Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

«Мәдениетті майшелпек еткендер»: Қызылордада Арт – спорт айналасындағы дау үдеп барады

1
Фото: opennews.kz

Қызылорда облысында «Даму бала» бағдарламасы аясында шыққан дау үдеп барады. Кәсіпкерлерден ақша бопсалаған бірнеше қоғамдық ұйым мүшелері бүгінде күдікке ілініп, үй қамаққа алынды. «Алаяқтық» фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр.

 Өз кезегінде платформа арқылы үйірме ашып, спорт секцияларының жұмысын бастаған кәсіп иелері мемлекет тарапынан үдеген тексерістен әбден мезі болғандарын айтады. 
Негізінен АРТ – спорт жасөспірімдердің шығармашылығын арттырып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған бағдарлама. Қызылорда облысында «Даму бала» платформасы арқылы 150-ге жуық үйірме жұмысын бастап, мемлекеттен қаржылай қолдау алған. Бұл әсіресе шет аймақта тұратын балаларға үлкен көмек болды. Мектеп оқушылары спорт секцияларына қатысып, өнермен айналысуға мүмкіндік алды. Кәсіп иелерінің заң аясында жұмыс жасауын бақылау облыс әкімдігінің жанынан құрылған арнайы мониторингті топқа сеніп тапсырылды. Қызық осы жерден басталды...

Арт – спорт бағдарламасы аясында ашылған спорт секциялары мен үйірмелерін тексеретін топтың құрамында қоғамдық ұйым мүшелері мен әлеуметтік желі белсенділері болды. Аймақ басшысының сенімін арқалағандар Facebook парақшасында кәсіптік нысандардың жағдайын тікелей эфирден көрсетіп, біраз заң бұзушылықты әшкереледі. Мұны көрген көшілік «бәрекелді» деумен болды. Алайда көп ұзамай белсеніп жүрген белсенділердің өздері құрықталды. Қаржылық мониторинг агенттігі күдіктілер 81 кәсіпкерлік субъектісінен өзінің сенімді тұлғалары арқылы 55 млн теңгеден астам қаражат алғандығын хабарлады. 

«Спорттық жабдықтардың талаптарға сәйкес келмеуі, балалардың келуін есепке алудың бұзылуы, бейнебақылау жүйелерінің толық сәйкес келмеуі және спорт секцияларына баратын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да бұзушылықтар анықталды», - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Белгілі болғандай, қоғам белсенділерінің үстінен жеке кәсіпкерлер шағым түсірген. Қазір құзырлы орган өкілдері жан – жақты анықтау жұимыстарын жүргізіп жатыр. Сенімді ақпарат көздері хабарлағандай, аймақтағы бірнеше басқарма басшылары қылмыстық істе куәгер ретінде түсінік беруде.

Расымен, бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Әлеуметтік желілерде, ресми кездесулерде халықтың құқығын қорғаған азаматшалардың мұндай қылмысқа барғанына көпшілік көпке дейін сенбей келді. Дегенмен, құзырлы органдардың ресми мәліметінен кейін, әліптің артын бағып отырғандар бар. Қызылорда облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, мониторингтің топтың құрамы жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлерімен қайта жасақталды. Жаңа құрам қоғамдық резонанс тудырған жағдайдан кейін «Даму бала» бағдарламасы аясында ашылған кәсіптік нысандарға тексеруді де, бақылауды да күшейткен секілді. Тексерістен көз ашпай кеткен кәсіпкерлер шағымын айтып облыс әкімшілігінде де жиналған еді. Бірақ шенеуніктер олардың базынасын негізсіз деуден таңбады.

«Қазір тып – тыныш жұмыс жасаудан қалдық. Тексеретін мамандар сабақтың үстіне төтеннен кіріп келеді. Спорттық секциялардың да жұмысын тексеріс келгеннен кейін тоқтатуға мәжбүр боламыз. Мониторинг топ мүшелері майда – шүйда кемшіліктерді тізіп шығады. Қазір баласын үйірмеге берген ата –аналардың да шағымдары бар», - дейді кәсіпкерлердің бірі. 

«Біздің үйірмеміз шет аймақта орналасқан, келіп жүрген оқушыларымыз да көп. Бізбен келісім – шартты бұзып жатыр. Біз әрине бұл шешіммен келіспейміз. Үйірмеде балалар үшін барлық жағдайды жасап отырмыз, азын – аулақ кемшіліктер үшін жұмысты тоқтатуға мәжбүрміз», - деп ашынады тағы бір кәсіп иесі.

 
Күні бүгін Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов құқық қорғау органдарының жауапты өкілдерімен, тиісті салалық басқарма басшыларымен жиын өткізіп Арт - спорт бағдарламасының зерделеу барысын пысықтапты. Басқосуда жұмысшы топпен 19 субъектінің жұмыстары тексеріліп, нәтижесінде 127,2 млн.теңге қаражатын заңсыз иемдену фактілері анықталғандығы айтылды. Анықталған бұзушылықтардың 106,1 млн. теңгесі мәдениет саласына, 21,1 млн.теңгесі спорт саласына тиесілі екен.

Сонымен бірге, «Даму бала» платформасына тіркелген балалардың ата-аналары 5740 баланың шын мәнісінде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатыспайтынын растапты. Күшейтілген зерделеу нәтижесінде өнім берушілер тарапынан жалған тіркелген 13 мыңнан аса бала тізімнен алынып тасталған. Айта кету керек, Мәдениет және Спорт басқармалары тарапынан зерделеу қорытындысымен 125 кәсіпкермен келісім-шарттар біржақты бұзылған. Оның ішінде 55 кәсіпкер өз еркімен жұмысын тоқтатқан. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер заңсыз иемденген қаражаттарын өз еріктерімен бюджетке қайтаруда, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жүруде.

Қорыта айтқанда, «Даму бала» бағдарламасы өскелең ұрпақ үшін де, кәсібің дөңгелеткен кәсіпкер үшін де, екі қолға бір күрек іздеп жүргендер де үшін де пайдасын тигізер жоба еді. Өкінішке орай, бағдарламаның берекесі жеке қалтасының пайдасын көздегендер мен бағдарламаны жоғары деңгейде ұйымдастыра алмаған басқармалардың әрекетсіздігі қашырды.