Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:21

Назарбаеваға тиесілі, 99 млрд теңге қарызы бар компания банкрот болғысы келеді

әнипа бизнес
Фото: Коллаж Orda.kz

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Group of the Companies TDA компаниясын банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Бұл компанияның ортақ иелері — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қарындасы Әнипа Назарбаева және оның серіктесі Әли Қылышбаев.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылғы 16 қаңтардағы жағдай бойынша компанияның бюджет алдындағы салық және басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі 99,2 млрд теңгеге жеткен.

Компания Алматы облысы Қарасай ауданындағы Назарбаевтар әулетінің туған ауылы Шамалғанда тіркелген. Негізгі қызметі – кең ауқымды тауарларды көтерме саудада сату.

Компания сотқа берген өтінішінде қарызды өтей алмайтынын айтып, өзін банкрот деп тануды сұраған.

Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының өкілі компанияны банкрот деп тануға қарсылық білдірмеген, яғни кредитор тарап өтінішпен келіскен.

Сотта компанияның мүддесін оның басшысы әрі тең иесі Әли Қылышбаев қорғап, банкроттық туралы өтінішті қанағаттандыруды сұраған. Алайда ол кейінгі сот отырысына келмеген.

Ал уақытша басқарушы компанияның қаржылық тұрақтылығына қатысты қорытынды жасау мүмкін болмағанын көрсететін акт ұсынған.

Соттың түсіндіруінше, заң бойынша компанияны банкрот деп тану үшін екі шарт қатар болуы тиіс:

1. тұрақты төлемнің болмауы;

2. нақты қаржының болмауы.

Салық органдары қарызды өндіріп алу үшін түрлі шаралар қолданғанымен, нәтиже болмаған.

Сонымен қатар компания соңғы үш жылдағы бухгалтерлік құжаттарды, сондай-ақ банк шоттары бойынша ақша қозғалысына қатысты мәліметтерді ұсынбаған. Осы себепті компанияның нақты қаржылық жағдайын анықтау мүмкін болмаған.

Қаржылық және салық есептілігінің, табыс пен шығын туралы мәліметтердің, ақша айналымының болмауына байланысты сот компанияның толықтай қаржылық тұрақсызлығы дәлелденбеді деген қорытындыға келген.

Сондықтан сот:

 «Group of the Companies TDA» ЖШС-нің банкрот деп тану және банкроттық рәсімін бастау туралы өтініші қанағаттандырылмасын», – деп шешім шығарды.

Контрабанда ісі

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бұл компания мемлекетке 92,3 млрд теңге салық берешегін жинаған.

2025 жылдың шілдесінде Қаржы мониторингі агенттігі Алматыда Қытайдан тауарларды контрабандалық жолмен әкелу және жалған шот-фактура жазу ісі бойынша үкім шыққанын хабарлаған.

Тергеу барысында:

компания Қытайдан 100 контейнер тауарды заңсыз әкелгені,

оған қарасты 10 компания арқылы жалған шот-фактуралар рәсімделгені анықталған.

Нәтижесінде мемлекетке ҚҚС, корпоративтік табыс салығы, кедендік төлемдер бойынша 10 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.

Тергеу кезінде:

643 млн теңге мемлекетке қайтарылған,

1,3 млрд теңгенің тауарлары,

300 млн теңгенің мүлкі (жер учаскелері, көліктер) тәркіленген.

Сонымен қатар 47 серіктес компания өзара есеп айырысуларды жойып, 240 млн теңге салық төлеген.

Алматы қаласының Алмалы аудандық соты бұл іске қатысы бар адамдарды 1,4 жылдан 4,6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, мүліктерін тәркілеу туралы үкім шығарған.

Олардың біреуіне халықаралық іздеу жарияланған.