Мерц: Ресей Путин мен Зеленскийдің кездесуін әдейі созып отыр

Украинадағы бейбіт келісімге келу жолында Мәскеу уақытты әдейі созу тактикасын қолданып отыр.
Бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц 26 тамыз күні Берлинде Канада премьер-министрі Марк Карнимен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Мерцтің айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу өткізуге бірқатар алдын ала шарттар қояды.
«Бұл шарттар Украина тұрғысынан да, біздің тараптан да, тіпті жеке өз көзқарасым бойынша да мүлде қолайсыз», – деді ол.
АҚШ президенті Дональд Трамптың Путинмен Аляскада, ал Зеленский мен еуропалық лидерлермен Вашингтонда өткізген кездесулерінен кейін тараптар бейбіт шешімге қол жеткізуге болатынын аңғартқан еді. Сол кезде Путин мен Зеленскийдің жеке кездесуі екі апта ішінде өтуі мүмкін деген болжам айтылған. Алайда бұл мерзім аяқталуға жақын.
ЕО Ресейге жаңа санкциялар дайындап жатыр
Германия канцлері қазір жауапкершілік Мәскеудің мойнында екенін атап өтті.
«Егер Ресей тарапынан бұл қадам жасалмаса, қысымды күшейтуге тура келеді. Еуроодақ жаңа санкциялар дайындап жатыр», – деді ол.
Мерцтің сөзінше, егер Путин мен Зеленскийдің кездесуі болмай қалса, Зеленский, Путин және Трамптың үшжақты кездесуі бейбіт процестің «келесі қисынды қадамы» болатынын айтты.
Канада да қолдау білдіреді
Канада премьер-министрі Марк Карни де осы пікірді қолдап, Путин Зеленскиймен бетпе-бет кездесуден қашып отырғанын мәлімдеді.
Бірақ бұл мақсатқа тек күш қолдану, Ресейге қарсы санкциялар енгізу және Украина армиясын күшейту арқылы ғана жетуге болатынын атап өтті. Сонымен қатар Карнидің айтуынша, сенімді қауіпсіздік кепілдіктері де шешуші фактор болмақ.