Күдебаевтың мәтелі: Телефон ұрлаған тұтылады, Халықты қорлаған құтылады
Қазақстан шекарасы ұры-қарылар мен қашқындардың кіріп-шығатын «дәлізіне» айналды.
Бұрынғы қашқындарды айтпағанда, соңғысы – Қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқан, бұрынғы Алматы облысының полиция департаментінің бастығы генерал Серік Күдебаев. Қазақ-қырғыз шекарасы арқылы Бішкекке өтіп, одан ары Түркияға ұшқан деген сыбыс айтылады. Бірақ қазір нақты қай елде бой тасалап жүргені туралы ресми ақпарат жоқ. Әңгіме онда емес. Айтпағымыз – шыбын өтпеуге тиіс шекарамыз неге алан-ашық жатыр, ел ішін алатайдай бүлдірген жуандар жазадан неге оп-оңай құтылып кете береді деген мазасыз сауалдар еді. Белгілі адвокат, даулы қылмыстармен айналысатын құқық қорғаушы Ләззат Ахатовамен нән-нән қашқындар төңірегіндегі әңгіме-сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

— Серік Күдебаевтың шетелге қашып кетуі кездейсоқ жағдай ма, әлде келісілген шаруа ма? Келісілген болса, онда неге оған халықаралық іздеу жариялап, «қойылым» қойып отырмыз?
–Дәлелің болмаған соң, нақты пәлен-түген дей алмаймыз, ішкі түйсік, логика ғой біздікі. Азын-аулақ қарызы үшін шетелге ұша алмай, әуежайда қалып қойған талай адамды көріп жүрміз. Сот орындаушы тыйым салып тастағаны үшін. Яғни баптармен басты қатырмай, қарапайым тілмен айтқанда, кез келген сот актісі негізінде қойылатын заңдық күші бар тыйымдар барлық жерлерге орындалу үшін жіберіліп, жіті бақылауда болады. Мәселен, аэропорт, теміржол вокзалы мен бекеттерге. Үйқамақ, ешқайда кетпеу жөніндегі қолхат дегендер де сондай тыйымдар қатарына жатады. Күдебаевтың қашып кетуінде күмән тудыратын бірнеше жайт бар. Ауыр қылмыс жасады деп айыпталып отырған адам неге сотқа дейін қамауда болмаған? Әшейінде, бір-бірімен төбелескен бұзақы жасөспірімдерді, 20 мыңдық телефон ұрлағандарды «қоғамға қауіпті қылмыскер, тергеуден жалтарып, бой тасалап, қашып кетуі мүмкін» деп, тергеу кезінен бастап, қамап тастайды. Ал қанды Қаңтарға қатысы бар, қолында «закон күші» бар, күллі облыстың полицейлеріне бұйрық беруге өкілеттігі бар лауазымды тұлғаның телефон ұрлаған «қылмыскер» баладан қылмысы аз боп тұр ғой, үй қамақта жүргеніне қарағанда. Біреулер ешқайда кетпеу туралы қолхат берген дейді. Анығын зерттемеппін. Әйтеуір қамау емес қой, қайсысы болса да. Сол сот қаулысын көргім кеп тұр. Қамаудан босатып, жеңіл санкция бергенде, қалай негіздеді екен? Елге еткен қай еңбегін көрсетті екен? Әлде тергеу сотының судьяларының «кәмелетке толмаған балалары бар, отбасының жалғыз асыраушысы, үйінде қалғанының бәрі ауру, жұмысқа жарамсыз» деп, жүректері елжіреп, жандары ашыды ма екен...
– Тергеуі жүріп жатқанда немесе үйқамақта болғанда ешқайда кетпеу туралы берілген қолхаттың салмағы жоқ болғаны ма сонда?
–Ешқайда кетпеу туралы қолхаттың мерзімі аяқталыпты-мыс. Содан кейін ешқандай бөгетсіз өтіп кете салыпты деген де сөз жетті, ұзынқұлақтан. Іс сотта жүріп жатса, сот қаулымен ұзарту керек еді. Прокурор талап-тілекпен шығу керек еді. Жайшылықта ондай процессуалдық заң нормаларының титтейі назардан тыс қалмайтын, бұрынғы полиция басшысына келгенде қалайша күйістерінен жаңылып қалғанын түсінбеймін. Жас судья еді, тәжірибесіз еді, ұмытып кетіпті дей алмас, өйткені ондай резонансты істерді тек тәжірибелі судьялар қарайды. Содан кейін, неге сол факт бойынша қызметтік тексеру тағайындалмайды? Кімнің кінәсінен, соттың жауапсыздығынан ба, кеден қызметкерлерінің қылмыскерді «танымағандығынан» ба, прокурордың немқұрайдылығынан ба? Ауыр баппен айыпталған, сотталушы статусындағы қылмыскер органдар назарынан қалай тыс қалып, бой тасалап, шетел асып кетті? Іс қозғайтын жағдай ғой, бұл. Жай ғана халықаралық іздеу жариялап, қоя салуға болмайды. Сұрақ көп. Егер жай ғана интерполға артып, іздеу жариялап, осы айтылған әрекеттер жасалмаса, онда бәрі келісілген деген күдік қоюлана түседі. Ал қашып кетуіне көмектескен, ықпал жасаған тұлғалар анықталып, тиісті шаралар қолданылып жатса, өзі қашып кеткеніне сенуге болады. Қанша дегенмен, пәлен жыл полицияны басқарған адам, түрлі амал-тәсілден хабардар ғой. Жүк тиелген көліктің ішіне жасырынып, шыққан деген де ақпарат бар.
– Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Мұндай «тұтқиыл қашуды» ІІМ, шекара қызметі өкілдерінсіз ұйымдастыру мүмкін емес» деп жазыпты. Билік Қаңтар оқиғасын ұйымдастырған да ҰҚК, ІІМ деді. Бұл салалар сатқындардан әлі тазарып болмаған ба?
–Депутат солай десе, солай болар. Содан кейін, 30 жыл тамыры тереңге кеткен ескі кланның адамдарынан бірден арылу мүмкін емес. Олар әр салада бар, барлық саланы жайлап алған. Басшылық орындарда да отыр. Егер жаңағы айтқандай, Күдебаевтың елден бой тасалап, қашып кетуіне көмектескен, ықпал жасаған лауазымды тұлғалар анықталып, жауапқа тартылса, онда жаңа Қазақстанға сенуге болады.
– Күдебаевтың өзі заң саласының адамы. Заңды қорғап отырған жуандардың өзі заңды бұзады. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» дегеннің кері.
–Заң саласындағылардың бәрі заңды сақтайды деп айта алмас едім. Шерхан Мұртаза айтқандай «Біздің заңдар тек қара халыққа арналған, өрмекшінің торы сияқты». Әлсіздер тұтылады, күштілер құтылып кетеді. Жемқорлыққа белшесінен батқан салалар осы құқық қорғау органдары мен сот қой. Оны бірден тазарту мүмкін емес. Оған да бірталай тер төгіп, бірталай уақыт кетеді.
–Қаңтар оқиғасы бойынша шекара бұзатындардың саны әлі де көп болуы мүмкін бе, қалай ойлайсыз?
–Дәл осылай жалғаса берсе, қайталанады деп ойлаймын. Кешегі сайлаудың қалай өткенін өзіңіз көрдіңіз. Ал осы сайлау – елдің соңғы үміті еді. Сол нәзік үмітті де жерледі, халық. Қымбатшылық мынау, жұмыссыздық анау. Баспанасыздардың дені өз қазағымыз. Ауылдың жағдай айтпаса да түсінікті. Жаңа Қазақстанда жақсы жағына өзгереміз деген үміт отынан бұлыңғыр сәуле ғана қалды. Бәз баяғы ескі Қазақстандағыдай билікке көтеріліп жатқандар, парламентке өтіп жатқандар белгілі бір топқа, қазіргі президентке жақын адамдарға жақын адамдар. Марапатталып жатқандар да солар. Көтеріліп жатқандар да солар. Өзгерген жүйе жоқ. Тек билік басындағы адамдар ғана өзгеріп жатыр. Жүйе сол қалпы. Сол баяғы жең ұшынан жалғасу, тамыр-таныстық, жемқорлық. Бұлай жалғаса берсе, халыққа ендігі бәрібір. Өлсек, алаңға шығып өлейік деп, шығуы бек мүмкін. Соған келе жатқан сияқты көрінеді. Қорқыныш билейді бойыңды. Ал Қаңтарда жеңілген бұрынғы билік өкілдеріне де керегі осы. Оларда ақша жетеді, жағдайлары тамаша. Қарапайым халық қазір кім жағдайын жасаса, соның сөзін сөйлейтін халде. Ақыл-ойды тұрмыс билейді, өйткені. Киер киім, ішер асқа жарымай жүрген, Kaspi-Red-ке тамақ алып жүрген адамдарға патриотизм, мемлекетшілдік, елдің болашағы деген әңгіме өтпейді. Қазіргі қоғамның бет-бейнесі, ащы шындық – осы. Билік енді идеологияны дұрыстамаса, идеологияға жауапты адамдарды дұрыс таңдамаса, дәл осы бағытта кете берсек, жағдай ушыққан үстіне ушыға береді де, бір күні шиқан сияқты жарылады.
–Жұрт Бауыржан Байбектің де шекара асып кеткенін айтып жатыр. Ол бас сауғалап жүр ме, әлде Ақ теңіз, Қара теңіздің бірінде демалып жатыр ма? Қайда екені айтылмайды, ішкен-жегені тексерілмейді, бұл қалай?
–Жауапсыз сұрақтар көп қой. Түсініксіз жайттар да көбейіп барады. Халықтың да кімге сенерін білмей, моральдық тұрғыда шаршағандары осыдан. Жұмбақ нәрсе көбейіп кетті. Не ойларыңды білмейсің. Кімнің қайда екенін, байлығының қайда екенін білмейсің. Қайтарылып жатыр дейді. Қайтқан ақша қайда, қаншасы қайтты, қайда жұмсалып жатыр? Есеп жоқ. Бір-екеуі сотталды. Тағы бір-екеуі сотталып жатыр. Ал кланның белді мүшелерінің кейбіреулері жайбарақат өмір сүріп жатыр. Соған қарағанда, бұрынғы билік пен қазіргі билік арасында біз білмейтін «меморандум» бар болуы мүмкін.
–Қазақстанды тонап, шетел асқандардың дені миллиардерлер. Ақшалы адамның қолы ұзын, айлалы келеді. Бұлар шетелде тыныш жата ма, сыртқы күштердің ықпалымен, оқтын-оқтын Қазақстанның тыныштығын алмайтынына кім кепіл?
–Тыныш жатады деп ойламаймын. Кеше сайланған парламент құрамын көрдік. Дені – ауызбен орақ оратын популистер. Ісі мен сөзі үйлесетін, елге сыйлы адамдар сирек. Бұл – халықтың онсыз да сиреген сеніміне селкеу түсірді. Оның бәрі – бұрынғы клан мүшелеріне майлы плюс. Биліктің әр қателігі – оларға өзінен-өзі келіп жатқан жақсы ұпай. Соны ұтымды пайдаланып, шаршаған халықтың сеніміне кіріп алулары әбден мүмкін деп ойлаймын. Әзірге әліптің артын бағып отыруы мүмкін. Кешегі сайлауда жеңілгендер бар, олардың артында қанша халық тұр. Қымбатшылық қысып барады. Өндіріс орындары жоқ. Популистердің, алыпсатарлардың, ебін тапқандардың заманы болды. Дәл қазір билікке өкпесі қара қазандай бұқараны қаратып, жақтас етіп алу қиын емес деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Жарас КЕМЕЛЖАН