізуге мүмкіндік беретін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансқұрлықтық автомобиль жол дәлізі Жетісу арқылы өтеді. Міне, мұның өзі кәсіп иелеріне үлкен мүмкіндік. Жергілікті кәсіпкерлер осы мүмкіндікті құр жібермеуі керек. «Қорғас-Шығыс қақпасын» дамытудың Жетісу өңірі үшін маңызы зор болмақ. Сондықтан өз басым, «Қорғас 5G» жобасынан үміт күтуге болады деп есептеймін.
– Болашақта екі ел бірлесіп ауыл шаруашылығы саласына, өңдеу өнеркәсібіне инвестиция салуы керек дейтіндер де бар. Мұнымен келісесіз бе?
– Егер нақты осы саланы дамытуға ықыласты болса, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Мемлекеттік деңгейде қабылданатын меморандумдар мен келісімдердің аясында бұл жұмыстарды жүзеге асыруға болады. Мысалы, қаржы институттары нарығына шетелдік банктер келіп жатыр ғой, бұл да сол тәрізді нәрсе деп қабылдауымыз керек. Сондықтан дамымай қалған салаларға инвестиция саламыз, оны дамытамыз, өркендетеміз десе, қанеки. Тек қандай да бір келесім жасағанда елдің мүддесі, мемлекеттің мүддесі басым тұруы керек. Өзіміздің есемізді жіберіп алмайтындай, ұтымды әрі ұтқыр келісімдер жасалғаны жөн.
Қ. САЙЛАУ
Жетісу облысы