Нариман Қыпшақбаев, экс-министр: Су ресурстары министрлігі бір жылда түк бітірмеді
Президент 2023 жылғы жолдауында су ресурстары министрлігін құруды тапсырды. Елдегі су саласына жауап беретін басты мекеменің жұмыс істеп тұрғанына тура бір жыл болды.
Осы орайда бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаевқа хабарласып, ведомствоның бір жылдық жұмысына баға беруін сұрадық.
Біздің министрлер – бақылаушы ғана
Елге су министрлігі керек. Өйткені Қазақстанның бұл министрліксіз күн көруі қиын. Қазіргі министр жаман жігіт емес, кінәлағым келмейді, бірақ бұл саланың маманы емес.
Тұщы су көзі деген тұрақты өлшем. Тұщы су көзі Қазақстанда да, әлемде де көбеймейді. Ал сұраныс арта береді. Қазір біздің елде 20 миллион халық бар, бірер жылда 30 миллион болады. Ал су өзгермейді, өспейді. Демек су мәселесі жылдан жылға күрделене түседі. Осы мәселені ойлайтын, осы тығырықтан шығудың жолын табатын басты мекеме – су ресурстары министрлігі.
Бұл проблеманы шешудің жолы – су істері саласының мамандары. Олардың әрбірі өзінің тәжірибесіне, біліміне қарай әртүрлі жолын ұсынады. Осы мақсатта министрдің алдында онға жуық маман жиналды. Үкіметте шешім қабылдап, шешімді жүзеге асыратын адам – министр. Оның алдына қаншама маман барып, бір мәселе бойынша бірнеше ұсыныс айтады. Осы ұсыныстар арасынан ең дұрыс, ең оңтайлы шешімді іріктеп қабылдайтын адам да – министр. Демек министр он ұсыныстың арасынан ең үздігін тани алатындай білікті болу керек.
Бірақ Қазақстанда министрлерді қарапайым бақылаушы ретінде қояды. Мысалы, су министрлігін алайық. Министр су маманы болса, алдына келіп ұсыныс айтқан он маманның ішінен ең тиімдісін таңдайды. Өйткені өзі сол саланы біледі, қабылдаған шешімі үшін республика алдында жауап бере алады. Біздің елде олай емес. Былтыр қыркүйекте министрлік құрылды. Тура бір жыл болып отыр. Министрлікті құру заман талабы болды, оны құру қажет еді. Бірақ оның басшысын тағайындау шешіміне таңғалып отырмын. Басшыны тағайындарда еңбек жолына қарау керек қой. Мысалы, ол механик болса, су саласына қалай министр етуге болады?!
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: НАРИМАН ҚЫПШАҚБАЕВ, ЭКС-МИНИСТР: ҚАЛТАМДА ҚАНША АҚША БАР ЕКЕНІН БІЛМЕЙМІН, АЛ СУДЫ КҮНДЕ ЕСЕПТЕП ОТЫРАМ
Су ресурстары министрлігі былтыр 3 қыркүйекте құрылды, тура бір жыл өтсе де, министрге әлі бір ауыз ойымды ашық айта алған жоқпын. Баяғыда мен қызмет істегенде министрлікте аптасына бір рет маңызды мәселелерді қарайтын кеңес өтетін. Ал қазір ондай кеңес өтіп жатыр деп естімедім. Көктемде елді су тасқыны басты. Осы апатқа не себеп болды деп талқылауға болатын еді ғой. Су саласында 66 жыл жұмыс істеп, мұндай апатты көрген жоқпын. Біз мұндай оқиғаның алдын алатынбыз.
Осындай қиын жағдайдан кейін министр мамандарды жинап, апаттың себебін талдап, келешекте оның алдын алатын жолдарын қарауға болатын еді ғой. Мен ондай кеңеске қатысып, өз ойымды айтуға дайынмын. Яғни министрлікте ақылдасу деген мүлде жоқ.
Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайы мәз емес. Өмірге қажетті өнімдерді әртүрлі елден сатып алып отырмыз. Әр министрлік – экономиканың әр саласы екенін ескерсек, әрбір министрлікті өз саласының кәсіпқой маманы басқарғанда ғана Қазақстан экономикасы оңалады. Бірақ бізде министрлік жанынан департамент немесе корпорация құрады да, министрді жауапкершіліктен босатып тастайды. Яғни министр креслосына кез келген адамды әкеліп отырғыза салуға болады. Министрлер бір қора қойды қасқырдан күзетіп отырған қойшы сияқты, сырттан қарап отыруды ғана біледі.
Қазақстанда министрліктерді өз саласының маманы басқарып отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы саласына жылқы мен сиырды айыра алмайтын адамды, су саласына механикті министр етеді. Бұлай экономиканы дамыту мүмкін емес. Билік Қазақстанды осылай сорлатып отыр. Қолына жазып берген қағазды трибунада дұрыстап оқып бере алатын министр жоқ. Өйткені билік министрліктің, министрдің маңызын жойған.
Менің ойымша, министр өз саласы бойынша премьер-министрден де күшті болу керек. Жауапкершілікті мойнына алып, сол саланы реттей алатын адамдарды министр ету қажет. Су саласына әкелген жігіт су саласында көп ештеңе білмейді. Министр ақылды болса, көп адамнан кеңес тыңдап, өзіне қажетін алар еді. Ал қазіргілер өзі білмейді, білген адаммен ақылдаспайды.
Жоғарыда су саласын білетін ешкім жоқ
Кез келген мемлекеттік су шаруашылығы мекемесін құру облыс, аудандардан басталады. Облыстық, аудандық су басқармасы болады. Өйткені суды пайдаланатын халық ауылдарда. Бұрын колхоз, совхоздар болса, қазір шаруа қожалықтары бар. Қазір облыстық, аудандық су шаруашылығы мекемелерін жауып, бәрін Астанаға апарып, министрліктің жанынан департамент, комитет етіп құрып қойды. Соның салдарынан министрлік негізгі жауапкершіліктен босап, жұмыс істеуді қойды. Жергілікті жерде су мекемесі жоқ. Биыл су тасқыны болғанда не істейміз деп сұрайтын бір маман табылған жоқ. Облыстық, аудандық су мекемелерін қалпына келтіру керек екенін айтып жүрмін, ешкім ескермейді.
Мен министрліктен кеткен соң, су шаруашылығы министрлігін жауып, орнына су шаруашылығы комитетін қалдырды. Енді министрлікті қайта құрып жатыр. Бірақ соны бұрынғы комитет негізінде құру керек еді, өйткені бұрынғы министрліктің қалдығы сол комитетте еді. Ал бұлар комитетті қалдырып, министрлікті жаңадан құрды. Сол үшін министрлік ештеңеге жауап бермейді, ал комитет сауатсыздардың ордасына айналды. 30 жылда су саласы құлады, бар жауапкершілікті комитеттің мойнына іле салды да, қазіргі министрлік түк бітірмей отыр. Тіпті президент әкімшілігінде де суды түсінетін ешкім жоқ, министрлікке мұның қалай деп ешкім айтпайды. Қазіргі су шаруашылығына беретін бағам – осы.