Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:26, 04 Қараша 2021

Мұңалбаева мені кітапханадан қуып шықты

None
None

«Жас Алашта» жарияланған Мұңалбаева, кітапхана һәм GOOGLE атты мақала қолыма қалам алдырды. Мақаланың кіріспесінде оқырмандардың қара шаңырағындағы қасиетті ордаға дөрекі мінез көрсетіп жүретін әпербақан Үмітхан Мұңалбаева туралы өте дәл айтылыпты.

Оқырманға түсінікті болу үшін өз басымнан өткен жағдайды айтайын. Осыдан 3 жыл бұрын Астанада әлем әдебиетінің басқосуы өтіп, негізгі пікір алмасу осы Үміт ханым басқаратын ұлттық академиялық кітапханада өтті. Өзім зейнет жасындағы қаламгермін, Үмітхан ханымнан бір мүшелдей үлкенмін.

Форум басталардан 15-20 минут бір-екі кітабымды алып, Қабдеш, Мырзатай ағаларға жолығып, тілдесіп қалайын деген оймен кітапхананың фойесіне беттеп, керек адамдарды іздеп жүр едім Үмітхан ханым қарсы жолыға кетті де:

– Сізге шақырту беріліп пе еді? – деп бірден тарпа бас салғанына:

– Қабдеш, Мырзатай ағаларға жолығып, кітаптарымды сыйламақ едім, – деп ем, жақтырмай бажырая бір қарады.

– Шақырылмаған болсаңыз, шығар есік әне. Бұл жерде бекерден бекер топырламаңыздар!

Мен алдын ала Қабдеш аға мен Мырзатай ақсақалмен телефон арқылы сөйлескенімді Үмітке түсіндірдім. Сол жерде Қабдеш Жұмаділов (марқұм) жолыға кетті де Үмітке қарап:

– Оны мен шақырдым, – дегеніне қарамай, Үміт ханымның аптығы басылмады. Аузынан дөрекі сөздер де шығып кетті. Айналамызда түңілген оқырмандар мен жазушылардан, тіпті министрлік пен Астана әкімдігінің екі жауапты қызметкерінің көзінше де айылын жимайды.

– Бұл жердің заңды иесі мен. Мен не айтсам сол болады, – деп мені, тағы бір келіншек пен оқырманды итермелей күзетші тұратын жерге алып келді.

Еріксіз сыртқа шығуға бет алдым. Есік алдында ақын Бақытжан Тобаяқов деген таныс жолдасым кездесе кетті. Оған да көңіліме қаяу түскен сәтті айттым.

Үмітхан ханымның әпербақан, дарақы мінезі, атаққұмарлық тантықтығы Мырзатай Жолдасбековтің мерекелік кешін осы кітапханадан өткізгенде де тағы бір байқалып қалып еді… Ол ағамызға берілмек «Барыс» орденін мойнына тағып алып: «Маған жараса ма?» деп көпшілікке паңдана қарап тұрғаны есте қалыпты...

Тегтер: