Мақта бағасы мың құбылып

Оңтүстікте мақтаның бағасы тұрақталар емес. Шитті мақтаны қабылдайтын зауыттар бағаны күн сайын дерлік өзгертеді.
Алғашқыда әр тоннаға 130 мың теңгеден басталған «ақ алтынның» нарқы соңғы күндері 165 мың теңгеге дейін шарықтаған. 170-180 мың теңгеден қабылдап жатқандар да бар көрінеді.
Ала-құла бағаның ақыры үлкен шуға айналуы әбден мүмкін болып тұр.
Мақта қабылдайтын зауыттар «ақ алтынның» бағасын кеш шығарады. Биыл да осы жазылмаған заңдылық бойынша мақта «монополистері» қазанға дейін ешқандай баға белгілеген жоқ. Бірақ шаруалар жиған өнімдерін мақта қабылдау пункттеріне тапсыра береді. Өнімнің әр тоннасына 100 мың теңгеден аванс алады. Екі ортадағы айырмашылық бойынша зауыттар шаруалармен кейінірек есептеседі.
Биыл науқан ортасына ауған кезде, зауыттар шитті мақтаның тоннасын 130 мың теңге деп белгіледі. Бұл былтырғы баға. «Доллар қымбаттаса, мақтаның бағасы да қымбаттайды» деген шаруаның үміті ақталмады. Бірақ бұған көнбеске амал қайсы?! «Ақ алтынды» зауыттардан басқа қабылдайтын ешкім жоқ. Мақта «монополистерінің» айтқаны заң дегені – деген. Алайда соңғы күндері зауыт басшылары бағаны күрт өсірген.
«Жас алаштың» қосынына хабарласқан жетісайлық шаруа Ниятолла Смайыловтың айтуынша, бағаның мың құбылуы мақташы қауым арасында түсінбестік тудырып жатыр.
– Мақта терімі науқаны басталған кезде мен әр тоннаны 130 мың теңгеден тапсырғанмын. Ол кезде баға солай еді. Оның әр тоннасына 100 мың теңгеден аванс алып қойдық. Зауыттар бүгін, міне, 150 мың теңгеден қабылдап жатыр. Екі ортадағы айырмашылық 20 мың теңгені құрайды. Мен өзім 27 тонна мақта тапсырғанмын. Әр тоннада 20 мың теңге айырмашылық болса, қанша ақшадан қағылып отырғанымды, өзіңіз есептей беріңіз. Егер 2-3 мың теңге болса, ештеңе емес. Әр тоннаға 20 мың теңгеден жоғалту дегеніңіз ешқандай адамгершілікке сыймайды. Бізге 130 мың теңгеден, ал қазір өткізгендерге 150 теңгеден береді. Сонда әділдік қайда? Біздің бар кінәміз мақтамызды ерте тергеніміз бе? Енді не істейміз? Зауыт 150 мың теңгеден береді, деген үмітіміз бар, бірақ оған ешқандай кепілдік жоқ. Не мән-жайды түсіндіретін де ешкімді таппай отырмыз, – деді шаруа.
Біз осы жөнінде Жетісай ауданының ауыл шаруашылығына жауапты басшыларымен хабарласқан едік. Алайда бұл жөнінде шенеуніктерден түсінік алу мүмкін болмады. Хабарласқан шаруалардың айтуынша, мақта жыл санап, тиімсіз кәсіптің түріне айналып келеді. Тоннасын 150 мың теңгеден қабылдаған күннің өзінде ол шығынды ақтамайды. Жоғарыдағы басшылар мақтаны зауытқа сақтауға беріп, қысқа қарай, баға қымбаттаған кезде сатуды ұсынады. Алайда шаруаға ақша дәл қазір, қолма-қол қажет. Себебі, терімшілерге ақша төлеу керек. Терімшілер өнімнің бір келісіне 30 теңгеден алады. Комбайнмен теру үшін гектарына 50 мың теңге бересің.
Жуырда Сенаттың отырысында Түркістан облысынан сайланған депутат Әлімжан Құртаев әріптестері Әли Бектаев, Нұрлан Бекназаров, Айгүл Қапбаровамен бірге, үкімет жетекшісі Асқар Маминге жазған депутаттық сауалын оқып берді.
— Бүгінгі таңда трейдерлер шитті мақтаның бір тоннасын аванс ретінде 100 мың теңге төлеп, сатып алуда. Ал бір гектар мақта дақылының шығыны өсіп-өндірудің технологиялық картасы бойынша, 256 901 теңгені құрайды. Орташа есеппен, әр гектардан өнім алған диқанның кірісі 200 мың теңге болса, шығысы 257 мың теңге болады. Осылайша, соңғы сөздің зауыт басшысына тиесілі болуы қаншалықты дұрыс?, – дейді Ә.Құртаев.
Мақта тек Түркістан облысында егіледі. Уақытында облыста мақта-тоқыма кластерін дамыту жөнінде жобалар қолға алынған. Бірақ олардан шығып жатқан нәтиже жоқ.
— Мақтамен айналысатын шаруалардың мүддесін қорғау, саладағы баға саясатының нарықтық принциптерін енгізу, әділеттілік орнату мақсатында мақта өндірушілері мен зауыттар арасындағы қарама-қайшылықтарды жоятын, зауыттардың монополистік мүдделерін бәсеңдететін, ортадағы делдалдардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоятын заң шеңберінде шаралар қабылдауды құзырлы органдарға тапсыруларыңызды сұраймыз, – делінген сенаторлар жазған хатта.
Құзырлы органдар демекші, сенаторлардың қамшылауы себеп болды ма, өткен аптаның соңында Түркістан облыстық прокуратурасының бастамасымен облыстық Кәсіпкерлер палатасында мақта саласындағы проблемалық мәселелерге қатысты жиын өтті. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, шаруа қожалықтары, мақта өңдеу зауыттарының басшылары қатысты. Жиында мақтаны сату және бағаны тұрақтандыру туралы мәселелер талқыланды. Кездесу нәтижесінде, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлерден тұратын топ құру туралы шешім қабылданды. Бұл шешімнен шаруаға нендей жәрдем тиері әзірге белгісіз.
Жалпы, мақта туралы мәселе мақта теру науқаны кезінде бір көтеріледі. Осыдан кейін ұмыт болады. Бірте-бірте мақтаға берілетін жәрдемдер де ұмытыла бастады. Бұрын мемлекет «ақ алтынның» гектарына қарап, субсидия беретін. Былтыр оның тәртібіне өзгеріс енгізіліп, диқандар жиналған әр тонна өнімге 12 мың теңгеден алған еді. Ал биыл субсидия туралы ешқандай сыбыс жоқ. Бұл жөнінде үкіметтің арнайы қаулысы шықпаған.
Бірақ мақташылар «қолдау қаржы түбі берілетін шығар» деген үміттерін үзбей отыр.