Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Күрсінгенімде күн күркіреді...

Темірхан Медетбек
Фото: ашық дереккөз

Ақын Темірхан Медетбек өмірден өтті... Арып таласқан, қидаласқан, көк сүңгінің ұшындай кезенген, алдаспанның жүзіндей жарқыраған, қара қобыздай күңіренген ақын жүрегі тыныштық тапты.

Ол құдіретті поэзиядан өз сүрлеуін, соқпағын іздеді, соның жолында өнімді еңбек етті, сүрінді, сынға да ұшырады. Бірақ тынбады, тізгін тартпады. Ақыры оны көкірегіндегі үміт оты ежелгі баба рухымен табыстырды, Күлтегін, Тоныкөктің ескерткішіне жетелеп алып келді. Ақын жүрегі дүр сілкінді. Асыл текті балаларының алапат рухын қайта тірілтіп, атқан таңдай жарқырап, жауар күндей күркіреп, алпыс екі тамырын идіріп жырлады. Түркінің байырғы бітік тастай берік болмысына өлеңмен дем салып, жан бітіріп, жас ұрпақтың бойына дарытсам деп жыр жазды.

Өзінің ізін басып, жолын жалғаған, заманның қиын кезінде әдебиетті жанына серік еткен іні-қарындастарының да маңдайынан сипады. Оларды «алтын көпірліктер» деп атап, тұтас бір дәуірдің өлең керуеніне толымды бағасын беріп, жолын ашты.

Ол ақиқаттың жүзіне тік қарады. Ұлтының тағдырын, ділін, тілін, тарихын талапайға салмаймын деп талай рет тақым қысып, додаға түсті. Жүрек қанын өлең үшін, жігер күшін туған халқының болашағы үшін сарп етті.

«Көктүріктің сарыны» әлі талай ғасырлардың бойтұмарына айналары кәміл. Рухы пейіште шалқысын!

Бексұлтан Нұржекеұлы
Фото: Жас Алаш

Ұлтын құр сөзбен емес, жан-тәнімен жақсы көретін

Қазақ көркемсөзінің ең алдыңғы сапында жүрген азамат ініміз, ақ адал бауырымыз Темірханды бүгін ақтық сапарға шығардық. Темірхан шын мәнінде қазақтың бүкіл өмірін жырлап өткен, бойындағы күллі талантын, ақылы мен білімін қазақ үшін сарп еткен қимас, сыйлас бауырымыз әрі ініміз еді. Ол талантты, білімді ақын ғана емес, елін сүйетін, жерін сүйетін азамат болатын. Ұлтын құр сөзбен не өлеңнің жолдарымен емес, жанымен-тәнімен жақсы көретін. Темірханның түркіге, түрік халқына арналған жырлары Йоллығ Тегіннің өзінен кейінгі жігерді қайрайтын қазақтың асыл жырлары дер едім. Күлтегінге сиынбай өткен қазақ нағыз қазақ емес. Соны білген Темірхан бауырымыз жырымен кейінгі жастарды тарихқа, түрік халқының өткеніне, текті ұрпақ болуға ұмтылу керегін жазған аймаңдай ақын. Ол айтпай кеткен тақырып, жазбай кеткен жыр сирек шығар. Бәрін айтып я жазып кететін адам болмайды. Көп білетін адам болады, бірақ ешкім бәрін біле алмайды. Елін-жерін сүюді Темірханнан біздей ағалары не замандастары әлде інілері емес, болашақ ұрпақ мәңгі үлгі алады деп ойлаймын. Артында Шолпан келіні мен балалары барда аты өшпесі анық. Ұрпағы жалғаса берсін! Ініміздің жатқан жері жайлы болсын. Ұлтын сүйген жүрегі өз халқының топырағында болашаққа сенген күйінде мәңгі жай тапсын. Елі мен жұрты аман болса екен. Артында қалған шаңырағы шайқалмаса екен деп тілейміз. Әр ақынның жүрегі елдің жүрегімен, шаңырағы ұлтының шаңырағымен бірге ғой. Сол тұтастық мәңгі сақталса екен деп тілейміз!

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ

тынымбай
Тынымбай Нұрмағанбетов

Жүрегіне ауыр салмақ түсті

Бүгін қазақ поэзиясындағы қазалы күн деп айтуға болады. Темірхан өзінің күреспен өткен, махаббатпен, сезіммен өткен, айқастармен өткен сексен жылдық өміріне нүкте қойды. Ол шын мәнінде шаршады. Дәрігер дұрыс айтты. Жүрекке ауыр салмақ түскен. Себебі Темірханның өмірі күрес, айқас, сәтсіздіктермен басталып, аяғы саналы ғұмырға ұласты. Жақсы қызметтер істеп, елдің аузына ілікті, бағаланды. Үкімет тұрғысынан да тиісті марапатын алды. Мұндай ақында арман жоқ шығар. Өмірдің өзі де сол ғой, күреспен басталады да, адамды тәрбиелейді. Темірханның айтқан әңгімелерін толық тізбектеп айтып шығу мүмкін емес. Тек бір әңгімесі ерекше есте қалды. «Қара жұмыс істеп жүрмін» дейді. «Өлеңдерім газеттерге басылып жүр, мен туралы Тоқаш Бердияров мақтау айтты. Бұл қазақ әдебиетіндегі жаңа есім, жаңа үннің келгені деп айтты. Ал өзім қара жұмыс істеп жүрмін. Мен соған қатты қорландым» деді. Сайымжан деген жігітпен жақын дос болып еді. Сол жігіт өлеңдерімді оқып, Жұбанға ертіп апаратынын айтқан. «Ол кезде Жұбанмен кездесемін деген қиялымда да жоқ еді. Жұбан – ол кезде Жазушылар Одағының екінші секретары, Қазақстан компартиясының пленум мүшесі. Аты дүрілдеп тұрған кез. Шынымен қатты қуандым. Қасымдағы жігіт бір топ өлеңдерімді ала жүр деген еді» дейді. Сөйтіп Темірхан бір топ өлеңін алып, Жұбанның алдына барыпты. Амандық-саулық сұраған соң, Сайымжан: «Мынау Темірхан деген ініңіз. Өлең жазып жүр, сіздің алдыңыздан өтуге келді» деп Жұбанға дұрыстап таныстырған екен. Кейін Темірхан Жұбанның алдында өлеңдерін оқыпты. «Екі-үш өлеңімді оқып болған соң, бұл кісі қалай қарар екен деп көз тастап едім, тағы да оқуымды сұрады. Көп оқи бергенім ыңғайсыз болар деп отырдым. Жұбан ұзақ ойланды. Кейін ақырын сөз бастап, осы бірер күнде Қазақстан Компартиясының пленумы болатынын айтты. Сол пленумнан кейін маған келіп кет деді. Қуанып кеттім» дейді. Сол кезде, Темірханның айтуынша, қуанышында шек болмаған. Тіпті жұмыс істеп жүрген жерінде бригадирше шекір көрсетіп сөйлегенін естелік қып айтқан. Темірхан: «Жанымда жұмыс істеп жүргендерге сендер мені қор болып жүре береді деп ойлап па едіңдер дегендей, текетіресіп сөйлеп жүрдім. Кейін пленум өтті. Сол пленумнан соң Жұбан ағамыз екінші хатшы қызметінен босап шықты» дегенді айтып, өзі күлетін. Осы әңгімені айтып отырып: «Адамның тағдыры деген қызық, ә. Мен сонда сонша үмітті әрі бақытты болдым. Ал Жұбағаң қызметінен босатылғанда, менің күйім тіпті айтуға келмейді» деп күліп, еске алатын. Осындай сәтсіздіктер оның өмірінде көп болған. Бірақ бұл сәтсіздіктер оны тәрбиеледі, өсірді, жеткізді. Темірхан – бақытты ақын. Қош бол, досым!

Тынымбай НҰРМАҒАМБЕТОВ

Смағұл ЕЛУБАЙ
Смағұл ЕЛУБАЙ

ЕҢСЕСІ ЕЗІЛГЕН ЕЛДІҢ РУХЫН КӨТЕРГІСІ КЕЛДІ

«Алладан шыныменен жарлық келсе, жұлдыз да жерге түсер аспандағы» деп Шал ақын бекер айтпаған. Алланың еткен ісіне адамның жоқ шарасы. Біз бұл ақиқатты бүгін өкінішке қарай мойындап отырмыз. Темекеңмен біз сырлас болмасақ та, сыйлас едік. Себебі ол да, біз де соғыстан кейін туған ұрпақтың баласы едік. Соғыстан кейінгі ұрпақ алпысыншы жылдары етек-жеңін жинап, ес жиған кезде бір ақиқатты көзбен көрдік. Еңсесі езілген елді көрдік. Сан ғасыр бодан болып, ашаршылық пен талай-талай зұлматтардан аман шықса да, еңсесі әбден езілген, рухы жаншылған елді көрдік. Сол елдің еңсесін көтеруді мақсат еттік. Алпысыншы жылдары Темекең бастаған әдебиетке қосылған бұл ұрпақтың басты мақсаты осы болды. Сондықтан ол тарихынан жұрдай болып, жұтаған рухтың тереңіне үңілді де, Көктүріктер заманына көңіл бөлді. Күндей күркіреп өткен Көктүріктердің рухына табынды, соларға тағзым етті. Сол Көктүріктердің ұлдары мен қыздары біз едік деп біздің рухымызды көтеретін жырлар жазды. Жаппар ием жарылқап, ақыретте алдынан жеті тозақ жабылып, сегіз пейіш ашылғай дейміз. Қош бол, Темеке!

Смағұл ЕЛУБАЙ

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

ҚОЛТАҢБАСЫН ЕКІ РЕТ АУЫСТЫРҒАН АҚЫН

Таулар дара, жалғыз болмайды ғой. Таулардың қатары болады. Ақ бас Алатаудың ақ шаңқан құзар шыңдары секілді. Атыраудың ақ бас толқындары сияқты. Темірхан аға әдебиетке сондай бірыңғай шаңқан боз алыптармен қатар келген қаламгер. Әдебиетте бұл алыптар «соғыстан кейін туғандар» деп дараланады.

Бұлардың ішінде Күләш Ахметова, Жарасқан Әбдіраш, Кеңшілік Мырзабек, Нұрлан Оразалин, Жұматай Жақыпбаев сияқты бірінен-бірі өткен бұл алыптардың шоғыры Үркер жұлдызы сияқты көзге қуаныш ұялататын, жүрекке рухани нәр беретін. Осылардың ішінде Темірхан аға жұлдызы жарықтау, иығы биіктеу тұрғаны бәрімізге мәлім. Ақынды ақын қылатын, адамды адам қылатын, ең алдымен – мінезі. Темірхан ағаға Алла Тағала мінезді үйіп-төгіп, көміп, құйып бере салған. Темаға керек кезінде шымырқанып, табан астында арыстандай күжірейіп шыға келеді. Сондай болмысы биік тұлға еді. О бастан әдебиетке қолтаңбасын айқындап келгені сондай – мың-сан ақынның ішінен «мынау Темірхан Медетбектің өлеңдері» деп бөле-жарып қарайтын құлжаның сақасындай өлеңдер дүниеге әкелді. Сол кездегі әдебиет сыншылары мен үлкен қаламгер ағалардың бірден көзіне түсіп, ақ батасын алды. Қолына қалам ұстаған сәттен бастап, қазақтың сөз өнерінің рухын аспандатып ала жөнелді. Темағаң әдебиетке бөлек таным, өзгеше мазмұнмен келді, ұлт поэзиясында заманауи, атына заты сай Темір дәуірдің жырларында алтыннан құйғандай ғажайып болмысты танытты. Темірхан ағамыздың өзі де әдебиет сапарында екі мәрте ат ауыстырып мінген ақын! Темірхан ағаның «Көк түріктер сарынына» дейінгі қолтаңбасы бір төбе де, одан кейінгі қолтаңбасы бір төбе! Жалпы поэзияда қолтаңба ауыстыру өте сирек құбылысқа жатады. Болмысыңды, ішкі жан дүниеңді қопарып, қозғап, қайта орналастырып, бөлек сипат, бөлек әнге көшетін дүние. Нәтижесінде «Көк түріктер сарыны» дейтін алапат құбылысты адамзат поэзиясына алып келді. «Көк түріктер сарынының» алғашқы кітабы шығып, қолыма тиген сәтте мен де басқа оқырмандар секілді ғажап халді бастан кешірдім. Кейбіреулер мұны ет пен тердің арасындағы көбік, жалт етпе шырақ сияқты деп қабылдады. Бірақ артында олай болған жоқ. Лек-легімен, топ-тобымен «Көк түріктер сарыны» дүниеге келе берді. Сонда Темірхан ағамыз арғы жағы таусылмайтын қазынаның дөп үстінен түскендей сүйсіндірді, әрі таңғалдырды. Халқына, жұртына сол қазынаны алтын шөмішпен алып, алтын қазанға құйып жатқандай елестейтін еді. Темірхан аға – сондай алып болмысты тұлға. Сөздері қандай ірі болса, өзі де сондай ірі еді.
Мағжан ақын «Надан адам өлім жоғын білмейді» дейді. Темірхан аға туралы ойласам, осы жолдар еске түседі. Темірхан ағамыз өлген жоқ. Оның артында Махамбеттік батыр болмысы, Абайлық ойлау жүйесі, дарқан пейілі мен жыры, алып ізі қалды. Темірхан ағаның жырларымен қаршадай кезімізден таныспыз. Адамның ішкі әлемі оның шығармашылығында сайрап жатады. Ақынның өлеңімен танысқаның, адамның өзімен танысқаның емес пе? Ал Темірхан ағаның өзімен 1996 жылы Нұрлан ағамен Жазушылар Одағының хатшылығына келген кезде таныстым. Ағама өз басым қатты еліктедім. Кезінде ағамыз бұл туралы жазды да. Біздің жас кезіміз тоқсаныншы жылдармен тұспа-тұс келді. Қиындау кезеңдерді, ауыр заманды бастан кешірдік. Темірхан ағаның кабинетіне барып, әбден еркелеуші едік. Біздің кезімізде еркеліктің сипаты бөлек еді ғой. Соның бәрін ағамыз көтеретін еді. Ешқашан құр қайтармайды, қалтамызға салатынын салып, алдымызға дастарқанын жайып береді. Қара шаңырақта қара дөң батырдай қасқайып отырушы еді ғой, жарықтық. Бір күні ағам шақырып: ­«Маралтай, сендер де өсіп келе жатырсыңдар. Сендер өздеріңді әдебиетте қандай буын өкілімін деп есептейсіңдер? Атауларың қандай?» деген кезде, мен ойланбастан: «Аға, біз алтын көпірліктерміз» дедім. Темірхан аға елең ете қалды, көзінде от жарқ етті. «Дұрыс айтасың. Алмағайып заманда, ең қиын соққан тоқсаныншы жылдары сендер әдебиетті сақтап қалдыңдар. Қиын заманда жүріп, бір ғасырдан бір ғасырға, бір буыннан бір буынға әдебиетті жалғадыңдар. Мен сендер туралы мақалалар топтамасын бастап жатырмын. Әуелі өзімнен бастаймын. Алтын көпірлік деп сенің айтқаныңды мақаланың кіріспесінде жазатын боламын» деді. Және дәл солай жасады. Темірхан аға бізді әдебиеттің тарихына қашап жазып кетті. Ол кісінің адами қасиеті жайлы айтып тауыса алмаймыз. Кез келген мықты ақынның кеудесінде ат басындай жүрек болады. Ақын онсыз елдің сөзін сөйлей алмайды, ұлтының, халқының, адамзат баласының мұңын дөп басып айта алмайды. Алла Тағала Темірхан ағаға сондай алып жүректі нәсіп еткен. Ол қай кезде де елдің жағдайын, қоғамның халі мен халықтың бағасын бірінші жақпен сөйлей алды. Бір өлеңінде өзі де: «Сөйлеу керек ең бірінші жақпенен» дейді. Өз «меніне» адал болды, ешқашан жоғалтпады. Қасқайып тұрды. Оқтың өтінде де, желдің өтінде де өзінің дидары мен жүзін қаратып, қасқайып тұрып әңгіме айтты. Көптеген ақынбыз деп жүрген азаматтарға елді қалай сүю керегін, ел үшін қалай отқа түсіп, жері үшін қалай етігімен су кешу керегін көрсетіп, дәлелдеп берген ақын. Темірхан ақын бір дәуірдің басы, бір дәуірдің соңы сияқты сезіледі. Бұл ажал бәріміздің жүрегімізді қан жылатып, көңілімізді ортайтты.

Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ

Ерлан Жүніс
Ерлан Жүніс

Қаған қайтқан екен

Алматыда күн ашылмап еді,

бүгін.

Қарауытып тау тұрған.

Беймаза бөктері.

…Алтыншы ғасырда ма еді,

Алып қағанның қалғып кеткені?

Жоқ, бүгін бе еді,

біздің ғасырда,

(Қараңдаршы, тау көріне ме?..)

Бөрі ұлығандай тарихтың түбіндегі,

Жел ұйытқып еді таң басында.

Неге күн жауардай,

жауа алмай,

Қара бұлт қабаржыды екен?

…Алыстан ат кісінегендей иесін таба алмай,

Жоқ, әлде хабаршы ма екен,

Адасып жүрген дәуірлер арасында?

Түмен-түмен түрік қолы тұр ма, әлде,

Ат суарып Іленің сағасында,

Ақырғы жорыққа аттанғалы жүр ме, әлде?!.

Тау іргесінен іңір көшкен бе,

Замана іргесінен зар көшкен бе,

Нөсер боп келген нөпір әскер ме,

Наркескен бе,

айға шағылып шошайған?

Қара бұлт дегенім қаралы жұрты екен,

Қара жел дегенім уақыттың ырқы екен,

Қаған қайтқан екен,

Қаһарына мінген екен,

Қарагерін ауыздықтаған екен,

Қош деп шошайған қолым екен!

Ерлан ЖҮНІС