Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:00, 16 Қараша 2023

Мусин қарыз сұрап жүр

Мусин
Фото: из открытых источников

Жақында ғана үкімет «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын бекітті. 2024-2027 жылдарға жоспарланған жобаны жүзеге асыруға 1,5 трлн теңге қарастырылыпты. 

Оның жартысы республикалық бюджеттен, екінші бөлігі бюджеттен тыс қаражат есебінен. Нәтижесінде, ірі мегаполистерден бастап қыр жағалап байланыс іздейтін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдарға дейін жылдамдығы жоғары интернетпен толық қамтылады деседі.

Талшықты-оптикалық байланыс желілерін ауылға жеткізіп, ADSL технологияларын жаңартып, республикалық және облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту үшін негізгі күш сымды және сымсыз байланыс инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бөлініп отырған қыруар 1,5 триллионның өзі осы күнге дейінгі ахуалдың қай деңгейде болғанын көрсетіп бере алады. «Цифрлық Қазақстан» деп талай таудан асқанбыз. Енді, міне, цифрланып болған Қазақстанды байланыспен қамту үшін триллиондар жұмсалмақ. Не боп кетті өзі!

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы өз алдына бір тарих. 2017-2022 аралығында актуалды болған бағдарламаның негізгі мақсаты экономиканы, мемлекеттік органдардың қызметін цифрландыру, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру болатын. Байланыс саласына қатысты міндеті байланыс желілерін және АКТ инфрақұрылымын кеңейту еді. Біраз сынға ұшыраған бағдарламаны президент Тоқаев қосымша қаржылық шығындарсыз қайта қарауға тапсырғаны да есімізде. Алайда цифрландырудың негізгі тірегі сапалы интернет екені сол күйі ұмыт қалды. Елдің біршама бөлігі 3G-ге де жете алмай жүргенде электронды қызметтерге басымдық беріп, Қазақстанды жаппай цифрландыру қаншалықты керек еді деген де өзінше сұрақ. Цифрланамыз деп енгізіп тастаған «электронды күнделікті» толтыру үшін ноутбуктарын арқалап, қыр жағалап кеткен мұғалімдер мен онлайн оқу үшін үйдің шатыры, қораның төбесіне шығып, «сабақ оқыған» оқушыларды ұмыту мүмкін бе? Бұл бір ғана мысал. Енді осындай олқылықтар мен асығыстықтың артын жабу үшін елді толық сапалы интернетпен қамту қажет. «Қолжетімді интернеттің» бір бағыты осы – 5G желісін өрістету. 4G пайда болғалы қанша жыл өтті, қамтып үлгермей жатып, 5G шығып үлгерді, енді соның соңынан қуамыз.

Жобаға сәйкес, 5G технологиясы республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарына 2025 жылдың соңына дейін енгізіледі. Бұған салатын байланыс операторларының инвестициясы шамамен 300 млрд теңге. Ал 2021-2025 жылдары 5G-ді дамытуға 442 млрд теңге жұмсалмақ. Ендігі мәселе, біз қалаларда 5G қуып жүргенде ауылдардағы бір ғана абонентпен, «Е+, Н+» интернет жиілігімен отырған халық не болмақ? Қазіргі жағдай бойынша, Қазақстанда 6 290 ауылдық елді мекен болса, оның 4 858-і, яғни 76 пайызы кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 2 813 ауылда – 4G, 2 045 ауылда – 3G ғана ұстайды. Ендігіде аталған ауылдарда 4-ші буынды арттырудан бөлек, қалған 24 пайыз елді мекенге ғаламтордың тым құрыса ең баяу түрі де жетпеген. Бүгінде жалпы саны 200 мыңнан астам халық тұратын 1 432 ауыл мобильді интернетке қосылмаған. Ал бұрындары 2020 жылға дейін халықтың 98,7 пайызы кеңжолақты интернетке қосылады деп жар салған. Одан бері үш жыл өтті, уәделер жыл сайын жаңарады, бірақ интернет жаңармайды. 1,5 триллиондық жаңа жобаның авторлары 2027 жылы 100 пайызға жетеміз дейді. Осыған дейінгі «Ақпараттық Қазақстан-2020», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларына шамамен 324 млрд теңге бөлініп, қаншама жоспарлар жасалды, бар жеткеніміз – Токиодан оздық деген ызалы күлкі ғана.

Токионың өзін жолда қалдырып жүрген министр Мусин «Қолжетімді интернет» аясында жол картасын әзірледік деп мақтанып жүр. Ол айтқан Жамбыл облысындағы 367 елді мекеннің 61-і – 2G, 81-і – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетпен отыр. Ал өткен жылғы интернет жылдамдығының антирейтингін бастап тұрған Шығыс Қазақстан облысындағы 191 ауылда мобильді интернет мүлде жоқ.

Ең алдымен ескерілуге тиіс бір мәселе – халық тығыздығының төмендігі, ауылдардың қашықтығы. Сондықтан да байланыс операторларының мұндай аймақтарға коммерциялық қызмет көрсетуі оларға экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Осыған байланысты ауылдық елді мекендерде байланыс инфрақұрылымын дамыту үшін мемлекеттің қолдауы қажет. Министрлік мәліметінше, осы бағытта халқы 250-ден аз ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарына интернеттің «соңғы милін» субсидияламақ. «Соңғы мильді» субсидиялау бағдарламасы 1123 ауылды елді мекенді қамтып, ондағы 400 мыңнан астам үй мен 1,5 млн адамды интернетке қосады-мыс.

Бұл туралы жоба мәтінінде қысқаша ғана айтылғандықтан, толық мәлімет алу үшін цифрлық даму министрлігіне хабарластық. Сөйтсек, бұл субсидия үшін сырттан қарыз алғалы жатыр екен.

Олар: «Осы бағдарламаны іске асыру үшін Дүниежүзілік банктен 100 млн АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік займ алынбақшы. Бұл қаражат жеке операторлардың инвестициясының тең жартысын субсидиялауға бағытталмақ. Сұраныс әзірленіп, нәтижесінде қыркүйектің басында Координациялық кеңес аталған инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін мемлекеттік займ беру сұранысына келісті, қазір тиісті құжаттар жолданды», деген мәлімет берді.

Сонда бюджеттен бөлінбек 1,5 трлн қайда қалды? Бұл триллионға қарызға алмақ 100 млн доллар қосыла ма, жоқ па? Осы сұрақтарды нақтылау үшін министрліктің баспасөз қызметіне қайыра хабарластық. Олар салған жерден басын ала қашты. Өздері берген ақпараттың әлі нақты емес екенін айтып, өздері жіберген құжаттың шикі екенін айтып, тіпті жарияламай қоя тұруымызды сұрады. Алдағы жұма брифинг өтпек екен, бәрі егжей-тегжейлі сонда айталады деп бізді қызықтырып қойды. Үш күн ішінде шикісі пісіп, кемісі тола қоятын сияқты. Қарыз алу мәселесі сол кезде бір жақты болмақ. Токиодан қанша озғанымызды Мусин мырза алдағы жұмада айтып берер деп сенеміз («Жас Алаш» бақылауда ұстайтынын ескерте кетейік). Жоғарыда айттық, 1.5 трлн теңгенің жартысы бюджеттен, жартысы басқа көздерден. Демек, Мусин төрт жыл ішінде 100 пайыздық межеге жету үшін 750 млрд теңге табу керек. Ал, ол қазірдің өзінде қарыз сұрап жүр.

Мұндай халық саны аз ауылдарға, үй шаруашылықтарына геостационарлы емес спутник операторларының көмегімен интернет тартса қалай болады деген ұсыныстар да талқыланған. Бұл туралы мүлде ұмытып кеткен сияқты, жаңа қабылданған жобада ештеңе айтылмапты. Соңғы рет Мусин геостационарлы емес спутник жүйелерінің Қазақстан нарығына келуі Орталық Азиядағы шетелдік операторлардың қызығушылығы мен ондағы жүйенің техникалық дайындығына байланысты, бұған мемлекет араласа алмайды деген еді. Жапониядан озып кеткенімізді естіп, керек емес шығар деді ме екен, Илон Масктің бұл озық технологиясын біз жаққа әзірге бұра қоймайтын сияқты.

Руслан Тоқтасынұлы, байланысшы: Триллиондар мәселені шешпейді

– Ең әуелі Қазақстан 4G-дан 5G-ға ауысуға дайын ба деген сұраққа жауап беру керек. Бұл алдымен жаңа технология. Қазір тұрған 4G антенналардың орнына 5G антенналар орнатылуы керек. Ал олардың таралу радиусы екі түрлі, салыстырсақ 4G-дікі үлкенірек. Дәл осы себептен қазір көп жерде интернеттің нашарлауы сезілуде. Бұрын 3G мен 4G ауысқанда қиындықтар туындай қоймады, себебі олардың таралу аймағы бір-біріне жақын, сәйкес келеді. Сондықтан технологиялық проблемаларсыз-ақ интернет жылдамдығы артқан болатын. Бұл жолы да антенналар жаңарып, интернет жақсарды. Бірақ оның таралатын локациясы тарылып кетті. Өйткені 5G антенналардың қамтитын аумағы өте кішкентай. Демек, мәселе таралу радиусының алшақтауынан туындап отыр. Бұдан түйетініміз, интернеттің даму екпініне біздің елдің технологиялық әзірлігі ілесе алмай отыр.

Елімізде процестердің басым бөлігі цифрландырылған. Мегаполистерде мұндай қызметтерді пайдалану мәселе тудырмайды. Ал ауылдарда жаңа айтылғандай, жабдықталу деңгейі төмен. Көбіне бір ауылда бір «телевышка» және 3-4 антенна ғана бар. Ондай жерде теория бойынша 2G, 3G ұстауы мүмкін, бірақ шын мәнінде интернеттің сапасы құрылғылардың орналасу жиілігіне тікелей тәуелді. Ал біз 5G дейміз. 5G-дің таралу аймағы 100 метр ғана. Күшейткіш қосқан күнде де қуаты ары кеткенде екі еселенер. Сонда радиус 200 метрге жетеді, бірақ ауыл 200 метрмен бітіп қалмайды ғой. Мәселе осында. Ауылдағы үйлер бір-бірінен алшақ орналасқан, әрі олар қаладан да алыс. Енді сапалы интернетті жоғарыдағы 200 метрмен есептесек, бір ауылдың өзіне қанша құрылғы қажет боларын елестетіңіз.

Қазақстанда бұл мәселені толыққанды шешу үшін байланыс саласындағы телекоммуникацияны әлі де дамыту керек. Ал ол үшін бәсекелестік пайда болу керек. Бүгінгі жағдайға қарасақ, интернеттің монополиялануы көрініс беріп отыр. Өзімізге белгілі, activ, tele2, altel, kcell, бұрынғы dalacom, бәрі Қазақтелекомның құзырындағы компаниялар. Бөлек қарауға болатыны – beeline ғана. Бірақ оның бір өзінің бүкіл ауылға интернет таратуға күші де, ресурсы да, мүмкіншілігі де жетпейді. Сапаны арттыру үшін бізге үлкен бәсекелес компанияларды шақыру керек. Алайда бұл мемлекет ден қойып, араласпаса шешілмейтін мәселе. Нәтижелі, батыл қадамдар жасалуы тиіс. Жаңа жобаға біраз ақша бөлініпті. Бәрі адал жүрсе, жөнімен орындалса, бақылау болса, біршама нәтижеге қол жеткізуге болады. Мемлекет қолдады, жасады делік, бірақ оның бағасы ше? Ары қарай не болады? Оған қоса, қызмет көрсету құны тағы бар. Өйткені байланыс дегеніміз – технология, металл. Қойдым, орнаттым, болды деген жоқ. Амортизациясы, эксплуатациясы, жаңарту, жөндеу жұмыстары бар. Әрі бұл үздіксіз процесс.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: