Мектептегі тәрбие және Әділетті қоғам

Қазір «Әділетті Қазақстан», «Адал азамат» жобалары жөнінде жиі айтылады. «Адал азамат жобасы толық адам ілімімен ұштасады» дейтіндер де бар. Жалпы, біздің қоғам бұл жобаларды дамыту үшін не істеу керек?! Бұған қатысты әділетті қоғам құру үшін «Адал азаматты» мектеп қабырғасынан тәрбиелеу қажет деген сыңайдағы пікірлер де жиі айтылады. Осыған байланысты саясаттанушы Әсем Қасымхановамен пікірлесіп көрдік.
– Әсем ханым, «Адал азамат» жобасын мектеп қабырғасынан үйрету керек деген пікірлермен келісесіз бе?!
– Негізінде, қазақ «тәрбие тал бесіктен» дейді. Бұл сөздің өзінің мән-мағынасы бар. Демек бала тәрбиесін бесігінен дұрыстап қолға алсақ, сол оның бойына, қанына әбден сіңеді де, бала өскенде де дұрыс берілген тәрбиеден ауытқымайды. Рас, қазір «Адал азамат» жобасы насихатталып жатыр. Білім беру орындары, балабақшалар осы жобаға атсалысуға тырысып бағуда. Өз басым, мұндай әрекеттерден ешқандай науқаншылдық көріп отырған жоқпын. Балабақшадан болсын, мектепте болсын жас өскінге тәрбие керек. Қазіргідей ақпараттық технологияның дамыған заманында, ақпараттар ағыны көптеп келіп жатқанда, бала өзінше ой қорытып түйін жасай алу үшін де дұрыс тәрбие, адалдық, адамгершілік туралы моральдар қажет-ақ. Ал бірақ ес білгеннен ақпаратты смартфон арқылы алып, ойынды да қолындағы телефон арқылы ойнайтын балаға ақыл қондыру мүмкін бе?! Қазір ең бірінші біздің қоғам болып талқылайтын мәселеміз – осы. Сондықтан осы «Адал азамат» жобасын пайдаланып, мектептегі балалардың ой-өрісін дамыту, осы жоба барысында балалардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру, мектеп қабырғаларында ұлттық ойындар ойнату тәрізді дүниелерді қолға алуымыз керек. Жергілікті органдардағы ішкі саясат бөлімінің мамандарына осыны қадағалайтын сәт келді. Ұлттық идеологиямыз мықты болсын десек, тәрбиені балабақшадан, мектептен бастағанымыз абзал. Мысалы, 10 минуттық үзілісте балаларға мектептің әр бұрышында асық ойнату, жамбы ату тәрізді ойын түрлері көрсетілсе қандай жақсы. Мектептің ауласында аударыспақ ойнатылып жатса қанеки. Эстония елінде балабақшаларда баланы еңбекке баулиды. Баланың сенсорикалық, моторикалық қозғалыстарын Эстония өзінің ойындарын ойнату арқылы дамытады екен. Олар бес минуттық үзілістің өзін тиімді пайдаланады. Ағашты жас кезінен қалай исең, солай өсетіні тәрізді, баланы мектеп қабырғасынан осылай тәрбиелесек қана бізге әділетті қоғам құру оңайырақ болады. Сондықтан осы мәселеге басты назар аударылғаны жөн.
– Сіз «Адал азамат» жобасына ауыл ақсақалдары да атсалысуы керек дейсіз. Осы ойыңызды ашып айтсаңыз...
– Қазір білесіз, әрбір әкімдіктердің қасында ақсақалдар кеңесі бар. Әр облыстың, ауданның, ауылдың қасында мұндай кеңестер өз еріктерімен құрылған. Оларға артылған міндет – ауылдың мәселесін әкімнің аппаратына жеткізіп отыру. Байқағаным, кейбір ауылдарда сол кеңестер қоғамдық жұмыстармен ғана айналысып жүр. Ауылдағы зираттарды қоршау, тазалық жұмыстарын жүргізу тәрізді жұмыстарға кеңес ақсақалдары бағыт-бағдар беріп отыратын ауылдарды да кездестіріп жүрміз. Меніңше, осы ақсақалдар кеңесіне әкімдіктен бір шағын бөлме берілуі керек. Олар өзінше бір орталық тәрізді құрылып, жас балаларға білгендерін үйретіп, жыр-дастандар, қиссаларды жататып, өздері білетін ауызекі аңыз-әңгімелерді жастардың санасына сіңіріп отырса қандай жақсы.
– Ауылдардағы ақсап жатқан идеологияны осылай оңдап алуға болады дейсіз ғой...
– Әрине, болады. Ақсақалдардың көбі зейнетке шыққан. Білетін шежірелерін айтып отырса. Тарихтың ұңғыл-шұңғылын білетін қариялар бар. Олардың «миын» пайдалансақ. Қазір ауыл жастарының көбі мешіт жағалап кетті. Елу ғана тұрғыны бар ауылдарға мешіт салына бастады. Үкімет тұрғындары 50 адамнан аспайтын ауылдарды дамымай қалған елді мекендер қатарына қосып, олардың санын қысқартып, бір-біріне қосып жатса да, шалғай ауылдарда бұрыннан тұрған, қазір қалаға көшіп кеткен тұрғындардан қаражат жинап, мешіт тұрғызып қойғандар бар. Жуырда сондай бір ауылда болдым. Ол мешітке тіпті баратын жамағат та жоқ. Ауылда үш-ақ адам намаз оқиды екен. Сол кезде осындай ой түйдім. Мұнымен «мен мешітке бармау керек, мешіттер салмау» деген пікірде емеспін. Мешіттер салынсын, жастар арақ-шарап ішіп, есірткі тұтынғанша мешіттерге барсын. Бірақ ақылды әрекет ету керек. Әлгіндей үш адам ғана намаз оқитын ауылдарға мешіт салудың қаншалықты қажеттілігі болды, арасын әбден саралау керек қой. Әділетті қоғамға айналу үшін мешіттерді жағалаудан бұрын білімді жетілдіру керек. Мешіт жағалағанмен әділетті қоғам құрыла салмайды. Ол үшін алдымен ішкі саясатымыз, идеологиямыз нық болуы керек. Дін мен дәстүрді бірге ұстану керек. Міне, осыны ауыл ақсақалдары жастарға түсіндіріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп отырғаны артықтық етпейді. Қазір діннен адасып, басқа дін жолына түсіп кеткен жастарымыз көп. Осындай сәтте ақсақалдар кеңесі өзінің көрген-білгенін айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп отырғаны абзал. Осы мақсатта ақсақалдар кеңесінің әлеуетін пайдалануды үйренсек керек.
Қ.Сайлаубаева