Мәңгілік мүдде. Байден мен Си кездесуі
Саясат деген қанша жерден ережесі, халықаралық деңгейде тәртібі жазылса да нақтылығы аз, өзгермелі құбылыс.
Елдер арасындағы қарым-қатынас көп жағдайда мемлекет тізгінін ұстаған жеке адамдардың көзқарасына, олардың көздеген мүддесіне байланысты. Өткен аптадағы АҚШ-Қытай келіссөзінен осыны байқауға болады.
Бес жыл бұрын ғана Ақ үйде Дональд Трамп отырғанда Қытайдың АҚШ-та сабақ берген профессорлары, оқып жүрген студенттері «тыңшы» деген күдікпен елдеріне қайтарылса, Байден мен Си 15 қарашадағы кездесуде ғылым-білім саласында гранттарды көбейтіп, студенттер мен оқытушылар санын арттыруға келіскен. Трамп «әділ сауда жүргізбейді» деп айыптап, Қытай компанияларына санкция салса, Байден өзара сауда-саттықты әлденеше есеге өсіруді ұсынған. Билікке келгелі бір өзі АҚШ-тың үш президентімен істес болып отырған Қытай төрағасы Си Цзиньпин бәрімен де тіл табысуға тырысады. Ұлыбританияның XIX ғасырда өмір сүрген лорды Джон Генри Темплдің әйгілі сөзімен айтқанда, өзін империя санайтын елдерде «мәңгілік дос та, дұшпан да жоқ, тек өзгермейтін мүддесі ғана бар».
«Кез келген уақытта бірімізге-біріміз тікелей қоңырау соғып, тұтқаны бірден көтеруге уағдаластық», деді АҚШ президенті өткен сәрсенбі күні Қытай төрағасымен кездесудің нәтижесін баяндап тұрып.
Си Цзиньпин де Қытайдың Америкамен «қас емес, дос болуға» бейіл екенін айтты. Ол АҚШ-тың ірі компаниялары жетекшілерімен кездесуінде «Қытайды жау көрудің қажеті жоқ» деген.
Өзара бәсекелес Вашингтон мен Пекин арасы Дональд Трамп тұсында қатты суыған. Кәсіпкер Трамп Қытайға «Сауда соғысын» жариялап, ондаған компанияларына санкция салған. Оған Шыңжаңдағы саяси қуғын-сүргін қосылып, адам құқығы мәселесі тұрғысынан Пекин Вашингтоннан көп сын естіген. Ақ үйге Джо Байден кірген соң да екі елдің қарым-қатынасы жақсарып кете қоймады. Былтыр АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайванға сапары, биыл ақпан айында АҚШ аспанында қалықтаған Қытайдың тыңшы шарлары ахуалды одан ары ушықтырып жіберді. Сөзбен тартысып, биік мінберлерден ауық-ауық айтысып қалса да экономикалық жағынан біріне-бірі қатты байланған екі мемлекет әзірше қарулы қақтығысқа бара қоймады. Оның зардабын тұтас әлем тартады. 15 қараша күні АҚШ-тың Калифорния штатындағы кездесуде екі президент те осы мәселеге баса мән беріп, саяси дипломатия, әскери байланыс және экономикалық қарым-қатынасты жетілдіруді талқылаған.
Байден Сиді қабағын түймей, жылы қарсы алды. Си де кергіген жоқ, жымиып қолын созды. АҚШ президенті Қытай төрағасы мініп келген көлікті «керемет» деп, мақтап қойды. Мәртебелі мейманына жайған ақ дастарқанға отырарда Байден қалтасынан телефонын алып шығып, бір суретті көрсетіп «мына жігітті танисың ба?» деп сұрады. Си «әрине, 38 жыл бұрынғы кезім ғой» деді күлімдеп. Сурет 1985 жылы түсіріліпті. Онда шашын жел қайырған жап-жас Си Калифорния штатындағы «Алтын қақпа көпірінің» үстінде тұр.
Ағылшындардың BBC агенттігі бұл кездесуді «АҚШ пен Қытай қатынасының жібуі» деп атаса, америкалық Bloomberg Байден мен Сидің кездесуіне «кішкентай жеңіс» деп баға берген. Ұлыбританияның The Guardian басылымы АҚШ-тың Си Цзиньпинді жылы қарсы алғанына, оған Қытай делегациясының аса разы болғанына назар аударған. Қытайдың Орталық телевидениесі CCTV де Си Цзиньпин сөзіне көбірек басымдық беріп, Джо Байден пікірінен азырақ үзінді келтірсе де «қос тарап қалыпты қарым-қатынасқа ынталы» деп қайта-қайта айтып жатты. АҚШ-ты «ашық дұшпан», Қытайды «сенімді серіктес» көретін Ресейдің «Известия» газеті екі президенттің кездесуіне арналған сараптама мақаласына «Уәде беру – татуласу емес» деген тақырып қойды.
12 жылдан кейінгі кездесу
Байден мен Си ескі таныстар. АҚШ-ты кіші Джордж Буш, Қытайды Ху Цзиньтао басқарған сонау екі мыңыншы жылдардың басынан бері бірін-бірі жақсы біледі. Байден президент Барак Обаманың соңынан ерген вице-президент, Си төраға Ху Цзиньтаоның орынбасары болған жылдары екі саясаткер бірнеше рет кездесіп, сағаттап сөйлескені бар. Сондай жылышырайда өткен жүздесулердің бірінде Си Байденді 2011 жылы Сичуань қаласындағы мектептердің біріне апарған. Қаумалаған оқушыларға АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті екі елдің күрделі қарым-қатынасын жеңіл тілмен түсіндіруге тырысқан. Сондағы айтқан көп сөзінің негізгі мәні – «АҚШ Қытайдың дамуына, халқының бақуатты өмір сүргеніне мүдделі».
Сол кездесуден 12 жыл өтіпті. Арада қанша су ақты, қанша дауыл тұрды?! Ол кезде жүрісі ширақ көрінген Байден қазір сүрініп жығылудан қорқып, аяғын ептеп басады. Содан бері Сидің де денесі ауырлап, қимыл-қозғалысы баяулаған әрі қайратты, қою қара шашын қырау шалған.
АҚШ-Қытай басшыларының кездесетіні хабарланғанда батыс сарапшыларының көбі негізгі әңгіме Таяу Шығыс пен Украинадағы соғыс тақырыбында өрбиді деп болжаған. Кейбір басылымдар Байден қытайлық әріптесінен Тегеранға ықпалын пайдаланып, Израиль-ХАМАС соғысына Иранды араластырмауға өтініш жасайтынын жазған. Сондай-ақ Ресейге оқ-дәрі, қару-жарақ жеткізбеуді қатаң ескертеді дескен. Кездесу қорытындысына қарағанда, бұл болжамдардың көбі қырын кетті. Reuters агенттігі дерегінше, Байден мен Си Украина мен Таяу Шығыстағы жанжалды мүлде талқыламаған.
Қытай делегациясының құрметіне АҚШ президенті берген қонақасына Американың ең ірі кәсіпкерлері, ондаған, жүздеген миллиард доллары бар байлар да қатысты. «Кіру билетінің құны 40 мың доллар болған дастарқан үлкен мәдени іс-шараға ұқсады» деп жазды The Wall Street Journal басылымы. Қытай төрағасы олардың алдында екі жақты қарым-қатынас туралы ұзақ баяндама оқыды. Apple компаниясының басшысы Тим Кук бастап, өзге миллиардерлер қостап оған қайта-қайта қол соғып, қошемет көрсетті. Сидің айтуынша, АҚШ пен Қытай арасындағы тауар айналым жыл сайын 760 миллиард долларға жетеді. Бүгінге дейін екі тарап бір-біріне 280 миллиард доллар инвестиция құйған. АҚШ үкіметінің ресми статистикасы да бұл деректі қуаттайды. Мәселен, былтыр АҚШ Қытайға 195 миллиард доллардың тауарын экспорттаған және ол жақтан құны 563 миллиард долларға жететін түрлі зат импорттаған. Қарап отырсаңыз, Вашингтон Пекиннен көбірек алуға, Пекин молырақ сатуға мүдделі (Салыстырмалы түрде айта кетейік, 2022 жылы АҚШ-тың Қазақстанға экспорты 1,1 миллиард доллар, импорты 2,7 миллиард долларды көрсеткен.)
Мыңдаған компаниялардың өзара серіктестігі арқылы жыл сайынғы алыс-берісі жүздеген миллиард доллар болатын екі елдің біріне-бірі мұқтаж екенін аңғару қиын емес. Си Цзиньпин америкалықтарды бұған баса мән беруге шақырды. Ол «Қытай ешкіммен суық не ыстық соғысқа түспейді» (қырғиқабақ соғыс) деді. Бірақ Вашингтонға Қытайдың өз дәстүрі, төл мәдениеті, ерекшелігі барын, жеке-дара даму жолымен келе жатқанын мойындауын, әрі елдің ішкі ісіне араласпауға тиіс екенін ескертті. Шамамен 40 минутқа созылған баяндамасының ұзын-ырғасы «біз Қытай ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз» дегенге сияды.
Байден мен Си кездесуінде екі держава әскерилерінің ортасында байланыс арналарын қайта ашуға келіскен. Бұл – Қытай мен АҚШ әскери басшылары ортаға саяси тұлғаларды араластырмай, өзара тікелей сөйлесе беруге болады дегенді білдіреді. Мұндай байланыс бұрын бар болатын. Алайда былтыр АҚШ конгресі өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелосидің Тайванға іссапарынан соң Қытай біржақты шешіммен үзіп тастаған еді. Келісімді Пентагонның баспасөз қызметі «түсінбестік пен қателіктерге жол беріп, екі ел ортасында қақтығыс болып қалмауы үшін әскерилердің ортасында ашық байланыстың болуы өте маңызды» деп бағалады. Пекиннің хабарлауынша, Байден мен Си АҚШ-Қытай арасында ұшатын әуе рейстерін жиілетуге уағдаласқан. Қазір аптасына 300-ден астам рейс бар.
BBC агенттігіне сұхбат берген сарапшылар Қытайдың экономикасы соңғы жылдары қатты құлдырап бара жатқанын, ахуалдың одан ары ушығып кетпеуі үшін Пекинге Вашингтонның көмегі ауадай қажет екенін айтқан. Батыстың қаржы және экономика саласын зерттеген мамандардың есебінше, 5 жыл бұрын АҚШ экономикалық тұрғыда Қытайдан қалып қоюдан қатты қорыққанын, алайда соңғы екі жылдан бері, керісінше, алаңдауға негіз жоқ екеніне көздері жеткен. Ұлыбританияның The Times басылымы да Си сапарының осы жағына көбірек назар аударған. Басылым дерегінше, Қытай экономикасында өсім қатты баяулаған, жұмыссыз жастар көбейген және жылжымайтын мүлік нарығында дағдарыс күшейген. Американың The New York Times басылымы да Қытай төрағасына АҚШ-тың қаржы және технология инвестициясы аса маңызды екенін жазды. Екі басшының жасанды интеллект жөніндегі келісімі осының айғағы деді америкалық газет. The Wall Street Journal да Қытай экономикасында үлкен жарықшақ пайда болғанын, оны тез арада бітеу Си үкіметінің қолынан келе қоюы екіталай екенін жазады. Басылымның «Қытай мәзірінде АҚШ-тың жетекшілері» деген мақаласында «Си Цзиньпин 2012 жылы ел тізгінін ұстаған соң өз билігін нығайту жолында шетелдік инвесторларды құрбан етті» делінеді. Гонконгтағы наразылықты күштеп басу, Шыңжаң аймағындағы саяси қуғын-сүргін және қазір Тайванға көрсетіп отырған құқайы – бәрі-бәрі сырттан келетін компанияларды үркітіп алған. Бұған қоса, Қытай елдегі алып компанияларды да коммунистік партияның бақылауына өткізуге күш салып, еркін кәсіпке көлеңке түсірген. Қытайдың Global Times халықаралық агенттігі Байден мен Си кемі 20 мәселе бойынша келісім жасасқанын айтып, Сан-Францискодағы кездесуді Вашингтон-Пекин достығының жаңа дәуірі етіп көрсетуге тырысты. Жалпы Қытай ақпарат құралдарының барлығы дерлік Сидің АҚШ-қа сапарын «тарихи» деп атады және америкалық саясаткерлердің оған аса жоғары деңгейде құрмет көрсеткенін жазды.
Солай-ақ деуге болар еді. Алайда күлімдескен, жымыңдасқан кездесудің сынын Байденнің бір сөзі бұзды. АҚШ президенті қыста Қытайдың тыңшы шарлары ұшып жүрген кезде Сиді «диктатор» деп атап, Вашингтон мен Пекин дипломатиялық жолмен біраз айтысқан. 16 қараша күні журналистер алдына шыққан Ақ үй қожасынан тілшілер «Си мырзамен кездесуден соң сол сөзіңізді қайтып аласыз ба?» деп сұрағанда Байден 9 ай бұрынғы пікірін тағы қайталаған. Бұл сөзге Қытай басшысы бұлқан-талқан ренжімеді. Үш күндік сапарын жалғастырып, сыр алдырмауға тырысты. Тек сыртқы істер министрлігі деңгейінде ғана «мұндайға төзе алмаймыз» деген жауап берілді.
Айгүл Баба