Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:53, 17 Наурыз 2020

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына 19 наурыздан бастап карантин енгізіледі

None
None

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына 19 наурыздан бастап қосымша шектеу, алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар енгізіледі.

Бұл ақпаратты primeminister.kz сайты жариялады.

Сайт жазуынша, бүгін түстен кейін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Қазақстан президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткен.

Комиссия шешімі бойынша, 19 наурызда сағат 00:00-де енгізілетін шаралар мыналарды қамтиды:

— Карантинді енгізу және ауқымды санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыру;

— карантин аймағының периметрін белгілеу және оған кіріп — шығу пункттерін анықтау;

— адамдардың қозғалысын, сондай-ақ көлік құралдарының кіріп — шығуын шектеу;

— үш санат: ауру жұқтырғандар, инфекцияға күдіктілер, карантиндегілер санаты бойынша арнайы емдеу мекемелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

— халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру және тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуіне оңтайлы болуы үшін, азаматтардың қозғалысын шектеу үшін қалалар аумағының секторларын және олардың шекараларын анықтау;

— қоғамдық көлік қозғалысын күндізгі уақытта тоқтата тұру немесе шектеу және түнгі уақытта тоқтату;

— азық-түліктік емес сауда базарларының жұмысын, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын уақытша тоқтата тұру;

— санитариялық-эпидемияға қарсы шараларды күшейте отырып, «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша қоғамдық тамақтану нысандарының жаңа жұмыс режимін белгілеу;

— ХҚКО-ның жұмыс режимін қайта ұйымдастыру;

— карантиндік аймақтардағы халықтың және әрбір сектордың азық-түлік өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге, тіршілікті қамтамасыз ету заттары мен алғашқы қажеттілік тауарларына тәулік сайынғы қажеттілігін анықтау;

— карантиндік аймақтың әрбір секторы үшін қоғамдық көлік қозғалысын барынша шектеуді ескере отырып, сауда және азық-түлікпен әрі алғашқы қажеттілік тауарларымен қамтамасыз ету орталықтарын анықтау.

Үкімет шешімі жарияланған соң бір сағат өте Алматы қаласының әкімі, Қазақстан президенті жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Бақытжан Сағынтаев БАҚ арқылы Алматы тұрғындарына үндеу жасады. Ол Алматыда карантин қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.

Сағынтаевтың сөзінше, қала көшелері мен тротуарлар, қоғамдық орындар мен тұрғын үйлер дезинфекциялаланады; Алматы аумағына адамдардың және көліктердің кіріп-шығуы шектеледі; қаланың кіре-берісіне 27 блок бекет орнатылып, оны полиция мен ұлттық ұлан күзетеді.

Қазақстанда бүгін коронавирус жұқтырғандар саны 32 адамға жетті. Коронавирус жұқтырғандар Алматы қаласында 15 адам, Нұр-Сұлтан қаласында 17 адам болды.

Президент Қасым — Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Қазақстанның барлық аумағына 2020 жылдың 16 наурыз сағат 8.00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуір сағат 7.00-ге дейін төтенше жағдай енгізген.

AZATTYQ Facebook-та
AZATTYQ VK-да
AZATTYQ Youtube-та
Тегтер: