Ливан президенті «Хезболланы» биыл қарусыздандыруға үмітті

Ливан президенті Джозеф Аун Иран қолдайтын «Хезболланы» биыл қарусыздандыруға ниетті екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Израильдің әскери әрекеттерінен кейін әлсіреген топтың бұрынғыдай қауқары жоқ.
«2025 жылға дейін "Хезболланың" қаруы мемлекет иелігіне өтеді немесе мүлдем жойылады деп үміттенемін. Менің мақсатым – осы», – деді АҚШ қолдайтын президент Al-Araby Al-Jadeed арнасына берген сұхбатында.
«Хезболла» 1980-жылдардағы Израильдің Ливанға басып кіруінен кейін құрылған. Содан бері ел ішіндегі ықпалды саяси әрі әскери күшке айналды. Ұзақ жылдар бойы бұл топты қарусыздандыру талпыныстары нәтиже бермеген.
Президент Аунның айтуынша, топ мүшелері Ливан азаматы ретінде армия қатарына қабылдана алады, бірақ «Хезболла» армияның жеке құрылымы ретінде жұмыс істей алмайды. «Біз бұл процесті тек диалог арқылы жүргізгіміз келеді. Азаматтық соғыс отын тұтатқымыз келмейді», – деді ол.
Президент Аун Израильдің «Хезболлаға» жасаған соққылары, Ливан үкіметінің қысымы және топтың өз ішінде болған әлсіреу бір кездері мүмкін емес көрінген қарусыздандыру жоспарын іске асыруға жол ашуы мүмкін екенін айтады.
Израильмен 2024 жылғы қақтығысқа дейін «Хезболла» Таяу Шығыстағы ең қауіпті қарулы топтардың бірі саналып келген. Жүздеген мың зымырандары мен кәсіби даярланған сарбаздары бар еді.
Алайда қазір жағдай басқаша. Аун бұл мәселе бойынша әлі «Хезболламен» ресми сөйлеспегенін, бірақ Ливан парламентінің спикері әрі шиит саясаткері Набих Берри мемлекет қаруды толық бақылауға алуы керек деген ұстанымда екенін айтты. Берри өткен жылы Израильмен атысты тоқтату келіссөздерінде делдал болған. Дегенмен, Берридің кеңесшісі CNN сауалына жауап бермеді.
International Crisis Group сарапшысы Дэвид Вудстың айтуынша, президент Аун Израиль мен АҚШ тарапынан «Хезболланы» тез арада қарусыздандыру бойынша қысымға ұшыраса да, бұл тақырыпта аса сақ қимылдауда. «(Аун) нақты мерзімдерді міндеттеме ретінде алған жоқ. Ол бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін жақсы түсінеді», – дейді сарапшы.
Өткен аптада «Хезболла» депутаты Хассан Фадлаллах Ливан үкіметімен қорғаныс стратегиясы жөнінде диалогқа дайын екенін мәлімдеген. Сарапшылар мұны Аунның ұсынысын жұмсартатын мүмкіндік ретінде қарастырады.
Аун аймақтағы ахуал өзгеріп жатқанын айтып, Иранның да өңірлік одақтастарына қатысты ұстанымы өзгеруі мүмкін екенін меңзеді. Сонымен қатар, Израильдің оңтүстік Ливандағы әскери қатысуы «Хезболлаға» қарулы болуға сылтау беріп отырғанын айтып, АҚШ-ты Израильге қысым көрсетуге шақырды.
«Хезболла» өз қарулы қарсылығын ел ішінде саяси легитимділік негізі ретінде пайдаланып келген. Алайда соңғы соғыстан кейін бұл негіз қаншалықты тиімді болып қалатыны – белгісіз.