Назарбаев қорының элиталық көліктері Астанада бірнеше рет жол ережесін бұзған

Журналист Илья Астахов «Бастау даму қоры» атты қордың элиталық автопаркі анықталғанын хабарлады.
Бұл қордың жалғыз құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев.
Аталған және экс-президентпен байланысы бар өзге де қорлар мен компаниялар Тұңғыш Президент кітапханасында тіркелген.
Астаховтың айтуынша, қордың нақты немен айналысатыны белгісіз, алайда оның қарамағында қымбат көліктер коллекциясы бар. Сол автокөліктерге қатысты ондаған айыппұл тіркелген: барлығы 45 әкімшілік хаттама жасалып, соның 44-і жол қозғалысы ережесін бұзуға байланысты.
Қор автопаркіне Chevrolet Tahoe, Nissan Patrol, Mercedes-Benz S450 4MATIC, Lexus LX 570, Cadillac Escalade, Tesla Model X, үш Toyota Land Cruiser Prado және бір Land Cruiser 250, Audi A6, KIA Optima, Toyota Camry және BYD Song Plus кіреді.
Тіркелген құқықбұзушылықтар қатарында жылдамдықты асыру, автобус жолағына шығу, қызыл шамға өту және ақылы автотұрақ үшін төлем жасамау бар. Ең көп ереже бұзған көлік — ақ түсті Toyota Land Cruiser Prado, оған тоғыз рет айыппұл салынған. Ал Chevrolet Tahoe көбінесе президент резиденциясы маңында, Астана–Қарағанды тасжолында жиі байқалған.
Журналистің айтуынша, көпшілік ереже бұзу деректерінің мерзімі Назарбаевтың елордада жүрген кезеңімен тұспа-тұс келеді. Негізгі бөлігі 2024 жылдың қазан–қараша айларына және 2025 жылдың маусым–шілде айларына тиесілі. Бұл кезеңдерде экс-президент Астанаға АЭС құрылысы мәселесіне қатысты референдум және мешітке бару үшін келген.
Көліктердің жалпы нарықтық құны шамамен 800 млн теңгеге бағаланады.