Мұнай құбырына шабуыл: атқан кім, аттырған кім?

Ақпанның ортасындағы «Каспий құбыры концорциумы» мұнай құбырын дрондармен атқылағаннан кейін сала өкілдері біраз даурыққанымен, саяси элита міз бақпады.
Әйтеуір, біздегі мұнай өндірісі қалыпты көлемінен азаймайтынын, экспорт сол қалпы жүре беретінін мәлімдеп барып, Украина тарапымен болған жағдайды талқылайтынын жариялады. Бірақ бір мәселе аяқсыз қалып тұр. Қазақстан билігі Украинаға осы жасаған шабуылы үшін тіс батырып, арызын айта ала ма?
Осы мәселе мұнай сарапшыларының аузымен көп айтылды. Содан болар, дрондар шабуылынан кейін бірер мәжіліс депутаты қалай да шабуыл жасағандардың жауап беруі керек екенін мәселе ретінде көтеріп шыға келді. Екінші жағынан, тағы бір депутат ол пікірді қостамай, керісінше, талай жылдан бері мұнай экспортында басқа жол қарастырмай, Ресей территориясына таңып қойған «Ескі Қазақстанды» кінәлады. Пікірі екі жарылған сол депутаттарымыз не дейді?
Украина кінәлі ме, «Ескі Қазақстан» кінәлі ме?
Еліміздің саяси билігі тарапынан бірінші болып қатқыл пікір білдірген депутат Никита Шаталов болды. Оның сөзіне салсақ, «тамырында 90% қазақ мұнайы ағып жатқан құбырда Украинаның не шатағы бар еді» дегенге саяды. Акционерлерінің ішінде «ҚазМұнайГазбен» бірге Chevron, Exxon Mobil мен италиялық Eni компаниялары бар екенін мысал ете келе, оның соғысқа еш қатысы жоқ деген пайымға сілтейді. Бірақ депутат мырза осы жерде бір деректі қоспай кетті. Алпауыт инфрақұрылымның ең үлкен акционері – ресейлік «Транснефть» компаниясы екені бәріне мәлім. Оны неге атамайтыны белгісіз.
Одан қалды, осы соғыста Қазақстан бейтарап ұстанымда келе жатыр. Батыс елдерінің Ресейге салған бүкіл санкциясын «қалтқысыз сақтап келеді». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та талай жиында Луганск пен Донецк Республикаларын БҰҰ Жарғысына сай дербес субъект ретінде танымайтынын айтып жүр. Ендеше, «біздің мұнай экспортына шабуылдайтындай не әкесінің құны бар» деген ой тастайды.
Сөзбе-сөз көшірмесе де, тура осы пікірді тағы бір депутат Марат Башимов те білдірді. Ол да сол айтылған дәйектерді келтіре келе, Еуропадан бірде қару сұрап, енді мұнайына зақым келтіріп, екіұдай саясат ұстанып отырған Украинаны сынайды. Сөйтіп, осы әрекеті үшін Қазақстанның қалай да түсініктеме алуы керек екенін, сонымен қатар жазықтыларға қатысты ең қатаң шаралар қабылдау қажет екенін жазады.
Заң шығарушы билігіміздің екі бірдей өкілі осылай деп жатқанда үшінші бір депутат Ермұрат Бапи әлгі екеуіне қарсы шықты. Оның пікірінше, неше жылдан бері жерін қорғап, қанқұйлы соғыс көріп жатқан ел үшін мұндай шабуыл жасау қалыпты жағдай. Олар агрессордан қорғану үшін қандай да болсын әдіс-айланы қолдануға қақылы. Осы тұрғыдан, Ресей меншігіндегі құбырға шабуылдау да заңды құбылыс. Тек содан Қазақстанға 300 млрд теңге зиян келеді дегенді Ресейдің тықпалаған түсінігі деп қабылдайды. Өйткені нақты шығын тек толыққанды тексеріліп болғаннан кейін анықталады. Оған қоса, тап осы экспорт тоқтап қалса ғана шығын келеді. Ал әзірге ондай әңгіме жоқ.
Сөйтіп, біздің билік саяси қадамын ақырын жүріп, анық басқан әсер қалдырды. Бір жағынан қос депутат арқылы ашу танытып, елдің алдында ақталады. Екінші жағынан, Ермұрат Бапидің сөзімен Украинаның да сөзін сөйлеп, тізгін тартып қойғандай болады.
Бір қызығы, біздің энергетика министрлігіміз осы дрондар шабуылы болған сәттен-ақ соншалық бір зиян келмегенін айтып бақты. Мәселен, «Кропотинская» станциясы зақымданғанымен, қазақ жерінен шығатын қара алтын айналма жолмен экспорттала бермек. Ол ол ма, биыл тіпті елімізде мұнай өндірісі артқалы отыр. Былтыр 87,7 млн тонна өндіріліп, соның 68,6 млн тоннасы сыртқа экспортталған болса, сол көрсеткіштер биыл біршама ұлғаяды. Енді 2025 жылғы жоспар бойынша 96,2 млн тонна өндіріліп, соның 70 млн тоннадан астам бөлігін шетелге сатпақ. Оның басым бөлігі әлбетте, осы айтылып отырған КҚК арқылы жөнелтіледі.
Энергетика министрлігінің осы мәліметтеріне қарамастан, біздің депутаттар салған жерден Украинаны жауапқа тарттыру мәселесін көтеріп кеткені біртүрлі көрінеді.
Соны пікір
Мұнай құбырына жасалған шабуылда әзірге айтылып отырған нұсқа – Украинаның АҚШ-қа жолдаған сәлемі ретінде қарастырылады. Бұл туралы газетіміздің өткен №13 санында жазған едік. Енді соған қатысты мұнай саласының белгілі сарапшысы Олжас Байділдинов өзіндік ерекше пайымын ұсынады.
Ол бір сөзінде бұл жайтты, керісінше, Батыстың Қазақстанға жасаған ескертуі іспетті қарастырады. Өйткені Украинаның мұндай шабуылды батыстағы қамқоршысының мақұлдауынсыз жасауы неғайбыл деген пікірде. Оның үстіне, мұндай көлемдегі әскери шабуылды дайындау аз уақыттың шаруасы емес. Нысанның орналасқан орнын анықтау, оған ұшып жететін дрон табу, жолын есептеу – бәрі де ұзақ зерттеуді, ұзақ келісімді қажет етеді. Демек, алдын ала дайындалған болуы мүмкін.
Сарапшының сөзінше, шынымен-ақ, бұл шабуылдан Ресей ұтылмайды. Себебі ондағы негізгі байлық – мұнай қазақ жерінен шығады әрі «ҚазМұнайГаз» бен шетелдік компанияларға тиесілі. Сондықтан зардап шеккен негізгі тарап – Қазақстан.
Оның пайымынша, осы қым-қиғаш жағдайдың ішінде мына мәселеге назар аудару керек. Қазақстанның Қашаған мен Қарашығанақ кеніштеріндегі өнімді бөлу келісіміне қатысты реттеу шаралары батыс елдеріне ұнамай қалуы мүмкін. Шетелдік компаниялар соның қарымтасы ретінде кеніштерде қандай да бір апат туғызатын болса, онда өндіріс көлемі төмендейді. Мұндай сценарий табыс тауып отырған шетелдік компанияларға керек емес. Сонымен бірге жоғары технологияларына да сын айтылады. Бірақ қалай да Қазақстанға айбатын сездіру керек. Сол үшін КҚК құбырына шабуыл жасау таптырмас шешім. Соның нәтижесінде «өндіріс көлемін қысқартамыз» деп бедірейіп отырып алмақ. Біздің ел әлгі реттеу шараларын тоқтатпаса, өндіріс көлемін одан әрі кеміте бермек. Өйткені Украина әскері шабуылды жалғастыра беретінін ескертті.
Сарапшының мұндай пайымға келуінің негізгі себебі, Қазақстан әлгі реттеу шараларының қорытындысы бойынша NCOC пен KPO компанияларының үстінен білдіріп отырған шағымы 150 млрд доллардан асады. Сондықтан біздің депутаттар Украинаны айыптап, жауапқа тарттыру керек деп жүргенде мәселенің түп төркіні өз жеріміздегі инвесторлардан шығуы да ғажап емес.
Ербол Тұрымбет