Шымкент сыра зауытының иесі. Тұрсын Алагөзовтың қандай бизнестері бар
Мамыр айының соңында кәсіпкер Тұрсын Алагөзов Шымкент сыра зауытының жаңа қожайыны атанды.
Зауыттың бұрынғы иесі Ғалымжан Есенов пен Марғұлан Сейсембаевтың бизнес серіктесі Тимур Жаңабаев еді. «Шымкент сыра зауыты» олигарх Тохтар Төлешовке тиесілі болғанын көпшілік біледі. Ол 2016 жылы 21 жылға сотталғанға дейін зауытқа иелік етті.
Көпшілік Тұрсын Алагөзовті Баян Мақсатқызының күйеуі ретінде ғана таниды. «Жас Алаш» бұл кәсіпкердің кім және қандай бизнестерге қатысы барын тексеріп көрді.
Тұрсын Алагөзовтің бизнестері
Тұрсын Алагөзовтің аты Қаңтар оқиғасынан кейін БАҚ беттерінде көп атала бастады. Ол экс-президент Назарбаевтың келіні Гүлмира Сатыбалдыдан жапа шеккен кәсіпкерлердің бірі. Қазіргі күнде оның атына ресми 9 компания тіркелген. Оларды рет-ретімен санамалап көрейік.
Galanz bottlers АҚ
Алматыда 2006 жылы, 13 шілдеде тіркеуден өткен. Директоры – Заурбеков Ихтияр Мырзагельдиевич. Құрылтайшылары – Джусупов Аскар Каньятович пен Алагузов Турсенгали Турумович. Мекенжайы – Алматы қаласы, Жазылбек көшесі, 20.
АҚ алкогольсіз сусындар өндіреді. Қоғам арасында оның Maxi чай сусыны өте танымал. Бұдан бөлек, кәсіпорын Daily Fresh, Garden, Sevens, Happy, Lime Time, МультиVIT сынды сусындарды да шығарады.
Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы – 209 927 884 421 теңге, төлеген салығы – 4 911 567 976. Осы уақытқа дейін 14 989 109 342 теңге мемлекет қазынасына аударған. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Назарбаевтың келінінің озбырлығынан Алагөзов өз компаниясын өзі қайта сатып алуға мәжбүр болған
Тұрсын Алагөзовтің рейдерліктің құрбаны болғаны да осы акционерлік қоғамға байланысты. Galanz bottlers компаниясын ол 16 жыл басқарған. 2016 жылы бұрынғы әйелімен ажырасып, компанияның 43,25 пайыз акциясын әйеліне бөліп берген. Кейін АҚ-ның банк алдында қарызы көбейген. Осы қиындықтарға байланысты экс-жұбайы Ляйсира Марат Гүлмира Сатыбалдыдан көмек сұраған. Назарбаевтың келіні акционер болуға келіскен. Арада көп өтпей, ол Алагөзовке хабарласып, бұрынғы әйелімен арадағы сотты тоқтатып, компания акцияларының бәрін беруді сұраған. Сонымен бірге Қайрат Сатыбалды да Алагөзовке қоңырау шалып, «егер прокуратура және басқа жағдайлармен мәселе болғанын қаламасаң, компанияңды бізге өткіз» деп қорқытқан.
Тұрсын Алагөзовтің әйелі Баян Алагөзова Дариға Назарбаевамен таныс болғандықтан одан күйеуін Гүлмира Сатыбалдымен кездестіруін сұраған. Екеуі «Рахат Палас» қонақ үйінде кездесіп, сол жерде де Назарбаевтың келіні Алагөзовке қысым көрсеткен. Сөйтіп ол Galanz bottlers-тің 20 177 956 акциясын Гүлмира Сатыбалдының жүргізушісіне 1 теңгеден сатқан. Ал ол кезде АҚ-ның бір акциясының құны 200 теңге тұрған.
Арада біраз уақыт өтіп Тұрсын Алагөзовке Қайрат Сатыбалды хабарласып, компанияны қайта сатып алуды ұсынған. Осылайша, Алагөзов өз компаниясын қайтадан 30 млн долларға сатып алуға мәжбүр болған. Соншама қаржысы болмағандықтан алдымен 10 млн долларын төлеп, қалғанын бөліп төлеуге келіскен. Бірақ қалған соманы төлей алмағандықтан Сатыбалдылар Алагөзовті қайтадан жұмыстан шеттеткен.
2022 жылы наурызда Алагөзов антикорға рейдерлік бойынша арыз түсірген. Сол жылы жазда Гүлмира Сатыбалды 43 пайыз акцияны қайтарып беремін деген. Бірақ ол 10 млн доллар төлегендіктен кәсіпорынның 90 пайыз акциясын беруді және ортадағы келісімнің күшін жоюды талап еткен. Нәтижесінде, Гүлмира Сатыбалды озбырлық жасады, қылмыстық топ құрды және адам ұрлады деп айыпталып, 7 жылға сотталды. Сондай-ақ сот Алагөзовтің азаматтық талап-арызының кейбірін орындады. Сот Гүлмира Сатыбалдыны Алагөзовке Galanz Bottlers АҚ-ның 6,5 млрд теңге тұратын 43,25% акциясын қайтарып, моральдық өтемақы ретінде 1 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бірақ кәсіпкер бұған келіспей, акциядан бөлек моральдық өтемақы ретінде 5 млрд теңге сұраған.
Алагөзовтің тағы бір ірі компаниясы – «Феникс Компани»
Кәсіпорын Алматы қаласында 2013 жылы, 4 наурызда тіркеуден өткен. Директоры – Затолокина Наталья Евгеньевна. Құрылтайшылары – Даулеталина Светлана Тельмановна мен Алагузов Турсенгали Турумович. Мекенжайы – Алматы қаласы, Жазылбек көшесі, 20.
Компания тамақ өнімдерінің, сусындар мен темекінің көтерме саудасымен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 169 613 825 105 теңге, төлеген салығы – 3 222 662 677 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 4 279 577 154 теңге аударған. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Арбаша» ЖШС
Алматы қаласында 2015 жылы, 26 қаңтарда тіркеуден өткен. Директоры – Затолокина Наталья Евгеньевна. Құрылтайшысы – Алагузов Турсенгали Турумович. Кәсіпорын көтерме саудамен айналысады. Мекенжайы – Алматы қаласы, Жазылбек көшесі, 20.
2023 жылғы қаржы айналымы – 5 840 829 315, төлеген салығы – 110 975 757 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
Adal SU ЖШС
Алматы қаласында 2007 жылы, 20 наурызда тіркелген. Директоры – Бидайбеков Талгат Батырович. Құрылтайшылары – Алагузов Турсенгали Турумович пен Абдулин Тлеукабыл Сартаевич. Мекенжайы – Алматы қаласы, Алтай-2, 15А.
Жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады. Компанияның 2023 жылғы ақша айналымы –278 792 578 теңге. Төлеген салығы – 5 млн 300 мыңға жуық. Жалпы салығы – 126 237 898 теңге. Мемлекеттен 2016 жылдан бері 156 келісімшарт алып орындаған.
«Напитки на дом» ЖШС
Алматы қаласында 2006 жылы, 23 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Нурахметов Ильяс Асхатович. Құрылтайшылары – Абдулин Тлеукабыл Сартаевич, Алагузов Турсенгали Турумович, Джусупов Аскар Каньятович.
Компания аты айтып тұрғандай, су жеткізумен айналысады. Бірақ кейінгі уақытта қызметіне сұраныс азайған болу керек, табысы да азайып кеткен. Мысалы, кәсіпорынның 2019 жылдары 800 млн-ға жуық қаржы айналымы болса, бүгінде бұл сома 1 138 368 теңгеге дейін азайған. Мемлекеттен осы уақытқа дейін 27 келісімшарт алып орындаған.
«ТОО «Северное Сияние ЛТД» ЖШС
Алматы облысында 2014 жылы, 5 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Ким Николай Аликович. Құрылтайшылары – Ким Николай Аликович пен Алагузов Турсенгали Турумович. Мекенжайы – Байсерке ауылы, Сұлтан Бейбарыс, көшесі, 27.
Кәсіпорын тұрмыстық тоңазытқыштар мен мұздатқыштар өндірісімен айналысады. 2023 жылғы ақша айналымы – 306 278 861, төлеген салығы – 6 250 589 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
«Шымкент сыра қайнату зауыты» ЖШС
Бұл сыра зауыты «Сыра патшасы» деген атпен танымал Тохтар Төлешовке тиесілі еді. Тохтар Төлешов «Шымкент сырасы» ЖШС-ын 2002 жылы құрған. Ол 2016 жылы қылмыстық қоғамдастық құру және оған жетекшілік ету, билікті басып алуға үгіт-насихат жүргізу немесе жария түрде шақыру, адам ұрлауды ұйымдастыру сияқты бірқатар ауыр қылмыстарға қатысты делініп, 21 жылға сотталды. Ол түрмеге қамалғасын сыра зауыты 2021 жылы банкрот деп танылды. Бірақ соған дейін құрылтайшысы Тохтар Төлешов болған. 2015 жылдары 65 млрд теңгеге жуық қаржы айналымы болған сыра зауытының ақшасы банкрот болған жылы 170 млн теңгеге дейін азайып кеткен.
Ал Алагөзов сатып алған «Шымкент сыра қайнату зауыты» «Сыра патшасы» ұсталған жылы, 8 сәуірде құрылды. Директоры – Мордясов Сергей Александрович. Құрылтайшысы – Алагузов Турсенгали Турумович. Мекенжайы – Шымкент, Сайрам көшесі, 198.
Кәсіпорын аты айтып тұрғандай, сыра өндірумен айналысады. Компанияның 2023 жылғы қаржы айналымы – 94 829 747 684 теңге, төлеген салығы – 1 801 765 206 теңге. Ал жалпы салығы – 11 617 406 284 теңге.
P.S. Тұрсын Алагөзов зауытты сатып алғасын көп өтпей БАҚ-қа сұхбат берді. Шымкент сырасының жаңа қожайыны зауытқа Еуропадан мамандар шақырған. Алдағы 2 жылда зауытты толықтай жаңалауға 10 млрд теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Сөйтіп, Тохтар Төлешов кезіндегі сыраның танымалдылығын қайта қалпына келтірмекші.
Айтпақшы, Алагөзовтің жоғарыдағы компанияларынан бөлек әйелі Баян Алагөзова екеуі иелік ететін Mercury.KZ және Chemolgan Food Station сынды компаниялары да бар.
Тұрсынбек БАШАР