Мағауин Чехияға соңғы келгенде
Мұхтар Мағауин шығармашылығымен ерте таныстым. 6-сынып оқып жүрген кезім. Қар қалың түскен қыс мезгілі.
Үйге әкемнің інісі, сурет сабағының мұғалімі Дүкейхан ағам кіріп келді. Мектептен қайтқан беті екен. Жолай амандасуға бұрылыпты. Қолында қалың кітабы бар. Ақ пен қараның айқасы бейнеленген, әлде аң, әлде қыран құс, әйтеуір маған түсініксіздеу сурет бейнеленген мұқабасының төменгі жағынан «Үркер», жоғары жағынан Әбіш Кекілбаев деген жазуды оқыдым.
– Аға, мына кітапты қайдан алдыңыз? Оқуға бересіз бе? – дедім.
– Кітапханадан алдым. Өзім оқимын. Бірақ саған осыған ұқсайтын басқа кітап берейін. Үйден кеп алып кет, – деді.
Шай ішіп біткен соң ағамның соңынан ердім. Үйге жеткенде сөресінен «Мұхтар Мағауин. Аласапыран» деген аққұба кітап алып берді. Үйге келіп, жата-жастана оқыдым. Бір бастасам тоқтай алмайтын әдетіме салып, бас-аяғы бір аптаға жеткізбей аяқтағаным есімде. Тағы бір аптадан соң «Үркерді» де сұрап алып, оны да тауысқам. Әрине, екі кітапты да жете түсіне алмағам. Бірақ бұрын кезіккен кітаптардай емес, болмысы бөлек, бітімі басқа «Аласапыран» мен «Үркер» естен кетпестей боп жадымда сақталды.
Әбіш Кекілбаев пен Мұхтар Мағауин шығармаларына қызығушылығым арта берді. Әсіресе мектепте үлкен сыныпқа өткенде оқыған Мағауиннің «Архив хикаясы» әңгімесінің әсері көпке дейін бойымнан тарқамаған еді. Аяғын сылтып басатын кішкентай шалдың жас, ортасынан оза шыққан талантты, болашақ өміріне ұлы мақсат қойған аспирант Сембектің өміріне қалай әсер еткені туралы шығарма. Келешекке көп үміт артқан, арман-мұраты асқақ жігіттің тауын шағып, өмірін мағынасыздыққа айналдырып жіберген Сәмет ақсақал өлер алдында «Бәрі де менде бар. Менде бәрі бар!» дейтін екі-ақ ауыз сөз жазып кетеді. Сол жігіт кейін өзімен бірге оқыған курстасының ғылымдағы ғұмырына дәл солай ықпал етеді. Сембектің кебін құшқан бас кейіпкер де «ғылымнан безеді».
Алматыда, қара шаңырақ ҚазҰУ қабырғасында оқып жүргенде Мұхтар Мағауинмен кездесе алмадым. Сәті түспеді ме, әлде атағы жер жарған тұлғаның алдына баруға қорқақтағандықтан ба, шығармаларын қанша жерден жақсы көріп оқысам да өзін іздеп бармаппын. Кейін ол кісі Еуропаға көшіп кетіпті. Арада 10 жыл салып жазушыны 2018 жылы Прагада, журналист Ермек Тілеген ағаның дастарқанында көрдім. Уақытша демалуға келген сәті екен. Мен кіріп барғанда «Нобель» сыйлығының иегері, Эрнест Хемингуэйдің есімі жазылған, суреті басылған футболка киіп отырды. Оны даңқты жазушының АҚШ-тағы мұражай-үйінен алыпты. Имене қол ұсынған мені еш жатырқамай, бұрыннан таныс-біліс адамдардай құшағына қысты. Бір күн, бір түн сөйлестік. Айтушы, сөйлеуші – өзі, тыңдаушы – мен. Өзінің шығармашылығынан бастап бұрын-сонды өмір сүрген ақын-жазушыларды түгендедік. Ермек ағаның әзілге сүйеген тілімен айтқанда, «аруақтардың бәрін әкеп үстел басына отырғыздық». Әңгімеге арқау болған ондаған адамның жазушылығымен қатар кісілік келбетінен де біраз сыр ақтарған. Көбі ертеректе жазушының өзі айтқан, кітаптарына енген деректер. Бәрін болмаса да біразымен таныспын. Алайда сол әңгімені жазушының өз аузынан естудің әсері бәрібір өзгеше. Бұрын естімеген әңгімелер де айтылды. Алашорда қайраткерлері, совет заманындағы жазушылардың еңбектері мен пенделіктері, өзімен қатарлас, құрбылас қаламгерлердің кейбір қылықтары, тәуелсіздіктен кейінгі әдебиеттің бағыт-бағдары, ой-толғамдары, бәрі-бәрі сөз болды.
Байқағаным, жазушы өте оптимист адам екен. Қазақстанның, қазақ әдебиетінің болашағына күмән келтірмейді. Келешекте қазақ арасынан да әлемге танымал қаламгер, ақын шығатынына үміті зор екенін ауық-ауық айтып отырды. Дегенмен Еуропа елдеріндегі әдебиеттің ахуалы мен Қазақстандағы жазушылардың жағдайын салыстыру орынсыз екенін ескертіп, қаламақы мәселесінде қаламгерлерге үкіметтен көп қолдау керегін айтты. Әсіресе жас жазушыларға материалдық демеу маңызды деді. Мен қатарлы, менен кіші ақын-жазушылардың жазған-сызғандарын үнемі бақылап отырады екен. Мен арқылы өзім жақсы араласатын бір жігіттерге «Алматыдағы үйден көптомдық кітаптарымды алыңдар» деп, сәлем жолдады. Жазушының сәлемін сол қалпында жеткіздім, кейін «көп томдығын атамыздың өзі атап сыйлады» деп арқаланып жүрді.
Кейде адамға өмір өтпейтіндей, дәурен көшпейтіндей көрінеді емес пе?! Жазушымен сол күнгі сұхбатымды видео, не аудиоға жазып алмаппын. Күнде көрісердей, екі күннің бірінде кездесіп жүрердей қабылдап, ұқыпсыздық танытыппын. Прагада ұзақ аялдамай апамыз екеуі АҚШ-қа кетіп қалды. Содан қайтып Чехияға келген жоқ.
Нұрбек Түсіпхан