Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:52

Мәсімовтің вилласы өтпей жатыр: шетелдік БАҚ не дейді?

Мәсімов
Фото: ашық дереккөз

Кәрім Мәсімовтің зәулім сарайын сату билік үшін ауыр жүкке айналды.

"Қазақстанның мемлекеттік активтерді басқару компаниясының шенеуніктері бұрын-соңды болмаған ерекше әрі қиын тапсырмамен бетпе-бет келіп отыр: Астананың ең қымбат ауданында орналасқан элиталық вилланы сату", - деп жазды Bloomberg.

Аумағы 2 878 шаршы метр (немесе 30 980 шаршы фут) болатын бұл сән-салтанатты үйде әлемдегі ең қымбат жылжымайтын мүліктерге тән ерекшеліктер бар: ерекше су каскады бар бассейн, жеке би клубы мен театр, сонымен қатар 30 бөлме, оның ішінде сирек кездесетін төрт адамдық төсек орнатылған жатын бөлмелер. Бұл сарай ұзақ жылдар бойы премьер-министрі болған, кейіннен төңкеріс жасамақ болды деген айыппен түрмеге қамалған Кәрім Мәсімовке тиесілі болған.

Бүгінде бұл жылжымайтын мүлік бастапқы бағасынан 40 пайыз төмен — 3 миллион долларға бағаланса да, Қазақстанның соңғы жылдардағы саяси оқиғалары бұл үйді сатуға кедергі келтіріп отыр. Мамырда өтуі тиіс болған аукцион — биылғы жылдың үшінші әрекеті — тағы да өтпей қалды. Қазір Мемлекеттік активтерді басқару компаниясы бұл мүлікті баланстан қалай шығару жолын қарастыруда.

Басылымның хабарлауынша, Қазақстанның энергия байлығына қарамастан, Астана әлі де әлем миллиардерлері үшін сән-салтанаттың ордасы ретінде танымал бола қойған жоқ. Елде байлықтың шыңында тұрғандар аз, ал ең дәулетті қазақстандықтар нарықтың баяулауына байланысты Астанадағы жылжымайтын мүлікке ақша салуға аса құлықсыз. Сарайдың бұрынғы иесі де сатып алушылар қатарын азайтып отыр.

 “Бұл үйді ашық сату өте қиын. Өйткені оны кім сатып алғаны бәріне бірден белгілі болады”, - дейді алматылық “Комментарий” сараптамалық орталығының жетекшісі Елдар Шамсутдинов.

Шетелдік БАҚ Кәрім Мәсімовті былай сипаттайды:

"Мәсімов Қазақстан элитасында алғашқылардың бірі болып әлеуметтік желіде белсенділік танытты, блогерлермен байланыс орнатты. Спортты сүйетін, қалада велосипед тебіп немесе жүзуге шыққан премьер жиі көзге түсетін. Сондай-ақ ол Астананың түнгі өмірінің де белсенді қатысушысы болған: 2008 жылғы Wikileaks жариялаған дипломатиялық жеделхатта Мәсімовтің Chocolat түнгі клубында сахнада билеп жүргені көрінеді".

Еске салайық, премьер-министр қызметінен кейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Дәл осы лауазымда жүргенде 2022 жылғы “Қанды Қаңтар” оқиғасына қатысы бар деген айып тағылып, қамауға алынды. Бұл оқиға тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі ішкі тұрақсыздық болды. 2023 жылы Мәсімовке Отанға опасыздық жасады деген айып тағылып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ барлық мүлкі тәркіленді.

Сол тәркіленген мүліктердің ішіндегі ең әйгілісі — Астанадағы сарай.

Мәсімов
Фото: БАҚ

 

Тегтер: