Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:35, 08 Сәуір 2025

Мойынқұмда Қарашөкеев ешбір әкім естімеген сөз естіді

Қарашөкеев
Фото: world-nan.kz

Әулиеатаның әкімі Ербол Қарашөкеевті жамбылдықтар кабинетшіл әкім атап жүргенін жиі естіп жүрміз.

 Енді бірі алысқа бармайтын, қаланың ішін шиырлап, жақын аудандарды ғана шарлайтын әкім деп жатады. Бұған соңғы күндері «Қарашөкеев кетеді екен...» деген әңгіме қосылды. Бұл әңгімелер Шырақбайұлына да жетті ме екен, әйтеуір әкім өткен аптада шалғайдағы Мойынқұмға барды.

Бұл Қарашөкеевтің Жамбыл облысының әкімі болғалы Мойынқұмға үшінші сапары, ал ел-жұртпен кездесіп отырған екінші сапары. 2023 жылдың 5 қыркүйегінде тағайындалған Ербол Шырақбайұлы сол айдың аяғында Жаз-атаның ауылына жұмыс сапарымен барғанын білеміз. Айдарлы ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, Қызылтал және Қызылотау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездескен болатын. Содан соң бір жыл бойы Мойынқұмға мойын бұрмай, тек 2024 жылдың 6 қыркүйегінде зыр етіп барып Ермек Кәрентаевты әкім етіп тағайындап, ел-жұртпен жолықпай, тұрғындармен тілдеспей, барған ізімен зу етіп кері қайтқан. Міне, Қарашөкеевтің табаны Мойынқұмға содан кейін 2025 жылдың 3 сәуірі күні бір-ақ тиіп отыр.

Кәрентаевты алып кетіңіз...

Ауылдарына зарықтырып, әбден күттіріп әрең жеткен әкімге мойынқұмдықтардың айтатын мәселелері толып қалыпты. Аудан тұрғындарының атынан сөз сөйлеген Ғанаят Қашқымбеков қария сөзінің соңын жеті айда жеті шеге қақпаған Кәрентаевты алып кетіңіз деп аяқтады.

– Біз ауыл ақсақалдары Ермек Кәрентаев әкім болған кезінде құттықтап шығып, аудан-ауылдардағы мәселелерді айттық. Ағын су, жарықтандыру, МРТ аппаратының қажеттілігі, аудан орталығындағы қараусыз малдардың мәселесі, айта берсең өте көп. Сол кезде Кәрентаев «көресіздер, Мойынқұмды қалаға айналдырамын, шағын аудандар бой көтереді, су 2 сағаттан беріліп келген болса, ендігі уақытта 24/7 ағып тұратын болады» деген сияқты ертегілерге тойдырып шығарып салды.

Сосын Кәрентаевтың кадрлық саясатын сынадым. Орынбасарынан бастап, бөлімдерге дейін топырлатып, көршілес Шу ауданынан алып келді. Мұны айтсам аудан әкімі «маған көзі жанып тұрған жігіттер керек» дейді. «Не сонда мойынқұмдықтардың бәрінің көзінің оты сөніп, өшіп қалған ба» деген қарияның сөзіне әкімдіктің залына Қарашөкеевпен кездесуге жиналған жұртшылық еріксіз күліп, ду қол соқты.

Сасқаны болар, Кәрентаев та ұялған тек тұрмастың керімен:

– Бұдан былай сырттан кадр тасымаймын», – деді. Ақсақал:

– Болды ғой, әкімдікті толтырып тастадыңыз, – деп, жұртты одан әрі күлкіге қарық қылды.

Бұл мойынқұмдықтардың әкімге күлуі болатын. Иә, Кәрентаев кадр саясатына салақ (қаншама уақыт қаншама кресло бос тұрғанын «Жас Алаш» бұған дейін жазған) Қарашөкеевтің кадры. «Шағын аудан саламын» деп бөскен бұл әкім аудан қайда, Мойынқұм ауданына МРТ аппаратын алып бере алмай отыр. Осы жерде сөзге Қарашөкеев те араласып, Кәрентаевты қорғаштай сөйледі. МРТ аппаратының 300-400 миллион теңге тұратынын, қаржының табылуын күте тұру керегін айтты.

– Біз күте береміз. Бізде басқа амал жоқ. Шуға барсақ, олар да бірінші өз ауданының тұрғындарын қабылдайды. Туыстарды жағалап, болмаса қонақүйге түнеп, екі-үш күнде әрең түсіп қайтамыз. Екі орта да жақын жер емес, 100-ден аса шақырым. Ақша адамның денсаулығынан қымбат болғаны ма сонда? – деді Ғанаят қария.

Кәрентаевтың бұл ауданға келе салып, қызметтік үй-жайын күрделі жөндеуден өткізіп бастағанын біз де, мойынқұмдықтар да ұмыта қойған жоқ («Жас Алашқа» жазғамыз). Оған қатысты да ешкім селт етпеген. Бұл жолы да не облыс әкімі, не аудан әкімі ақсақалдың нақты сұрағына «ақшасы қымбат» дегеннен артық нақты жауап бермей кетті.

Мойынқұмдықтардың атынан сөз алатын болған соң қария мұқият дайындалыпты – қазба байлықтар, экология мәселесін де көтерді.

– Ақбақайға барар жолда Желтау 1-ден 5-ке дейінгі аймақтағы жолдың бәрін талқандап, тастарды үйіп, су-лай қылып тастады. Ербол Шырақбайұлы, шалғайдағы ол жаққа сізге барыңыз демеймін, сенімді инспекторыңызды жіберіп, жағдайды білсеңіз. Өйткені мұнда не әкім, не орынбасарлары ол мәселеге бастарын қатырғысы келмейді. Ал мен барып, өз көзіммен көргенді айтып тұрмын, – деп бір тоқтады.

Сөзінің соңын жоғарыда айтқанымыздай, «жеті айда жеті шеге қақпаған Кәрентаевыңызды алып кетіңіз» деп аяқтады. Қарияның сөзіне зал толы жұртшылық арагідік ду қол шапалақтап, айтқандарына қосылатындарын білдіріп отырды.

Бұл мәселелерді айтып тұрған Ғанаят Қашқымбеков – Мойынқұм ауданы Мыңаралда дүниеге келген. Бірнеше жылдан бері аудан орталығында тұрады. Осы аудандағы ПМК-2006-да 10 жыл құрылыс шебері, прораб, бас инженер, сол мекеменің басшысы болған. 3 рет аудандық мәслихаттың депутаты, аудандағы тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған. Яғни Мойынқұмға бір кісідей еңбегі сіңген адам.

Қарашөкеев кетеді екен...

Мұнан соң Айдарлы ауылының әкімі Әділет Мұқашев сөз алды.

– Құрметті Ербол Шырақбайұлы, 18 мамырда ауыл әкімін сайлау өтеді. Мен 20 жылдан аса мемлекеттік қызмет істеп келемін. «Аманаттың» мүшесімін. Жаман атым шыққан емес. 2023 жылы республика бойынша үздік ауыл әкімі атандым. Ауылымызда екі жарым мың халық бар. Мені қолдап отыр. Бірақ аудан әкімі «Аманаттан» түспейсің дейді. Сайлау заңы бойынша менің екінші қайтара сайлауға түсуге қақым бар емес пе? – деді.

Бірақ басқа емес, ауыл әкімінің суырылып шығып, теңдік сұрағанын көтере алмады ма, аудан тұрғындарынан жүйкесі жұқарып отырған Кәрентаев та, Қарашөкеев те жауап берген жоқ. Көзапара елеусіз қалдырып, «келесі сұрақ... кімде бар?» – деп, сыдыртып өте салды.

Одан кейінгі сұрақтарға да көп уақыт бөлмей, Қарашөкеев Мойынқұмдағы халықпен кездесуден тезірек қашып кетуге асыққандай, әзер шыдағандай көрінді. Шалғайдағы ауданның тұрғындарымен бір жарым жылдан кейін кездесуге барған Шырақбайұлының Жаз-атаның ауылына енді қашан жолы түсерін бір Құдай білсін.

Кім біледі, «Қарашөкеев кетеді екен» деп шулап жүргендердің де бір білері бар ма дейсің. «Ақыры кетем ғой, мен жемеген қарын қалай піссе солай піссін» деп, көз қылып кездесу өткізіп, тайып тұрғандай әсер қалдырды. Кәрентаевқа қатысты да ештеңе айтқан жоқ. Әйтпесе, қай облыс әкімі «ауданға қойған әкіміңді алып кет» дегенді аудан тұрғындарынан күнде естіп жүр дейсіз. Қарашөкеевтің оған да селт етіп қоймағаны, қалай болғанда да, шөптің басын қимылдатып тұрған бір желдің бар екенін білдіретіндей. Осы тұрғындар президент келіп, алдында сөйлеуге мүмкіндік алса «Қарашөкеевіңізді алып кетіңіз» деуден тайынбайды-ау...

Қарашөкеев Кәрентаевқа оңаша шыққасын ұрыспаса, елдің көзінше ләм-мим демеді. Осыдан кейін «Жас Алаш» облыс әкіміне ресми сауал жолдап, тұрғындардың пікірін ескеріп, Кәрентаевтың жұмысына байланысты қандай да бір шара қолдана ма, қандай да бір формада бағалау бола ма деген сұрақтар қойды. Әкім «келесі сұрақ... кімде бар?» деп отырып алмаса, бір жауабын берер деп сенеміз.

Нұрболат ӘЛДИБЕК,

Жамбыл облысы