Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 23 Мамыр 2024

Құмарлық құрсауындағы әйел (Сандуғаштың әңгімесі)

лудомания
Фото: narkology.info

Астананың сол жағалауындағы жер үйлер орналасқан аудандағы құмар ойындары мен есірткі, ішімдікке салынғандарды емдейтін орталыққа осымен екінші рет келіп отырмын.

Есіктен кіргенімде емделушілер ішке азық-түлік тасып, өзара күбірлесіп жүр екен. Орталықты аралатып, сұхбаттасатын бөлмеге өтуімді сұраған консультант: «Телефонымды сөндіріп, тек диктофонмен кірсеңіз», – деді. Мұндағы тәртіп – бәріне ортақ. Емделушілерге жақындарымен хабарласқан кезде болмаса, басқа уақытта телефон ұстауға тыйым салынған.

Екі қабат коттедж – үлкен ас үй, бірнеше жатын бөлме мен екі дәріс залы, басшылықтың кабинетінен тұрады. Емделушілер орталықтағы тазалық, ас әзірлеу, аула тазалау сынды жұмыстарды толықтай өздері атқарады.

«Бір кездері мен осы орталыққа есірткіге тәуелділіктен емделуге келген едім. Содан бері үш жыл өтті, қазір осында өзім сияқты адамдарға көмек қолын созатын консультантпын. Мемлекеттік қызметімді тастап, орталықтың маманына айналдым. Арнайы оқудан өткен сертификатым да бар. Бұл орталықта бәріміз бір отбасы сияқты жүреміз. Тазалық жұмыстары, ас әзірлеу, жуылған киімдерді шығарып жаю, үтіктеу сынды жұмыстарды кезекшілікпен атқарамыз. Мұнда күн тәртібі, тәулік бойы кімнің немен айналысатыны жазылған, ешкім бос жүрмейді. Қазір орталықта 15 адам бар, оның бесеуі әйел адамдар. Бұрын көбіне жігіттер ғана болатын, соңғы жылдары емделушілердің қатарында синтетикалық есірткі тұтынатын жап-жас қыз-келіншектердің саны көбейіп келеді. Жуырда ғана тик-токқа тәуелді 8 жасар ұлды ата-анасы емделуге әкелді. Таңнан түн батқанға дейін телефонда отыратын бала тұйық, айналасында не болып жатқанымен шаруасы жоқ, телефонын ал десе өте қатты агрессия танытатын болып кеткен. Мұны цифрлы тәуелділік дейміз. Баланың ата-анасымен көп жұмыс жасалды. Адамдар тәуелділік дегенде ең алдымен сол адамның өзін кінәлап жатады. Бірақ оның түпкі себебі мүлдем басқада. Жалпы орталықта ересектердің отбасы мүшелерімен де тренингтер өткіземіз. Адамның өзін ғана емдеу мәселені толық шешпейді. Оның ар жағында балалық травма, ата-анасының дұрыс көңіл бөлмеуі, қарым-қатынастың жетіспеушілігі, қатал мұғалім, мазақ ететін достар сынды себептері көп. Және мұнда адам өз еркімен келуі керек, күштеп, қинап әкелген адамдарды емдеу мүмкін емес», – дейді аты-жөнінің құпия қалуын сұраған волонтер.

Құмар ойынға салынған келіншектің хикаясы

Келесі тілдескен кейіпкерімді топтық терапиядан шыққанша күтіп отырдым. Сандуғаштың орталыққа Тараздан келгеніне екі апта болыпты. Лудомания дертіне шалдыққанға дейін дүкенде сатушы боп жұмыс істедім, құмар ойын айрандай ұйыған шаңырағымды ортасына түсірді деп бастады ол әңгімесін.

«Мен Ақтөбенің қызымын, жасым 32-де, үш баланың анасымын. 22 жасымда Тараз қаласындағы қарапайым отбасының жігітімен тұрмыс құрдым. Күйеуім мектепте сабақ береді, мен дүкенде сатушы болдым. Бәрі сол дүкен ішіндегі ойын автоматтарынан басталды. Автоматқа ақша тігетін жігіттердің ойыны мен эмоцияларын қызықтап жүріп, өзім де бір күні ойнап көрдім. Алғашқы кездері тиын-тебен салып жүрдім, біраз уақыт өткен соң кассадағы ақшаны орнына қоямын ғой деп 1000-2000 теңгеліктерді қоюды шығардым. Құмарлығым күннен күнге артып, біраз уақытта өте ашуланшақ адамға айналдым. Ойымның бәрі салған ақшамды қалайда шығару боп тұратын. Ақша үшін небір өтірікті шындай етіп айтатын болдым. Полицейлер дүкендегі автоматты заңсыз деп алып тастаған кезде бір жеңілдеп едім, бірақ сондағы жігіттер «салған ақшаңды шығарып береміз» деп, телефон арқылы ставка қоюға үйретті. Қожайыным ай соңында ақша жетпей қала беретін болған соң жұмыстан шығарды, салатын ақша қалмады. Туыстарымның бәрінен аз-аздан «балам ауырды», «өзім ауырдым» деп қарыз алып жүрдім. Соңында қайын енемнің алтындарын, күйеуімнің ноутбугын ломбардқа өткізіп ұсталдым. Ел арасында сөз жатсын ба, көршілер «келіні құмар ойын ойнайды» екен деп елдің бәріне жайып салғандықтан енем ата-анамды шақыртып, мені алып кетулерін сұрады. Күйеуім біраз таяқтың астына алып, кетерімде «емделмей бұл үйге келме» деп шығарып салды», – деді кейіпкеріміз.

Сандуғаштың жағдайын естіген ана-анасы мен бауырлары ақша жинап, ел-жұрттан алыс Астанадағы орталыққа әкелген. Сұхбат барысында Сандуғаш тырнағы мен ернін тістелей берді. Мамандардың сөзінше, орталықта кемі екі ай жататын болады.

«Менің жағдайымды естіген анам «мұндай арсыздықты көргенше өлгенім артық еді» деп уайымға салынып, микроинсульт алды. Тыныш өмір кешкен күндерім сағымға айналды. Тығырықтан шығудың жолын іздеп, өзім де талай өлім туралы ойладым, бірақ жан тәтті екен. Үш балам қазір күйеуімнің қолында, орталыққа ағам әкелді (жылап). Өзіміз жақта ел-жұрт білсе масқара боламыз деп Астананы таңдадық. Үш ұйықтасам да құмар ойынға тәуелді боламын деп ойлаған емеспін. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» дейді ғой. Күйеуім хабарласып тұрады, бұрынғы қарапайым өміріме қайта оралып, балаларымның қасында болуды ғана қалаймын. Ең өкініштісі, мен өзімнің ғана емес, бүкіл отбасымның өміріне қара дақ салдым. Енем мен күйеуімнің елге қарайтын беті жоқ, ата-анам малын сатып мені емдетіп отыр», – деп ағынан жарылды Сандуғаш.

Емделушілер арасында депутат, министрлердің де балалары бар

Орталықтағы психолог Аманжан Именжанұлы емделуге келген жігіттердің көпшілігі арақ пен құмар ойындарына салынған болса, қыздар нашаға тәуелділіктен айығуға келеді дейді.

«Оңалту орталықтарына әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері келеді. Пациенттердің ішінде депутат, министрдің балаларынан бастап қарапайым үй шаруасындағы адамдар да бар. Тәуелділік жоқшылықтан, қаржының қажеттілігінен емес. Көп жағдайда ләззат алу, іштегі қуысты толтыру, белгілі бір проблемадан назарын басқаға бұрудан басталады. Сондай-ақ ол психологиялық дерт. Өңірлерден келетін кісілер орталыққа жүгінгенге дейін балаларын мешітке апарып, үйде қамап, өз беттерінше емдеуге тырысады. Маман ретінде мұндай әрекеттердің көмектеспейтінін айтқым келеді. Тәуелді адам психотерапевтермен, арнайы мамандармен жұмыс істеуі керек. Тіпті сіз күш көрсету арқылы тоқтаттым деген күнде де, ол біраз уақыт өткеннен кейін өзінің әрекетін қайталайды. Лудоманиядан айықты деген пациенттердің кейбірі 5-7 жыл ішінде келіп жатады. Оның психосоматикасы неде, түпкі проблема қайда жатқанын анықтаймыз. Маманнан бөлек, тәуелділік дертіне шалдыққандарға жақын адамдардың, достарының, әріптестерінің қолдауы өте үлкен көмек, мотивация. Жақыныңыз тәуелділікке салынған болса, оны сөгуге асықпай отырып сөйлесіңіз. Сізге сенім артуға болатынын, көмек көрсете алатыныңызды, жалпы қандай жағдай болмасын оны қабылдайтыныңызды сезінуі тиіс. Ары қарай мамандарға жүгінген абзал. Біздегі бір айлық баға – 200-350 мың теңгенің арасын құрайды. Жағдайы жоқ отбасыларға жеңілдік қарастырылған. Осы бағаға жатын орны, емі, үш мезгіл тамағы толықтай кіреді. Өкінішке қарай, елімізде тәуелді адамдардың қатары күн санап көбейіп жатыр және көбінің дені жастар. Цифрлық тәуелділікке қазір үш-төрт жастағы баладан бастап, еңбектеген қартқа дейін шалдыққан. Мұнымен ел болып күресуіміз керек», – деді маман.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2022 жылдың өзінде құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру қызметінің көлемі 553 660, 1 млрд теңге болған. Елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның құрбанына айналып отыр. Букмекерлік кеңселердің бір жылдық айналымы – 1 триллион теңге, лудомания дертіне шалдыққан – 174 отандасымыз 36 миллиард теңгеге бәс тіккен. Елде суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан.

Айжан Қалиева

Астана қаласы