Мәскеуге жыл басынан бергі ең ірі дрон шабуылы жасалды — БАҚ
Мәскеу жыл басынан бергі ең ауқымды дрон шабуылына ұшырады.
Мәскеу мэрі Сергей Собянин әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері (ПВО) Ресей астанасына қарай ұшқан кемінде 66 украиналық дронды жойғанын мәлімдеді.
DW басылымының жазуынша, барлық дрон 12 сағатқа жетпейтін уақыт ішінде атып түсірілген.
Ресейлік БАҚ мәліметінше, сенбі күні болған бұл шабуыл жыл басынан бергі ең ірі шабуыл саналады.
Собяниннің айтуынша, дрон қалдықтары құлаған жерлерде төтенше қызмет мамандары жұмыс істеп жатыр.
Росавиацияның Telegram-арнасы хабарлағандай, Домодедово және Жуковский әуежайларында ұшақтардың қонуы мен ұшып шығуына уақытша шектеу енгізілген. Кейін сенбі күні түстен кейін Внуково әуежайында да осындай шектеулер қолданылған.
Mash Telegram-арнасының дерегінше, дрондар Мәскеудің Троицк округінде байқалған. Мәскеу облысындағы Королев қаласында жергілікті тұрғын өзінен шамамен 200 метр жерде украиналық дронның атып түсірілгенін көрген. Сондай-ақ Орталық айналма автожол (ЦКАД) маңында тағы екі дрон жойылған.
Жарылыстар Краснопахорск, Дубна және Волоколамск аудандарында да естілген.
Ал Ресей Қорғаныс министрлігі Telegram-арнасында Мәскеуге бағытталған 47 дронның жойылғанын хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, Мәскеу уақытымен 11:00-ден 21:00-ге дейін Ресейдің бірнеше өңірі үстінде 280 украиналық дрон жойылған. Олар Брянск, Калуга, Белгород, Тверь, Смоленск, Курск облыстары, сондай-ақ Краснодар өлкесі мен Мәскеу өңірі үстінде атып түсірілген.
Бұған дейін Украина Ресейдің Брянск қаласына шабуыл жасап, микроэлектроника зауытына соққы берген болатын. Жергілікті биліктің мәліметінше, сол ракеталық шабуыл салдарынан алты адам қаза тауып, 37 адам жараланған. Жараланғандардың кейбірі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.