Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

Куба президенті агрессияға қарсы тұруға дайын екенін мәлімдеді

Раул Кастро мен Мигель Диас-Канель
Фото: AFP

Куба президенті кез келген сыртқы агрессорға  қарсылық көрсетілетінін мәлімдеді. Мигель Диас-Канель бұл сөзін АҚШ президенті Дональд Трамптың "Кубаны бақылауға алу" мүмкіндігі туралы мәлімдемесіне жауап ретінде айтты.

АҚШ президенті Дональд Трамп Кубаны басып алуы мүмкін екенін айтқаннан кейін, Куба басшысы Мигель Диас-Канель мұндай жағдайда елінің табанды қарсылық көрсетуге дайын екенін жеткізді.

"Ең қиын сценарий орын алған күннің өзінде, Куба бір нәрсеге сенімді: кез келген сыртқы агрессор қатаң қарсылыққа тап болады", - деп жазды Диас-Канель 17 наурыз күні X әлеуметтік желісінде.

AFP агенттігінің мәліметінше, АҚШ тарапынан жалғасып жатқан мұнай блокадасы аясында Кубадағы экономикалық және энергетикалық дағдарыс күшейіп отыр. 16 наурыз күні елде ұлттық деңгейдегі электр жарығының толық сөнуі (блэкаут) тіркеліп, 10 миллионға жуық халық жарықсыз қалған. 17 наурыз таңына қарай электр қуаты халықтың үштен екі бөлігіне қайта берілді. Оның ішінде 1,7 миллион тұрғыны бар Гавана қаласының 45 пайызы электрмен қамтылған.

The New York Times басылымы 16 наурыз күні Дональд Трамптың журналистермен кездесуде "Кубаны басып алу болатынын" айтқанын жазды.

— "Кубаны қолға алу. Яғни, оны азат ету, сол туралы айтып отырмын. Мен онымен қалағанымды жасай аламын деп ойлаймын. Қазір ол өте әлсіз мемлекет", - деген Ақ үй басшысының сөзін келтіреді басылым.

Сол күні NBC News телеарнасына берген сұхбатында Куба премьер-министрінің орынбасары Оскар Перес-Олива Гавана АҚШ компанияларымен, сондай-ақ АҚШ-та тұратын кубалықтар және олардың ұрпақтарымен икемді сауда қатынастарын дамытуға дайын екенін мәлімдеді.

Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл ұсынысты жеткіліксіз деп бағалады. Оның айтуынша, бұл Трамп әкімшілігі Кубадан күтетін еркін нарық реформаларына сай келмейді.

"Олар кеше жариялаған шаралар жеткілікті деңгейде батыл емес. Бұл көмектеспейді. Сондықтан олардың алдында маңызды шешімдер тұр", - деді Рубио Ақ үйдегі брифингте.

AFP атап өткендей, Марко Рубионың өзі кубалық түбірі бар саясаткер болғанымен, Кубадағы коммунистік биліктің ашық сыншысы саналады.

Кубаның Вашингтондағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Танерис Диегес 17 наурызда AFP агенттігіне берген сұхбатында Куба мен АҚШ арасында талқылануы мүмкін мәселелер бар екенін айтты. Алайда ол ешбір мемлекет екінші бір елден өзінің басқару жүйесін өзгертуді талап етпеуі тиіс екенін атап өтті.

"Біздің саяси жүйемізге қатысты ештеңе, саяси моделіміз де, конституциялық құрылымымыз да келіссөз тақырыбы болмайды және ешқашан болмайды", — деді дипломат.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Куба президенті Мигель Диас-Канельді биліктен кетіруге ұмтылып жатыр.

Келіссөздер барысында америкалық тарап Кубаға ел президентінің қызметтен кетуі қажет екенін жеткізген. Сонымен қатар, одан кейінгі қадамдар кубалықтардың өз еркіне қалдырылған.

Трамп әкімшілігі өкілдерінің пікірінше, Диас-Канельдің биліктен кетуі Кубада құрылымдық экономикалық реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Вашингтон қазіргі президент мұндай өзгерістерді қолдайды дегенге күмәнмен қарайды.

Вашингтонның талабы

NYT дереккөздерінің бірінің айтуынша, АҚШ тек президенттің ғана емес, сонымен қатар Фидель Кастроның идеяларын ұстанатын бірқатар ескі саясаткерлердің де биліктен кетуін қалайды.

Сонымен бірге, АҚШ әзірге Кубада ықпалы зор болып отырған Кастро әулетінің мүшелеріне қарсы ешқандай талап қоймаған.

Басылым мәліметінше, Куба президентінің қызметтен кетуі Трамп үшін Венесуэладағы жағдайға ұқсас «символдық жеңіс» болар еді.

"АҚШ үшін бұл ұзақ уақыт бойы қарсы болған солшыл үкімет басшысын биліктен кетірдік деп жариялауға мүмкіндік береді", - делінген материалда.

Сонымен қатар, келіссөздердің мақсаты:

  • Куба экономикасын біртіндеп америкалық бизнес үшін ашу;

  • елді белгілі бір деңгейде тәуелді жүйеге енгізу;

  • Трамп жариялай алатын бірнеше саяси жетістікке қол жеткізу

екені атап өтіледі.

Диас-Канель мен Раул Кастро
Диас-Канель мен Раул Кастро . Фото: Alexandre Meneghini / AP

Кубадағы билік

65 жастағы Мигель Диас-Канель 2018 жылдан бері Куба президенті қызметін атқарады.
The New York Times оны мемлекеттің номиналды басшысы деп сипаттайды.

Кубаның бұрынғы президенті, қазіргі таңда 94 жастағы әрі елде ықпалы сақталған Рауль Кастро Диас-Канельді өз мұрагері ретінде таңдаған.

Бұған дейінгі мәлімдемелер

Дональд Трамп бұған дейін АҚШ Кубаны «достық жолмен қосып алуы мүмкін» екенін айтқан. Оның пікірінше, Куба үкіметі жақын арада құлайды.

The Wall Street Journal дерегіне сәйкес, Трамп әкімшілігі 2026 жылдың соңына дейін Кубада билікті ауыстыру үшін ел ішінен агенттер іздеген.

Келіссөздер және дағдарыс

13 наурыз күні Мигель Диас-Канель Куба өкілдері АҚШ үкіметімен келіссөздер бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Куба тарапы диалог арқылы екі ел арасындағы қайшылықтарды шешуді көздейді.

Ал 16 наурыз күні Кубада жаппай электр қуатының үзілуі (блэкаут) тіркелді. Диас-Канельдің сөзінше, елге үш айдан бері мұнай жеткізілмеген, сондықтан Куба күн энергиясы, табиғи газ және жылу электр станциялары есебінен жұмыс істеп отыр.

Бұған дейін Куба мұнайды Венесуэладан алып келген, алайда АҚШ Николас Мадуроны биліктен кетіргеннен кейін бұл жеткізілім тоқтаған.