Мұнай, екі сиыр және «көк тазик»
Қазір мұнай өндіруші елдердің ұйымы (ОПЕК) күйзеліске ұшырап жатыр. Былтыр жыл соңында бұл ұйымның құрамынан әлемдік нарықта ең көп мұнай өндіретін Ангола шығып кетті. Ангола ОПЕК-тен шығатынын жариялағаннан кейін-ақ мұнай бағасы құлдырай бастаған. Қазір әлем бойынша Brent маркалы мұнайдың құны баррелі – 76 доллар.
Әдетте ОПЕК нарықта құнсыздана бастаған мұнай бағасын қайта көтеру үшін оның көлемін күрт қысқартып, өндірісті құрықтай қоятын. Бірақ бұл жолы ұйымның мұнысына Ангола шыдамады. Аталмыш елдің минералды ресурстар, мұнай және газ министрі Диамантино Азеведо: «біз бас көтертпей, үнімізді өшіретін ұйымның қатарында қалғымыз келмейді. Оның орнына белсенділігімізді арттырып, нарыққа өз үлесімізді қосқымыз келеді» деді.
Ангола мүшеліктен шыққаннан кейін ОПЕК ұйымының жаһандық мұнай жеткізіліміндегі үлесі 27 пайызға дейін кеміген. Сарапшылар мұны «картель өткен ғасырдың соңындағы көрсеткішке дейін кері кетті» деп бағалады. Енді ОПЕК-ке нарықта еркін қимылдай алатын, мұнай өндірісіне өзгеріс әкелгісі келіп жүрген АҚШ сияқты бақталастарына жол беруге тура келеді. Болмаса төмен бағаға көндігуге немесе өндіріс көлемін неғұрлым қатты қысқартуға мәжбүр болады.
Алайда өндірісті қысқартуға ұйымға мүше елдердің келісе қоюы екіталай. Қазір Нигерия да мұнай өндірісіне қойылған шектеуге келіспей, оны бұзуға ниет танытып жүр. Картельдің көшбасшысы саналатын Сауд Арабиясы да қалайда өз мұнайын өткізу үшін демпинг ойынына көшіп, сыртқы нарыққа мұнайды арзанға сата бастады. Сауд Арабиясы Азия нарығы үшін өз мұнайын 2021 жылғы қарашадан бері болмаған ең төменгі бағаға ұсынып отыр. Нәтижесінде, былтыр осы уақытта бір баррелі 80 долларға дейін шарықтаған ресейлік Уралстың құны 59 долларға дейін түсті. Бұған қатысты өткенде «мұнайы арзандап, баррелі 60 доллардан төмен түссе, Ресейдің ұлттық әл-ауқат қорындағы қаражаты екі-ақ жылда таусылады» деген болжам тарады. Бүгінде солтүстіктегі көршіміз бюджетті үнемдеу үшін қорғаныс өнеркәсібінің шығындарын қысқартып, салықты көтеріп жатыр.
Ал арзан мұнай дәуірі Қазақстанға қалай әсер етеді? Бюджетінің жартысына жуығы мұнайдан түсетін түсіммен толығатын бізді қандай тәуекелдер күтіп тұр?
Қаржы министрлігінің қолымызға берген мәліметінше, үкімет 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында және 2024-2026 жылдардағы республикалық бюджетте де «мұнайдың бағасы әр баррелі үшін 80 АҚШ долларын құрайды» деген базалық сценарийді бекіткен. Бағаның соның ар жақ, бер жағында құбылуынан бюджет ұтылмайды. Бұған қоса, Ұлттық қорға арналған мұнай бағасының болжамы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар деңгейінде белгіленген.
Осылайша, министрлік мұнай арзандаса да, біздің бюджеттің былқ етпейтінін дәлелдегісі келеді. Бірақ отандық сарапшылар мұнай бағасының құбылуы, ОПЕК ұйымындағы дағдарыс, ұйым мүшелерінің өзара келісімге келе алмауы Қазақстанға кері әсер етпей қоймайтынын айтып жүр. Бұл құбылыс тек біздің ғана емес, біраз елдердің көңіл күйін бұзбақ. Ал бірнеше жыл қатарынан «экономикасы мұнайға байланған ел» деген түсінікті бұза алмай келе жатқан Қазақстан үшін де ОПЕК-тің күйзелуі оңайға соқпайды. Себебі біздің Ұлттық қор тек қана мұнайдан түсетін түсіммен толығады. Қорға корпоративтік табыс салығынан ғана қаражат түседі. Ол салықтың үлесі 35, 40 пайыз болса, қалған түсім мұнай саудасынан келеді. Бұдан бөлек ел бюджетінің де 40 пайызын мұнай түсімі толықтырады. Мұндайда «арзан мұнайдан бізге қауіп жоқ» деп тағы жайбарақат отыра алмайтынымыз белгілі.
Экономиканы әртараптандыру мұнайға тәуелділіктен құтқара ма?
Қаржы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2023 жылға арналған республикалық бюджет түсімі – 17,8 трлн теңге болса, енді үкімет экономиканы әртараптандыру арқылы бюджетке мұнайдан түсетін түсімдердің үлесін біртіндеп төмендетуді жоспарлап отыр. «Мәселен, биыл бюджетке мұнайдан түсетін түсім 40,2 пайыз деп күтілсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш екі есеге, 21,8 пайызға дейін төмендейді. Одан әрі де төмендей береді. Осылай экономиканы әртараптандыру арқылы мұнайға тәуелді етпейміз», дейді министрлік өкілдері.
Әрине, біз үкіметтің экономиканы әртараптандыруға қатысты жоспарларына сенгіміз келеді, одан үлкен үміт күтеміз. Тіпті осы жолы Ангола ОПЕК-тен шығып, Сауд Арабиясы нарықта мұнайды арзанға сатып, қара алтынның құны түсе бастағанда, Қазақстанда доллар арзан күйінше қалды, теңге де құлдырамады. Бұл жағдайды «экономикамыз мұнайға тәуелділіктен арыла бастап, енді мұнай арзандаса да мұртымызды балта шаппайтын жағдайға жете бастадық па» деп қабылдағымыз келген. Бірақ қаржыгер Жасұлан Мақсұтов біз әлі ондай деңгейге жете қойған жоқпыз және таяу онжылдықта жетуіміз де неғайбыл деген пікір айтты.
«Бұл жолы мұнай арзандаса да, елімізде доллардың қымбаттамауына, теңгенің құнын сақтауына бірнеше себеп бар. Қазір әлемде АҚШ валютасының индексі 0,2 пайызға төмендеді. Бұға қоса теңгеге ішкі факторлар қолдау көрсетіп жатыр. Үкімет Ұлттық қордың долларда сақталған активтерін биржада сатып, оны теңге күйінде бюджетке құюда. Дәстүрлі түрде үкімет жыл басында бюджетті толтырып, Ұлттық қорға қол салуға кіріседі. Бұдан кейін еліміздің сауда балансында экспорт артып, республикаға түсіп жатқан шетелдік валюта елден кетіп жатқан доллардан асып түсуде. Ұлттық банктің базалық ставканы әлемдегі ең үлкен мөлшерлердің бірі 15,75 пайызда ұстауын жалғастыруы да теңгенің қолтығынан демеп тұр. Егер мұнайдың құны осы бетімен арзандай берсе, көктемге қарай бізге теңгені жасанды түрде ұстап тұру тіптен қымбатқа түседі. Осы аралықта доллар қымбаттап, теңге құнсыздана түседі. Бюджетке мұнайдан түсетін түсімдер төмендейді», – дейді маман.
Үкіметтің экономиканы әртараптандырып, мұнайға тәуелділіктен арылу ниеті жақсы әрине. Бірақ «біз өзге елдердің тәжірибесін әлі толық меңгере алмай жатырмыз». Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерін алайық. Қазір бұл ел «қара алтынға» тәуелділігін төмендегідей салаларды дамытудың арқасында азайта бастаған: Туризм (Араб әмірліктеріне жылына орта есеппен 20 миллион турист келеді), әуе көлігі, теңіз көлік торабы, теңіз терминалдары мен қоймалар құрылысына көп қаражат бөлінеді. Сондай-ақ жасыл энергияны дамыту, күн мен желден энергия өндіру де БАӘ-де қатты дамыған. «Экономиканы әртараптандыру дегеніміз осы» дейтін сала мамандары қазіргі біздің экономиканы түрлендіруге қатысты үкіметтің қадамдарына көңілі толмайды.
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің пікіріне сүйенсек, болашақта мұнай құнды энергия көзі ретінде өз сұранысын жоғалтады. Келешекте мұнай бағасын түсіруге АҚШ пен Қытайдың өзі мүдделі болады. Себебі киім-кешектен бастап, кір жуатын сабын, жазатын үстел, қолданатын қаламсабымызға дейін бірқатар елдер мұнайды химиялық синтездеу арқылы алады.
«Жасанды талшықтар түгелдей дерлік мұнайдан алынатындықтан келешекте шикі мұнайдың нарықта көп әрі арзан болуы үшін Қытай мен АҚШ-тың өзі мұнай бағасын түсіруге барын салады. Өйткені мұнайды қымбат бағада сатып алу бұл елдерге тиімсіз болады. Қымбатқа сатып алса әлгіндей тұрмыстық заттарды өндіру де өте қымбатқа түседі. Сол үшін де болашақта нарықта шикі мұнай көбейіп, оның бағасының арзан болуы заңдылық», – дейді маман.
Жалпы, «құдайдан кейін мұнай» дейтін схеманың заманы өтіп бара жатқандай. Ал күн, жел энергиясы жетілмеген, нано, био технологияларды терең меңгермеген, ғылымы тұралап жатқан, өңдеу өнеркәсібі мен өндірісі әлі өгіз аяңнан шыға алмаған Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру қиынға соғады. Сондықтан енді атқарушы билік таяу бес жылдықта нақ қазір қолымызда бар, қаражат құйып дамытуға күш салса алға жылжып кететін бар байлығымыз агро-секторды бәсекеге қабілетті етуге шындап кірісуі керек. Бұған қатысты ұн экспортына, ұннан жасалатын дайын өнімдердің кеңінен экспортқа шығуына мүмкіндік берілгені жөн. Теңіз порттары арқылы экспортталатын ұнның көлемін арттырған абзал. Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде шағын кластерлер ашу, сол арқылы агро өнімдерді өндіру қабілетін арттыру да маңызды.
Әттеген-айы, біз тоқсаныншы жылдары мұны толық ұғына алмадық. Сол кезде ауылдағы шаруаның қолына жеке-жеке мал бердік те «өз күніңді өзің көр» дедік. Мәселен, біз алғаш жекешелендіру тұсында шаруаның қолына мал беріп тұрып, «ертең сен осы малды етке өткізесің, сол арқылы елдегі ет комбинаттарын етпен қамтамасыз етесің, олар өнім шығарады» деп бағыттаған жоқпыз, өзіміз қалған байлықты үптеп алғанша алдана тұрсын деп балаға берген ойыншық сияқты ұстата салдық. Оның есебін заманнан заман озғанда «екі сиыр» жырымен сұрағандай болдық. Ауылдарға арзан несие жүйесін апара алмадық. Ауылға салалық банктер бармады. Шындығында, осы істерді шеше алмай 30 жылды артқа тастадық. Есептесек, «Қарапайым заттар» экономикасын дамыту, экономиканы әртараптандыру, ұлттық жобалар арқылы елді өркендету дегенді біздің реформатор министрлер 2018 жылдан бері қарай ғана айта бастапты. Одан бері «көк тазиктің» жырын айтпасақ, өзге тараптан мұнайға әрі тұр деп айта қоярдай өзгеріс көре алмай тұрмыз.
Қарлығаш Зарыққанқызы