Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Мемлекет Назарбаевтың күйеу баласынан Атыраудағы элиталық жер телімін қайтарып алды

Құлыбаев
Фото: zhasalash.kz

Тимур Құлыбаев бақылайтын «Кипрос» ЖШС Атырау қаласының жағалауында орналасқан 3,46 гектар жерінен айырылды. 

Бұл жер пирс салу үшін берілгенімен, ұзақ жылдар бойы игерілмеген.

Ұлттық Олимпиада комитетінің бұрынғы басшысы, белгілі кәсіпкер Тимур Құлыбаев қымбат жер телімінен айырылуына байланысты тағы да қоғам назарына ілігіп отыр. Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше, Құлыбаевпен байланысты «Кипрос» компаниясының аталған жері мемлекет меншігіне қайтарылған.

«Пирс салу үшін бөлінген 3,46 гектар жер ұзақ уақыт игерілмеген. Нарықтық құны шамамен 250 миллион теңге болатын бұл телім прокуратура актілерінің негізінде мемлекетке қайтарылды», - делінген хабарламада.

Прокуратураның мәліметінше, бұл – игерілмеген жерлерді мемлекетке қайтару жөніндегі кең көлемді науқан аясында жүзеге асқан шара. Жалпы, 31 432 гектар жер қайтарылып, оның құны 196 миллион теңге деп бағаланған.

Бұдан бөлек, «Атырау Нефтехим» ЖШС иелігіндегі 106 гектар жер де мемлекет меншігіне өткен. Аталған телім Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі аумағында орналасқан және оның құны 1,6 миллиард теңге деп бағаланды. Компания өз міндеттемелерін орындамағандықтан, арнайы экономикалық аймақ қатысушылар қатарынан шығарылды.

Бұл Құлыбаевтың компанияларына қатысты жер дауы бойынша алғашқы жағдай емес. Бұған дейін Щучье көлінің маңындағы жер телімі де мемлекет меншігіне қайтарылған. Аталған аумақта 10 жылдан астам уақыт бойы құрылыс басталмаған.

«Кипрос» ЖШС – Қазақстандағы ірі холдингтік және инвестициялық компаниялардың бірі. Ол активтер мен инвестицияларды стратегиялық басқаруға бағытталған. ЭҮП мәліметінше, компанияны Айнұр Шаненова басқарады, ал құрылтайшысы – кәсіпкер Тимур Құлыбаев.

Құлыбаевтың спорттағы рөлі

2024 жылы спорт саласынан кеткенге дейін Тимур Құлыбаев Қазақстандағы спортты басқаруда маңызды тұлға болды:

  • 2015–2024 жылдары – Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті. 2024 жылы бұл қызметке Геннадий Головкин тағайындалды.
  • 2009–2019 жылдары – Қазақстан бокс федерациясының президенті. Оның тұсында ұлттық құрама Лондон мен Рио Олимпиадаларында жақсы нәтиже көрсетті.
  • Жекпе-жек және күш спорт түрлері конфедерациясының бастамашысы болды – бұл ұйым бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика, каратэ секілді жетекші спорт федерацияларын біріктірді.
  • Халықаралық Олимпиада комитеті, Азия Олимпиадалық кеңесі, ANOC және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі болды.

Құлыбаев кім?

Тимур Құлыбаев – Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, яғни Динара Құлыбаеваның жұбайы. Ол Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлердің бірі саналады.