Көжекбайды көрдіңіз бе?

Қараңғылық пен надандық «көлеңкесі», өкінішке қарай, адам баласын өкшелеп қалмайтын көрінеді. Одан қара үзіп кетудің қиындығына Абайдың сөзіне ден қойып, бүгінгі күнмен салыстырған сайын көзіміз жете түседі.
Ақын сынының «нысанасына» ілінген кейіпкерлер қазір де арамызда жүр. Жастық шағында ол замандасының олақ сөзі мен орашолақ ісінен күлкіге кенелер еді. Есейе келе, өзгенің «сүрінгеніне» масайраудың әбестік екенін ұғып, іштей қысылатын әдет табады. Алайда «жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып» күлудің жөні басқа.
Осылай қатарынан ерте оянған хакім күлкінің де түр-түрі барын жадына тоқып, төңірегіне түсіндіруге тырысады. Тіпті «уайым-қайғысыздықты азайтатын да орынсыз күлкі емес, орынды қарекет» дейді. Сондықтан «жаман кісінің қылығына ыза болғаннан күледі... ызалы күлкінің өзі қайғы». Ашудан булыққан ақынды ерте «қартайтатын» – елінің малдан басқаны ойламай, қараңғылық «қорасына» қамалған тірлігі. Ой теңізіне «сүңгіген» сайын өзін күлкіге жеңдірмей, «мастыққа жібермей, уақытымен тоқтататын ғибрат» табады.
Мұның да пайдасын өмір жолында әрбір адам талай түйсінсе керек. Сөйтіп, енді біз де жақсының ғана алаңғасар мінез-құлқына хакіммен қоса жадыраймыз. «Іштен, көкіректен, жүректен келмейтін» күлкіден аулақ болғанның қадірін сезіне білгенге не жетсін! Кейбіреу секілді «қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, әдемілік үшін күлетін бояма күлкіні» мойынға шығармаған ләзім. Асыл мұра алдамшы күлкіні айнадағыдай көрсетіп, бұлтартпай әшкерелейді. Жалған қарқыл-жырқылдың сырына көзіміз бірте-бірте ашылады.
Жырмен беріп «жазасын»...
«Бояма күлкіге», тегінде біреулер көңіл үшін ғана қосылса, екіншілерінің шын сырын қарқылмен «қалқалайтынын» да көріп жүрміз. Хакім орынсыз күлкіден азар да безер болады: «Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек».
Қабырғасына батқан жайға ақын бейжай қарап, бейтарап бола алмайды. Өзінің тұрғыласы «Абыралыға» арнаған өлеңін оқи отырып, езу тартпау мүмкін емес. Әлгінің Құран аятын түсінбей, қарадүрсінге салғанына қынжылған ол ашуын қағаздан алады. Өз басы талай «мұсылманды көріп жүрсе» де тап мынадай «намаз білмес пақырды» жолықтырмапты. Бұл шіркіннің міндетті бес уақ намазын келістіре алмай жүріп, жайнамазға алтыншы рет «жығылғаны» қай сасқаны! «Көз алдымыздағы» шала намазханның әрекетіне біз де қосыла күлеміз.
Өйтпегенде ше, өзіңіз қараңыз: «Намазшамның артынан / Құржаң-құржаң етеді. Жер ұшық берген кісідей/Тоңқаңдай ма, не етеді...». Ең масқарасы сол, әлгі намазхан тоңқаңдап жүріп, ұятқа қалады: «Нәпіл түгіл, намазы – Бәрі желге кетеді». Әттең, пендең жаратушыға шын құрметін білдіре алса, оның бұл «сыйы кәусар суындай» емес пе! Құран аяттарын шала-шарпы қайырған Абыралының даңғойлығын елемей, ұмыта салу Абайдың қолынан келмейді. Жабыққан ақынның жүзін елестете отырып, қабағымыз тұнжырайды.
Шынында да «ниет қыла білмесе, Нәпілді не қылады» екен. Біздің де, әлгі Абыралының көлеңкесіндей, кейбір замандастарымыз көз алдымызда нашар елестей, көлбең қағады. Солардың бірі – қасиетті кітап сөздерін «жұтып қойып», шала-пұла, яки сақауланып оқыса, екіншісі – әйел дауыспен сұңқылдай жөнеліп, көңілді одан бетер құлазытады. Ең өкініштісі сол, ондайлар «құлшылығым Құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді...». Сонда мұндай намазда қандай сауап бар?
Бұл сауалға хакімнің жауабы да дайын: «Тегін ойлап байқасаң, Мұнда ми жоқ, құлақ бар». Қандастарының шала-пұла «мінезінен» жабығады. Қоңыр Көкшеге тағайындаумен болыс болған кезінде де даңғой мен дарақының, шала мен шалағайдың неше түрін көреді. Алайда «кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз...». Ақиқат жолына азды-көпті «иілген» пендең мұндай ой кірмеген тәкаппардан, әлбетте қайтсе де артығырақ.
Сондықтан Алла Тағалаға иланған, иманы берік қандастарына ол кешіріммен қарауға тырысады. Ал теріс әрекеті салдарынан борышты болған, есімі «адасқан» Жақсылық сияқтыларды сөзбен «сойылға» жығады. Әлгілердің өздерінің кінәсін ұқпай, «бір бақсылық жыны» басына шабатынын қайтерсің?!. Көзі «аспанға қадалған» кердеңнің «аяғын аңдап басуын» ескерткен ақынның сөзінен сабақ алса қандай! Атына заты кереғар байғұстың «борышымды елге бөліп, мені құтқар» деген сорақы өтініші жиренішті-ақ. Алақан жайып, қарызға батқандар қазір де баршылық.
Әділет пен адамдық талабын ұмытқан ондай нысапсыздарды ақын, тіпті маңайынан жүргізбек емес. Әкесі Құнанбайдың жасаған көп қамқорлығын тез ұмытып, «жау жағадан алғанда» қарсы жаққа шығып кеткендер де ойында. Бірақ өзі білетін кейбіреудің «тайғанақ» болмысына таңғалмайтын болғалы қашан?! «Досым деп ат беріп жүрсең, дұшпаның келіп тай берсе, бұзыла қалатындарға» ашулануды да қояды. Соның бірі – Көжекбай, оның әкесі Құнанбайға өкіл ата болып, Ұлжанды өкіл қыз еткен Жамантай деген кісі екені Турағұлдың естелігінен мәлім.
Кезінде қажы жерге талас үстінде өлген Жамантайдың құнын жақсылап төлеттіріп, марқұмның Көжекбай, Тезекбай, Мақаш деген ұлдарынан қамқорлығын аямапты. Бірақ ел арасы бұзылғанда осы Көжекбай жау жағының намысын жыртады. Тіпті Құнанбай қайтыс болғанда, Абайға бауырларын шағыстырмақ болады. Сондағысы – «қажының басқа балалары жабдық әкелмепті, болыспапты-мыс». Ақын «Жамантайдың баласы Көжек деген, Әркімге өсек тасып безектеген» деп, оған «қамшысын» үйіреді.
Міне, сол сәттегі дір-дір қаққан «қоянның» кейпі арамыздағы өз кінәсін мойнымен көтере алмайтын кейбіреуді еріксіз еске түсіреді. Ақынның ащы әжуасы Көжекбайларды ұяттан «өртесе» керек: «Досын келіп досына жамандайды, Шіркінде ес болсайшы сезед деген». Хакім «Сабырсыз, арсыз, еріншек, көрсеқызар мен жалмауызды» сынаған өлеңінің бірінде Құсайын деген жолдасының ызасынан оған да Көжектің «тұлыбын» кигізеді. Көп уақыт сырлас болып, басыңа іс түскенде «іздесең таптырмайтындар» қай заманда да табылады.
Құдайдан қорықпай, «өзі көрген қоймасын жауыңа ашып беретін» антұрғандардың «сыбағасын» хакім оңдырмай береді: «Келіп-кетіп көп жүріп, Мен досыңмын деп жүріп, Дұспандығын оздырар». Яки кеселді боп біткен жақындар», тіпті «Жау жағадан алған күн / Өздері иттей тақымдар». Бұлардан не қайыр: «Жау көп болса басыңда, Бірі қалмас қасыңданың» кебі. Осы орайда ақынның әзіл мен әжуа араластуындыларына жанарымызды суара отырып, орыс сатиригі И.А.Крыловты тәржімә жасаған Абайдың оған еліктеп, мысал жазбауының себебіне де қанығамыз.
Хакім жанын сыздатқан қоғамның «сырқаттарын» қандастарына «тұспалдап емес, туралап айтып, көрсеткенді» (М. Әуезов) жөн санайды. Ол, әсілі жеке адамға, тіпті «қайран қазағына» қарата сөйлегенімен, «Бір кісі емес, жазғаным, жалпақ жұрт қой» деп, барша адам баласына тән кемшіліктерді жайып салады. Осы орайда ғұлама Әуезов бізді М.Лермонтовқа Белинскийдің берген бағасына жүгінтеді: «Ұлы ақын өзі туралы сөйлеп отырып, өзінің «менін» айта отырып, адам баласы туралы айтады... Сол себепті оның қайғы-шерінен әркім өз қайғы-шерін ұғынады».
Адам баласының түр-түсі мен тілі өзгеше болғанымен, мінезінде айырмашылықтың аз екені белгілі. Жалқау мен жағымпазға, арам мен арсызға, сабырсыз бен санасызға қай халық болса да кенде емес. Ондайлар қазір де ар-ұятқа пысқырмай, «шайқап өтуді» көздеп, шалқайып күн кешкеніне масаттанады. Бірақ солай екен деп, замандасқа бірден теріс айналып, күдер үзудің жөні қайсы? Ақын жоқ жерден сылтау іздеп, жаңылыс басқан замандастарын жұрттың күлкісіне қалдырудан әсте аулақ. Сондықтан бастапқыда оларды жеңіл әзілмен сипай «қамшылайды».
Абайдың «Назарға» деген өлеңі туралы шәкірті әрі досы Көкбайдың берген дерегі соның бір ғана дәлелі. Бұл өлең Қанай руының Назар деген ақсақалы Абайдан «аттың майын сұрап барғанда» дүниеге келіпті. Өлеңдегі «Мынау келген Назар ма, Ақсақалды ел азар ма?..», – деген жолдар қонағын үй иесінің құрмет тұтатынын байқатады. Бірақ өзгеге алақан жайған кіріптарлықты Назардың сазарған жүзі жасыра алмайды. Хадис шарифте «Ешкімнен ештеңе сұрама. Тіпті қамшыңды түсіріп алсаң да, ешкімнен өтінбей, өзің түсіп ал!» делінуінен хакім терең тағылым түйеді.
«Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ адамдар шығады» деп толғанады Абай. Жалпы, бұл дүниедегі «жақсы мен жаманды тануға да адамның естіп, көргені мен ұстап, татқаны» көмектеседі. Демек, «естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүріп, есті болмақ» аса қажет. Ол – қараңғылық пен бодандық қатар қыспаққа алып, ел тынысы мейлінше тарыла түскен кезең еді. Ресейдегі халықтың да ауыр тұрмысынан ақын біршама хабардар. Көрші елде «крепостнойлық» жойылған соң, кешегі құлдардың қазақ жеріне ағылғанын да көріп отыр.
Кірме жұрттың баса көктеген әрекетіне күйініштен жүзін мұң торлайды. Себебі көзін ашқаннан құлдық «қамытын» киіп, зорлық-зомбылық пен жоқшылық көрген пендеңнен жақсылық күту қисынсыз. Алып империяның іші мен сыртындағы «ұшықты» жайларды Михаэлис сияқты орыс достары өзара қызбалана талқылайды. Тіпті ара-арасында бір-бірімен таласып та қалып жатады. Бірақ ақын орыс жұртындағы ырың-жырың мен алыс-жұлысқа әзірге бейтарап. Өзі өмір сүріп отырған қазақ қоғамын «сыздатқан» мәселелер оған басқа ештеңені ойлантпайды.
Сондықтан М.Әуезов айтпақшы, Крыловтың саяси-әлеуметтік қарама-қайшылықты көрсетіп, билікті сынаған мысалдарын ақын аудармайды. Сатириктің замандастың мінін тұспалдап айтып, жеңіл қағытқан туындыларын ғана тәржіма жасайды. «Бет бергенде шырайы сондай жақсы» қазағының, ең әуелі, білімге ден қойып, еңбекке білек сыбана араласуына бөгет жасайтын «кедергілерден» тезірек өткенін тілейді. Сондықтан қандастарына Крыловтың адам мінезіне қатысты, түсінуге жеңіл мысалдарымен ой салуды көздейді.
Осы мақсатпен оның шығармаларына үңілгенде өр көкірек Емен, аңқау Қарға, ессіз Шегіртке мен Бақа, ақымақ Есек пен Қанден жан-жағынан «қаумалап» алады. Әлгіндей бейбастақтар өз маңайында да жүр. Зеңгір таумен таласып, тіпті Күнмен егескен Еменнің түбіне долы дауыл жетеді. Тойынған Есектің бұлбұлдан «бір сайрап беруін» сұрауын сұрап, тыңдамауы кейбір талғамсыз таныстарды еске түсіреді. «Мың түрлі күйге» бөлеген дауысқа «жел соқпай, құс шуламай, бәрі жым-жырт» күйі елжірейді. Тек Есек қана «ән салуды Әтештен үйрен» деп, түңілдіреді.
Мысалды місе тұтпаған
Абай «сырты күміспен» қапталып, «іші алтынмен» апталғандай өлең сөзбен бірге тыңдаушысының да түзелуінен үмітті. Бұлбұлдың «есек» сынампазға кеткен есесін қаптал қайтарады. Сондай-ақ әлін білмей, күлкіге қалатын Қарға мен Шегірткенің, Бақа мен Қанденнің мысалынан да талай жанның тәлім аларынан үмітті. Бірін-бірі аңдып, менменсіген тәкаппар, ақылсыз, даңғой мен ойсыз замандастарын орыс сатиригіне қосыла «құрықпен» аударып, «шаңға» аунатады. Бірақ өзі мысал жазбайды, яки «жамандықтың жайын жалтарып айтқанды» місе тұтпайды.
Хакім надандық пен қараулықтың «түңлігін ұшыра соғып» (М.Әуезов) айтуды қалайды. Еріншектік, арамтамақтық пен мансапқорлыққа, өсекшілік пен мақтанқұмарлыққа жақын айналасын жеңіл әзілмен «шымшылайды». Ал әділет пен адамдық туралы ойларымен бөліскенде «әбілет басқырларды» аямайды. Алайда оқырманы мен тыңдаушысын күлдіре отырып та ащы әжуасының тартымды әрі пайдалы болғанын қалайды. Әсіресе шен мен шекпен үшін таласып, елдің ауызбірлігін «ірітіп», аңдысқан атқамінерлерді «сойылға» жығады.
Бетке ұстар азаматтар мәнсап үшін бірін-бірі «орға» құлатуға құлшынса, елдің берекесі қашпағанда қайтсін! «Атаны бала аңдиды, ағаны – іні, Ит қорлық немене екен сүйткен күні деп, қабырғасы қайысады. – Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып, Аямай, бірін-бірі жүр ғой аңдып...». Ең өкініштісі, әлгілер өзара тобықтан қағып, аяқтан шалысуды әлі де қоймауда. Жоқ, жақсыға жанашыр азаматтар қай кезде де баршылық: «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап...». Бірақ кейбіреу бұрын да, бүгін де қолынан іс келмейтін «қарғасы мен күйкентайын» үкілеп, әлекке түседі.
Ондай ел-жұртына елжірей алмайтындар өздеріне де, өзгеге де опа бермейді. Сонда қалай, «жақсы менен жаманды айырмаған күйі» адамзат «көшінің» соңында салпақтап жүре береміз бе?! Пайдақұмарлық пен малжандылық «көзін» байлағандар адал достықтың да қадірін қашырады. Тірлік майданында әлгілер қоян-қолтық күреспек түгілі, «бастан жыға қисайғанда» ізім-қайым жоғалады. Адамшылық арзандағанда жұрт сөз ұғудан қалатын секілді. Бай мен саудагер, құда-тамыр мен дос-жаран «құбылған» кезең тым созылып бара жатқандай-ау!
Олай болса, «тайғанақ», екіжүзді мінезден, тым құрыса, жастарды арашалап алғаннан басқа не қалады? Өз қатарластарынан көңілі айныған хакім елінің келешегімен кеңеседі. Дәйім өскелең ұрпақтың жастық шақтың бағасын білгеніне тілектес: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық» деп ақыл қосады. Адал еңбектің орнына босқа қол қусырып, қысыр сөз бен сән қуудан сақтандырады. Білім мен өнер іздеп, талапты болуды меңзейді: «Керек іс бозбалаға – талаптылық, Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық...».
Хакім, әсіресе Семейде оқып жатқан жастармен кездескенде оларға бірін-бірі «ғиззат, құрмет етуді» қайталап айтуды парыз санайды. Ғылымның «иждиһатсыз, михнатсыз» табылмасын санаға сіңіруден жалықпайды. Л.Толстой секілді білімпаздардың шығармаларын оқып, жақсылыққа ұмтылуға жетелейді: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге...». Жастардың әскери қызметке бармай, оқалы қиім кимей, оязға қызмет етпеуін өсиет етеді. Адалдықты, ғылым таппай мақтанбауды ұрпаққа қадап-қадап тапсырады.
Олай болса, қып-қызыл диктатураның содыр саясаты «миға құйып», кейбіреу ойлайтындай, хакімнің сыны қазаққа ғана арналмаған еді. Абай, әлбеттебарша адам баласының басына түскен қараңғылық пен надандыққа ашынады. Соның ішінде, әсіресе «қайран қазағының» кенжелеп қалғанына жаны күйзеледі. Ақын «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек пен бекер мал шашпақ» секілді бес дұшпанды аяусыз әшкерелейді. Бар мақсаты – жаманнан көңілдерін суытып, «талап, еңбек, терең ой және қанағат, рақым» секілді бес асылға бауыр бастыруға келіп саяды.
Семейге сол жолы барон Таубе деген генерал-губернатор келеді. Ұлықтың қолынан сыйға шекпен, қылыш алған болыстар мен билер естері шыға далақтайды. Көздері «елбіреп, ғылымнан басқаның кеселі көп» екенін, «асқанға тосқан боларын» ойлап жатпайды. «Басында ми жоқ, Өзінде ой жоқ / Күлкішіл кердең наданға» не шара?! Осыны көрген ақынның қабағы түйіледі. Өйтпегенде ше, кейбір қандасы қолы билікке жеткен күні-ақ түксиіп, тырсиып, құбылып шыға келеді. Ондай «жылмаң пішін» қазір де кеудесін соғып, өңмең қағады.
Шынында да «Бір көрмеге тәп-тәтті/Қазаны мен қалбаңы. Дөң айналмай ант атты, Бүксіп, бықсып ар жағы» деген осы. Көз алдыңда неше құбылған мұндай замандастан іргені аулақ салған абзал. Бүгін жалбаң қағып, ертең бұзылып, «тұрлауы жоқ құбылған» Дүтбай сияқтылар ол заманда да, қазіргі кезде де аяқтан шалады. Уақытша пайдасы үшін «құрдай» жорғалап, мақсатына жеткен соң, айнып шыға келетіндерге жүрегі суынады. Елдің бас көтерер адамдардың түрі осы болса, жан сырын кімге айтып, кіммен бөліспек?
Қандастарының арасындағы нәсіп болмас «орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаңды» ақын сөзбен «тұсауға» тырысады. Еңбегін «сауғанның» ғана ешкімге тіленбей, дәулетке жететінін айтудан талмайды. Алайда «көңілсіз құлақ – ойға олақ» екен. Көп наданмен алысып, көмекке зар ақынның «адасқан күшік секілді ұлып жұртқа қайтқан ойдан» көңілін уайым басып, тіпті тірліктен қажи бастағаны сезіледі. Сондықтан «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» қулар» жолыға қалса, олардан қашып құтылғанша асығады. Жаңағылардың бар ермегі – өсек айтып, ант берісу ғана.
Апырау, тіпті тыныш жатқанға барып тиісетінін қайтерсің! Жоқ жерден пәле іздеп, бос сөзбен ел арасын бұзатынның бірі – Қыздар деген құрдасы. Ол болыстық съезге барғанда асық сөйлеп, ақын еріксіз «қорамсаққа» қол салады: «Сөзіңнің басы ыржаң, соңы қылжаң, Жүгенсіз жүре бермек – сенің ырзаң. Сенен күшті кісілер не боп жатыр, Заманыңның тарлығын ойла, мырзам». Ойланатындар, әсілі қазір де баршылық. Ақын «көзінен басқа ойы жоқ» наданның бірталайын біледі. Ақылының «көзі» бітеу жан ақиқаттың қадірін қайдан ұқсын!?
Ұлық пен ояздың қабағын баққан бай мен биге, көршінің ошағының түтінін аңдыған қыдырмашы мен жалқауға «дырау» сөзбен «дүре» салады. Қоғамның «дертіне» ем таба алмай, қайратты жасының «айғаймен» өтіп бара жатқанына өкінеді: «Қайғы шығар ілімнен, Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен».Сауыққұмар, меңіреу жандарға хакімнің қаны «қайнайды». Осында «түсі суық бір жан отыр, Алысты тұманданған ол ойлайды, Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр». Құлағымызға күңіренген дауыс алыстан талып жететіндей.
Болат Жүнісбеков
жазушы