Нұрлан АҚҮРПЕКОВ, Олимпиаданың алтыны азаппен келген еді

Нұрлан Ақүрпеков өзі боксшы бола жүріп, бапкерліктің қамытын киген азамат. Ол спорт үйірмесінің есігін тым кеш ашты.
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданының Алғабас (қазіргі Әбдіжапар Жылқышиев) ауылынан орта мектепті бітіріп, Тараз қаласына келген бетте спорттың соқпағына түсті. Алайда дарынды жігіт бұл өнерді тез меңгерді. Әскер қатарында жүргенде Молдова чемпионы, КСРО Қарулы күштері біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Елге оралғаннан кейін студент атанып, бокс пен бапкерлікті қатар алып жүрді. 1993 жылы Бішкек қаласында өткен Дүйсенқұл Шопоковты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде бірінші орын алып, КСРО спорт шебері атанды. Ол кезде Нұрлан 28 жаста еді. Алға қойған мақсаты орындалғаннан кейін бапкерлікке мықтап ден қойды. Бұл ретте ол өзінің білгір бапкер, мықты маман екенін мойындата білді. Нұрлан бір шоғыр талантты шәкірттер тәрбиелесе, солардың арасынан Бақтияр Артаев озып шықты. Бағымызға туған Бақтияр 2004 жылы Афины Олимпиадасында жеңімпаз атанып, Алаш жұртының абыройын аспандатты. Сонымен бірге Бақтияр Артаев Олимпиаданың ең үздік боксшысына тиесілі Баркер кубогын олжалады.
«Еті сенікі, сүйегі менікі»
Тараз қаласының тұрғыны Ғарифолла Артаев бірде қос құлынын жетектеп, спортзалға келді. Бұл – 1994 жыл еді. Ішке енген бетте: «Ұлдарымның боксшы болуын қалап, оларды білікті бапкерге табыстасам» деп көптен бері армандап жүр едім. Өзім де қол қусарып отырмай, үйірмелерді аралап, біраз мамандармен жолықтым. Солардың арасынан таңдауым саған түсті. Осыларға енді өзің бас-көз бол. Қазақша айтқанда, «Еті сенікі, сүйегі менікі», – деп әңгімені қысқа қайырды. Сол арада Ғарекеңмен біраз әңгімелесіп, екеуміздің арамызда көп ұқсастық барын аңғардым. Ол да бала кезінен боксшы болуды армандаған екен. Алайда ауылды жерде ол ойы жүзеге аспаған. Мен де дәл сондай жағдайды бастан кешкенмін. Содан ниеттеніп, балаларын маған табыстауды жөн көрді. Бақыт пен Бақтиярды шама-шарқым жеткенше баптадым. Ғарифолла ағайдың үлкен ұлы – Бақыт бірер жыл қол астымда жаттығып, спорт шебері атанғаннан соң былғары қолғабын шегеге ілді. Ал Бақтияр екеуміздің жұбымыз содан кейін бір жазылған жоқ. Ғарекеңнің балалары маған алғаш келген күннен бастап ұнады. Тәрбие көрген, өнегелі және өз міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарайтын жандар. Оның үстіне, отағасының да бұл өнерге деген көзқарасы ұнады. Әдетте балалар үйірмеге өздері келеді, не олардың әке-шешелері жетектеп әкеледі. Бірақ ешкім де дәл Ғарекеңдей балаларының болашағы үшін күйіп-піскен жоқ. Ол кісі Бақыт пен Бақтиярдың әр қадамын қадағалап жүретін. Жарысқа шығуға ақша болмай қалғанда өз қалтасынан төлейді. Маған келіп, үнемі ақылдасып тұратын. Бақтиярға келсек, ол өжеттілігі және табандылығымен бірте-бірте оқшаулана бастады.
«Күш атасын танымайды»
1996 жылы Шу қаласында жарыс өтті. Бақтиярдың боксқа ден қойғанына екі жыл ғана болған. Белгілі бір себептермен мен Шуға бара алмадым. Араға үш-төрт күн салып, Бақтияр жеңіспен оралды. Алғашында қолындағы мақтау қағазды көріп, кәдімгідей қуандым. Бірақ байыптап қарасам, ол 60 келі салмақта бірінші орын алған екен. Жүрегім дір ете қалды. Ол өзінен әлдеқайда ірі балалармен күш сынасқан екен. «Бұның қалай, Бақтияр, мен сені 54 келі салмақта жұдырықтасуға жіберген едім ғой», – деп сұрасам, ол: «54 келіде бәсекелестік жоқтың қасы. Екі-үш адаммен ғана айқассам айызым қанбай қалады. Содан 57 келі салмақ дәрежесіне ауыстым. Ол салмақтағы балалар менен сескенсе керек, жартысы 60 келіге жоғарласа, қалғаны 54 келіге салмақ қуды. Сөйтіп, айқасатын ешкім қалмады. Ойлана келе, 60 келіде жұдырықтасуды жөн көрдім. Ол жерде біраз мықты боксшылар бар екен», – дейді. Қарамайсыз ба, қола тұрған жүлдені қанағат тұтпай, өзінің қалауы бойынша бәсекелестік белең алып тұрған салмақ дәрежесіне барып айқасқанын. Бақтияр кесімді сөзін айтқаннан кейін ашуым қайтып, керсінше, оның қайсарлығына риза болдым. «Күш атасын танымайды» деген аталы сөз осындайда айтылса керек.
Каратэге қызыққан кезі де болған
Бақтиярдың бокспен енді-енді айналысып жүрген кезі. Ол жылдары елдегі экономикалық жағдай қиын еді. Тараз бокс мектебінің қатты құлдырап тұрған кезі. Біздің залда ескі-құсқы жабдықтардан басқа ешнәрсе жоқ. Қыста іші суық болады. Оның үстіне жарыстарға да сирек шығамыз. Қаражат жоқ. Ал көрші залда каратэшілер жаттығады. Олардың жағдайы тәуір. Киімдері де әдемі, құрал-жабдықтары мол. Әйтеуір балалар айқайлап келіп, кірпіш, тақтай сындырып жатады. Бізге қарағанда олардың жаттығу процессі қызық өтетін секілді. Сол себепті балалардың көбі бокстан гөрі каратэмен шұғылдануды жөн көретін. Бір күні Бақтияр жаттығуға келмей қалды. Себеп-салдарсыз бірде-бір даярлықтан қалмайтын оған не болып қалды деп, ағасынан сұрасам, жарытып ешнәрсе айтпайды. Сөйтіп, үш-төрт жаттығуға келмеді. Сұрастырып білсем, ол каратэшілерге қосылып кетіпті. Артынан іздеп барсам, шетқары жерде Бақтиярым тұр «кия-кия» деп айқайлап. Қасыма шақырып алып: «Бұның қалай, бауырым» десем, «каратэ қызық екен, енді осы өнерге машықтануға оқталдым», – деп жауап қайырды. Жәй ғана айтып көрсем, ол міз бағар емес. Содан сыртқа алып шығып: «Бақтияр, картэде сенің нең бар. Бұл жерде ары кетсе, қолыңның қырымен кірпіш сындырып үйренерсің. Одан ары қарай өспейсің. Ал сен үшін ең қолайлысы – бокс. Егер осы өнерге дұрыстап ден қойсаң, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбрайымов, Болат Жұмаділов ағаларыңдай ел құрметтеген азаматқа айналасың», – деп ұғындырдым. Түсінді ме, білмеймін, әйтеуір қиқаңдап кеткен. Ертесі күні былғары қолғабын арқалап қайта бокс залына келді. Жас баланың сөз қадірін түсінгеніне кәдімгідей көңілім марқайып қалды.
Ескі «Жигулиге» отырып, ел-жұрттан ақша жинадық
1997 жылы Бақтияр тұңғыш рет шетелге барды. Мексикада өткен «Олимпиада үміттері» турнирі қарсаңында қаражат таппай қатты қиналдық. Бақтиярды аттандыру үшін Ғарифолла аға екеуміз біраз жерді шарладық. Менің әкемнен қалған ескі «Жигули» болатын. Соны «тізгіндеп» Тараздан бастап, Бурныйға дейін барып қайттық. Әйтеуір тірнектеп жүріп, туған-туыстарымыздан ақшаны жидық. Тапқанымыз Бақтиярдың Мексикаға барып қайтуы үшін жеткілікті болды. Мен елде қалдым. Он шақты күн өткеннен соң боксшылар елге оралды. Ғарекең, Тұмаркұл апай және мен жанұшырып, Алматыға жетсек, әуежайда қара-құрым халық жүр. Барлығы балаларын сабылып күтуде. Бір мезетте Бақтияр да бой көрсетті. Қарасам, екі иығы салбырап, еңсесі түсіп кеткен. Баласының бұл кейпін көріп, анасы жылап жіберді. «Е, жеңіліп қалған ғой», – деп біздің де көңіліміз құлазыды. Келген бетте Бақтиярды құшағымызға қысып, көңілін аңдудамыз. Жағдайды сұрасақ, ренжулі кейіппен «екінші орын алып қалдым», – дейді. Біз не жыларымызды, не күлерімізді білмейміз. «Ойбай, екінші орын алсаң неге қуанбайсың. Бұл да жақсы нәтиже ғой» десек, «Бапкерлер финалға шығармай қойды, әйтпегенде бірінші орын алар едім», – дейді. Сөйтсек, Қазақстаннан барған 16-17 баланың ішінен жалғыз Артаев қана финалға шыққан екен. Ал бапкерлер ақтық айқас болатын күні балаларды түгелдей жиып алып, кері қайтқан. Бақтияр соған ашуланып жүр екен.
Өзімізді жапан далада жалғыз қалғандай сезіндік
2002 жылдары Бақтияр нағыз кемелденген шағына жетті. Тіптен сол кездері 67 келі салмақ бойынша еліміздегі ең үздік былғары қолғап шебері саналған Геннадий Головкиннің өзімен тең дәрежеде айқасып жүрді. Көп ұзамай Головкин басқа салмаққа ауысты. Бұл жағдай Артаевқа даңғыл жол ашуға тиіс еді. Өйткені, елішілік жарыстарда шәкіртімнің алдын орайтын ешкім жоқ еді. Бірақ кейбір азаматтар Бақтиярға көп қысым көрсетті. Ол бірқатар байрақты бәсекеден шет қалды. Тіптен Олимпиада ойындарына бару-бармауы ең соңғы сәтте шешілді. Лицензиялық турнирдің алғашқысы Филиппинде өтті. Сол жарыста төрешілер Бақтиярды Оңтүстік Кореяның өкіліне жығып берді. Жалпы ол боксшыны Артаев бұған дейін екі рет оңдырмай ұтқан. Жүрегі қайтып қалса керек, бұл жолы қарсыласы тек құлап қалмаудың амалын ойлап, қашумен уақыт өткізді. Бақтияр оны қуып жүріп сабады. Алайда төрешілер таяқ жеген боксшының қолын көтерді. Сол жағдайды көре тұра, ел боксының басы-қасында жүрген азаматтардың біреуі де бізге араша түсуге жарамады. Араша түспек тұрмақ, Бақтиярға «кәрісті неге ұрып құлатпадың?» деп ұрысса, мені «Баланы дұрыс дайындамаған екенсің» деп табалады. Ол аздай, жарыстан соң өздері автобусқа мініп, бізді спорт кешенінде тастап кетті. Сол сәтте өзімізді жапан далада жалғыз қалған адамдай сезіндік. Көшеден такси ұстап, қонақ үйге келе жатқанда Бақтияр: «Аға, осы біз бекер әуре болып жүрміз ғой деймін. Менің Олимпиадаға барғанымды көп адамдар қаламайтын сыңайлы. Елде де, жырақта да үнемі қысым көрумен келемін. Шынымды айтсам, әділетсіздікке енді төзе алатын түрім жоқ. Одан да сізді де, өзімді де қинамай спорттан қол үзсем қайтеді», – деп тіл қатты. Не дерімді білмей, мең-зең болдым да қалдым. Ішім қан жыласа да, Бақтиярға сездірмеуге тырыстым. Онымен бірге мен де күңіреніп, «бұл жалғанда шындық жоқ» деп жыларман болсам, жас жігітке ауыр тиетінін сездім. Қонақ үйге жеткен бетте шәкіртімді жұбатқанның орнына қатты-қатты сөздер айттым. Ондағы ойым – намысына тию, жігерін қайрау еді. Бақтияр жылап жіберді. Менің де көңілім босап, көзіме жас тығылды. Бірер уақыт өткеннен кейін: «Мүндай кедергілер алдымыздан әлі де кес-кестеп шығады. Тек сенің жігерің жасымасын. Бәлкім, Алла Тағала бізді сынап жатқан болар. Бұйыртса, біз талай белестерді бағындырамыз» – деп жұбаттым. Бақтияр ақылы бар жігіт қой, бәрін де түсінді. Бірақ өзіміздің арқа сүйеп жүрген азаматтарымыздың сол кездегі қылығы мені қынжылтты. Олар үшін біздің жеңілгеніміз тиімдірек болды. Шолақ белсенділер сол сәтте қазақтың емес, өз мүдделерін көбірек ойлады.
Азамат та алымды жігіт
Екінші лицензиялық жарыстың тұсауы Қытайда кесілді. Оған Азамат Мақажанов барды. Аспанасты елінде оның жолы болмады. Соңғы турнир Пәкістанда өтуге тиіс еді. Ол жарысқа ұлттық құрама бапкерлері кімді апаратыны соңғы сәтке дейін белгісіз болып келді. Мамандар кеңесе келе, Азамат пен Бақтиярға тең мүмкіндік берді. Яғни, қос боксшы аталмыш турнир қарсаңында өзара жұдырықтасуға тиіс. Кім ұтса, Пәкістанға сол барады. Айтулы бәсекені көру үшін сол кездегі еліміздің спорт басшысы Дәулет Тұрлыханов Астанадан арнайы келді. Азамат Мақажановтың да алымды боксшы екенін жақсы білеміз. Алайда ол айқас Артаевтың айқын басымдылығымен аяқталды. Сөйтіп, Афины Олимпиадасының соңғы жолдамалары сарапқа салынатын жарысқа жолымыз түсті.
Чаудри мырза кесімді сөзін айтты
Пәкістанда шәкіртімді әккі қарсыластар күтіп тұрды. Алғашқы жекпе-жекте Бақтияр Кувейт боксшысын ұтты. Бірақ босаңсуға әлі ерте еді. Шаршы алаң иесімен болатын айқас алдында түрлі әңгімелер өрбіді. Өйткені, бұл жігіт күллі Пәкістан халқының басты үміті. Және де АИБА басшысы Әнуар Чаудри мырзаның сол елдің азаматы екенін білесіз. Енді оны ұрып құлатпасаң, төрешілердің бұра тартатыны анық еді. Жағдайды Бақтиярға айттым. Ол түсінді де, рингкке жұлқынып шықты. Артаев ауыр соққылардың астына алған еді, ринг иесі бас көтеруге жарамады. Сонда да төрешілердің арамза ниеті байқалып қалды. Ортадағы қазы бәсекені қайта-қайта тоқтатып, пәкістандықтың тынығып алуына мүмкіндік берді. Жерлесінің оңбай таяқ жеуі Әнуар ақсақалды әбден мезі қылса керек, ол ақырында шыдамай кетті. Нөкерлеріне: «Мына қазақтың тегеуріні күшті екен, енді оның бағын байламаңдар. Ел-жұрттан ұят болады», – деп кесімді сөзін айтыпты. Келесі бәсекелерде Бақтияр Тайланд және Иран боксшысын жақсылап тұрып сабап, жолдамаға қол жеткізді-ау ақыры.
Саидовты сабадық
Олимпиадаға бару үшін біздер талай «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткердік. Әділетсіздікті де, тепірішті де көрдік. Әбден азаптандық. Жолымыз оңғарылғаннан кейін ежелгі Эллада елінен құр қол қайтпауға тиіспіз деп өз-өзімізге іштей серт бердік. Афины рингіне Бақтияр ерекше құлшынып шықты. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын ойсырата ұтып, жартылай финал жетті. Нағыз «қызық» сол кезде басталды. Артаевты атағы жер жарған Олег Саидов күтіп тұрды. Олимпиада алтынын үш мәрте олжалаған әйгілі Куба боксшылары Теофило Стивенсон мен Феликс Савон және венгриялық Ласло Папптың ерлігін осы жолы Олег Саитов қайталауға тиіс деп, ресейліктер алдын ала тон пішкен болатын. Оның үстіне Бақтиярға Сайтовтың жұдырықтасу тәсілі бұрыннан ұнайтын. Тіптен оған еліктеген кездері де болды. Бәсеке алдында шәкіртіме «Олегтің атақ-даңқынан еш қаймықпа. Ол танымал, тәжірибелі боксшы болғанымен, сен оған қарағанда жас, әрі шапшаңсың. Сол артықшылығыңды толық пайдалансаң, сен Саитовты ұтасың», – деп ақыл-кеңесімді айттым. Жалпы ресейліктің Олимпиададағы аяқ-алысы маған ұнамады. Соның әсері болса керек, Бақтияр жеңіске жететініне мен қатты сендім. Өйткені, бастапқы кездесулерде Ресей боксшысы Өзбекстан мен Египеттің өкілін әзер ұтқан болатын. Ал Артаев екеуін де Олимпиада қарсаңында айқын жеңген еді. Ақыры бәрі біз ойлағандай болып, жерлесіміз Саитовты әдемі ұтты.
Арагонның беті қайтып қалды
Финалдық айқас алдында Лоренцо Арагонның әдіс-тәсілін шама-шарқымыз жеткенше зерттедік. Ол соңғы үш жыл көлемінде адам баласынан жеңілмеген. 2001 және 2003 жылдар аралығында екі рет әлем чемпионы атанды. Пайымдауымша, Куба боксшысы көбіне-көп оң қолының соққысына сенеді. Бірақ жұдырығын оңды-солды сілтей бермей, есеппен жұмсайды. Айла-тәсілі мол, шеберлігі толысқан нағыз хас шебер. Ал Бақтияр қаймығуды білмейтін боксшы. Намысқой жігіт. Бәсеке басталған бетте тізгінді қолына алған шәкіртім екі-үш соққымен кубалықтың бетін қайтарып тастады. Арагон қанша талпынса да, тырп ете алмады. Бақтиярдың бұл жекпе-жектегі жеңісі еш күмән туғызбаса керек.
Олимпиада аяқталған тұста жарыстың ең таңдаулы боксшыларының бірі ретінде кубалық Марио Кинделан мен Бақтияр Артаевтың есімдері аталды. Бағымызға орай, Баркер Кубогы қазақ боксшысына бұйырды. Мен бұл әділетті шешім деп ойлаймын. Өйткені, Бақтияр басқа үміткерлерге қарағанда әлдеқайда тамаша өнер көрсетті. Өзге бәсекелерді айтпай-ақ, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Олег Саитов пен әлемнің екі дүркін чемпионы Лоренцо Арагонды жеңгенінің өзі неге тұрады. Және де біздер үшін Олимпиада тұғырына бастайтын даңғыл жол болған жоқ. Соны да қаперден шығармаған жөн.
Атақ, абырой, ақша әркімге әр түрлі әсер етеді
Атақ, абырой, ақша әркімге әр түрлі әсер етеді. Ол – рас. Олимпиададан соң көпшілік ақ жарма көңілдерін ақтарып, ақ пейілдерін білдіріп жатса, кейбіреулер «өзгеріп кетіпсіңдер ғой», – деп жөн-жосықсыз килікті. «Сақтану керек, даңдайсып кетпеңдер» дегенді ерінбегеннің бәрі айтты. Шыны керек, осындай жауыр болған сөздер бізді жалықтырды. Бірақ бір анығы – біздің өзгерген еш нәрсеміз жоқ. Әйтеуір Олимпиадан кейін сый-құрмет көрдік. Бақтиярға деген елдің ықыласы да ерекше. Бұл – заңды құбылыс. Өзі тұрмақ, аламанда аты озған азаматқа да халықтың ілтипаты ерекше болады ғой. Ал Бақтияр қандай да құрметке лайық. Ол бұл дәрежеге өзінің ерен еңбегі мен жанкештілігінің арқасында қол жеткізді.
Арамзалар арамызда жүр
Бақтиярдың біраз танылып қалған кезі. Сол тұста Бақтиярдың өзіне келіп: «Ақүрпеков саған берерін біріп болды. Енді оның қасында жүріп өспейсің. Ал маған келсең, жағдай жасаймын. Еш алаңсыз жаттығып, жарыстарға үзбей қатысуыңа еш кедергі болмайды», – деп үгіттеген екен. Бір күні Бақтияр маған соның бәрін айтып берді. Ал мен ерте ме, кеш пе, түбінде осындай әңгімелер туындайтынын білгенмін. Бірақ Бақтиярға ештеңе деп тіл қатқан жоқпын. Өзі білсін, еркі өзінде деп, жүре бердім. Егер ол мені бапкер, маман ретінде бағаламаса, оны мен күштеп жанымда ұстай алмаймын ғой. Кететін адам кетеді. Менің ойымды Бақтияр айтқызбай-ақ түсінді. Өзі қасыма келіп: «Аға, мен тек сіздің қол астыңызда жаттыққым келеді», – деп ағынан жарылды. Менің көңілім орнына түсті. Сол арамза бапкерлер қазір де арамызда жүр. Бірақ мен олардың атын атап, түсін түстегім келмейді