Оқырман мен уақыт талабы немесе өз көлеңкесіне ғашық қаламгер

Әдебиет дегеніміз – адам жанының тереңінен тамыр тартқан сырлы әлем. Сол әлемге ену бақыты екінің біріне бұйыра бермейді.
Мыңдаған, миллиондаған пенде ішінен әлдекімге Жаратқанның өзі мөлдір сөздің уызы мен жүрекке ұя салған дарынын нәсіп етуі – ғайыптың, хикметтің ісі. Бұл – жай ғана қабілет емес, бұл – ауыр аманат. Нағыз жазушы – талант иесі деу жалаң жауап болар, сөз арқылы өмірді бейнелеуші, адамдықтың, ізгіліктің жүгін арқалаушы. Оның жазғаны – тек көркем дүние емес, тұтас болмыстың көрінісі, жүректің елесі, сана мен сезімнің сұхбаты. Алайда қалам ұстағанның бәрін бірдей қаламгер деуге болмайтыны тағы анық. Барлық шимай өнер емес. Әр жазылған жолдан шедевр туа бермейді. Шын мәнінде, уақыт қана өз әділетін орнатып, кімнің сөзінде салмақ, кімнің жазғанында жан барын екшейді. Өткен дәуірлерден бізге жеткен шығармалардың барлығы бірдей әдеби биіктен көрінбеді. Кейбір қаламгерлердің аты мен заты ұмытыла бастаған, ал кейбіреулері бір-ақ шығармасымен мәңгілікке айналған. Соған қарамастан, жүрекке жүк алып, қаламын қолына алған әр жанға әдебиеттен орын табылады. Бірақ сол орынды иелену – көптің бірі болумен өлшенбесе керек-ті. Көптің ортасында жүріп, сол көпке ұқсамау – аса сирек құбылыс. Бұл – даралықтың, өзіндік үн мен көзқарастың нәтижесі. Жазушының жалғыз жетекшісі – өзінің ішкі қожайыны, яғни өз ар-ожданы мен рухани биігі. Жазу үстінде сыртқы талаптан гөрі, ішкі талаптың басым болғаны – шынайы өнердің белгісі болса керек.
Әдебиет тарихында өз дарынын үнемдеп, талантын шашау шығармай ұстап, мейлінше аз жазғанымен оқырман мен уақыттың алдында өз биігін сақтап қалған қаламгерлер аз емес. Олар санаулы шығармаларымен-ақ әдебиетке өз өрнегін салып кетті. Мұндай авторлардың бойындағы ішкі потенциал, көркемдік қуат – ерен еңбекпен, сезімтал интуициямен, рухани сұраныспен қатар өріліп отырады. Бір кітабы арқылы оқырманды да, сыншыны да мойындатқан жазушылар – көркем әдебиет әлеміндегі сирек құбылыс. Керісінше, том-том шығармалар жазып, алайда әдеби ортада немесе халық жадында елеусіз қалған қаламгерлер де жетерлік. Олар кейде жазудың өзін емес, жазған болып көрінуді, көркем сөздің ішкі логикасын емес, сыртқы көлемін маңызды санайды. Бұл – әдебиетке қызмет етуден гөрі, әдебиеттен орын алуға бейім тұрудың көрінісі сияқты сезіледі. Әрине, мол мұра қалдырудың өзі үлкен еңбек, бірақ оның салмағын сапа емес, сан анықтап жатса, ондай мұраның келешекке айтар сөзі сирей түседі. Осы орайда біз бүгін ішкі потенциал, көп жазу мен сирек жазу, талантын үнемдеу, оны дамыту мен ұштау тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаш» ұйымдастырған дөңгелек үстелге жазушылар Қанағат Әбілқайыр, Ерболат Әбікен, Есбол Нұрахмет және Сафина Ақтай қатысты.
Ж.А: Әдебиет тарихында дарынын, талантын үнемдеп, мейлінше аз жазған авторлар бар. Былайша айтқанда, ішкі потенциалын сақтады деп жатамыз. Осы құбылыс туралы ойыңызды білгім келеді. Бір кітап жазса да, оқырманды мойындатқан жазушылар бар. Сәйкесінше, кей авторлар том-том шығарма жазып, елеусіз өмірден өтіп кетті.

Қ.Ә: Ешкім дарынын, талантын үнемдемейді. Егер біреу сөйтіп айтса, ол орысша айтқанда комплекс! Қазақша айтқанда – ақталу! Ақгүлім, қарашы, қолыңнан келіп тұрған дүниені ешкімнің нұсқауынсыз-ақ жасайсың ғой. Олай болса ішкі потенциалды не үшін сақтайсың? Көрсетпейсің бе жарқыратып. Ал көрсете алмадың ба, онда сенде потенциал жоқ! Сосын бізде қолдан әулие жасау бар: «Ол болғанда былай істер еді, олай істер еді» деген. Істесе қайда қалыпты? Жазсын төгілтіп.
Е.Ә: Жазушының аз жазуы, көп жазуы дегенге байланысты әдебиетте талас көп. Көпіртіп көп жаза берудің де қажеті бар деп ойламаймын. Себебі классик жазушылардың шығармаларының барлығы бірдей жақсы бола бермейді. Көп жағдайда. Біріншіден, жазу дегеннің өзі де ең алдымен Құдай берген талант пен дарынға байланысты болса, екіншіден, жазу барысында өзін-өзі межелеу, талғам мен талапқа байланысты. Негізі жазып отырғаның керек пе, керек емес пе деген сұраққа жауап бере алсаң көп сауалдың түйіні шешіледі. Мәселен, Бальзактың өзі жүзге жуық роман жазды дейміз, бірақ барлығы дерлік оқырман көңілінен шығып, жаппай оқылған жоқ. Әуезовке келсек, оның да барлық шығармасы бірдей емес. Олқы түскен туындыларын кездестіруге болады. Әлсіз туынды барлық жазушыда бар. Мәселен, Дулат Исабековті алып қарайық. «Сүйекші» шығармасы қазақ әдебиетінің классикасы деп санасақ, жұрт мақтаған «Қарғын», «Гауһартас» шығармаларын керемет деп айта алмас едім. Әлемді мойындатқан, тоқсан екі том шығарма жазған Толстойдың да осал, бір қайнауы кем шығармалары жетеді. Сөйткен Толстой өмірінің соңында «Біз жаза бердік, жаза бердік, ал нағыз талант Чехов» деген екен. Мұны енді қанша кішіпейілдік дегенімізбен, астарында шындық жатыр. Қазір жиырма, отыз әлде елу том жазатын дәуір кетті деп ойлаймын өз басым. Бес том, әрі кетсе он томның деңгейінде шектелген дұрыс болар. Санда тұрған ештеңе жоқ, сонша шығарманың бәрі бірдей тарихта қалмайды. Бастысы, ел оқитын, ғұмыры ұзақ болатын шығарма жазуға талпыну керек.
Е.Н: Көп жазу мен аз жазу автордың жекелік бір болмысына, мінезіне, әдетіне қатысты нәрсе болар. Көп жазған керемет болады немесе сапасы төмен болады дей алмаймыз. Сәйкесінше аз жазғанның бәрі саз жазады деген де қисыннан алыс нәрсе. Жазу дегеніміз де, өзге өнер мен кәсіп түрлері секілді машықты, тәжірибені талап ететін өнер. Қаншалық машығыңыз көп болған сайын соншалықты жетіле түсесіз. Жазу тек қолға қалам алып, не клавиатура басып, үстел үстінде отырғанда ғана жүзеге аспайды, сіз жазбай тұрып ой машығын жасап жүресіз. Басқан-тұрған жеріңізде, біреуден естіген әңгімеңізді, көрген жаңа кейіпкеріңізді — бәрін де жазсам қалай жазар едім деп ойлап жүрсеңіз, ол да машық. Сондықтан бір ғана шығармамен танылған авторлар көбінде сол шығармасына дейін қаншама шығарманы ойша жазып тастаған адамдар. Әлде жалқаулық, әлде ойдың толық қорытылмауынан ол шығармалар қағазға түспейді, бірақ жазу өрнегіңізге машық ретінде, жаттығу ретінде қуаттандыра береді. Ондай автор бар ынта-жігерін жинап, ойдағысының бірін немесе бәрін қосып қағазға түсіргенде ол ғажап туындыға айналуы мүмкін. Бірақ сондай авторлардың кейбірі одан кейін жақсы шығарма жаза алмай қалады. Аз жазғандардың бәрі таныла бермейді, бір ғана шығарма жазып, қайталай әдебиетке аттап баспаған қанша адам бар екенін біз тіпті білмейміз де. Өмірінде бір ғана шығарма жазып танылатын таланттар мыңнан бір, миллионнан бір. Бәрі машықпен келеді. Ал тым көп жазатындардың да, Айзек Азимов секілді жүз кітабының бірі шедевр боп жататындар болады. Ең көп жазған авторлардың бірі Бальзак, бірақ оның бір кітабын да далаға тастай алмайсыз. Сондықтан аз жазу мен көп жазудан адам талантын өлшей алмайсыз.
С.А: Бұл құбылысты түсіндіру қиын. Көп еңбектеніп, ұзақ уақыт қалам тербесе де ұмыт болған, бірақ сирек жазса да, ерек жазған жазушылар әдебиет тарихында болғаны рас. Мәселен, Кафка, Сэлинджер, Фицджеральд сынды әлем әдебиетінде ойып тұрып орын алатын жазушылар том-том романдар жазбады, бірақ бір-екі романымен мәңгілік есте қалды. Алайда өткен ғасырлардағы кейбір натуралист суретшілер сияқты натуралист жазушылар, бертіндегі кеңес дәуірінде қалам тербеген кей жазушылар әдебиетке батыл қадам жасаса да, олардың шығармалары қазір оқылмайды, оқылса да, оқырманы өте аз. Ал әр шығармасы өз биігінен түспеген Флобер, Борхес, Камю, Гоголь, Берроуз сияқты жазушылар көп жазса да, өзін жоғалтпай, әр шығармасы бірінен-бірі өткен қызық бола алатынын дәлелдеп кетті. Менің ойымша, көлем – өлшем емес.
Ж.А: Осы орайда әр сөзін өлшеп жазатын автор мен жиі жазатын, көп жазатын автордың әдетте қайсысы жақсы нәтижеге жетеді, қайсысы әдебиетке көбірек пайда әкеледі деген сұрақ туады. Бойға біткен дарынды біліммен толықтырып, дамытып, ширатып отыру жазушыға қойылатын басты талап деп ойлаймын. Сіздің ойыңызды білсем.
Қ.Ә: Өлшеп жазатын Есенғали Раушанов еді. Өзің айтқандай, дарын мен білімді тең қолданды. Юморы да ерекше болатын. Әттең, ақылдаспай кетті де қалды. Ал прозада Тынымбай Нұрмағамбетов шаршамай келе жатыр. Ең бастысы, екеуінде де жазуға деген адалдық есіп тұрады. Ал сен айтқан немесе айтқызғың келіп отырған «өлшеп жазу мен жиі жазу» мәселесіне мен үлкен кешіріммен қараймын. Өйткені екеуінде де жазуға деген махаббат бар!

Е.Ә: Әр нәрсенің шегі, нәзік шекарасы болады. Сол сияқты жиі жазу мен үнемдеп, сөзін өлшеп жазудың да шекарасын білу керек. Шегінен асқан дүниенің бәрі – у. Әрине, ортақол шығарманың да өзіне лайық оқырманы болады. Дегенмен жазған деген осы екен деп, келсін-келмесін күні-түні жаза берудің де қажеті шамалы. Кезінде өзім де «Министр» деген кітап шығардым. Студент кезде әуесқойлықпен жазған, кейде біреудің қолқа салуымен, ұсынысымен жазған дүниелер бар ішінде. Бәрі бірдей көңілімнен шығады, өзіме ұнайды деп айта алмаймын. Басым көпшілігі нашар шығармалар. Кейін повесть жазып көрдім. Әдебиеттен алыстап, жеке кәсіппен айналысып жүрген шағымда ғой деймін, екі-үш повесть жаздым. «Ең ақырғы күн» деген повесімді мүшәйра үшін бе екен, эксперимент ретінде ме, әйтеуір, жазып, жарияланып кетті. Тіпті сол үшін біраз мақтау естідім. Дегенмен шикі, шынайы емес тұстары көп. Өте сәтсіз тұстары бар. Жазамын деп бекінгенде ойым, идеям жақсы еді, бірақ елу-алпыс беттік шығарманы тұңғыш жазып отырғасын бір қайнауы кем боп шықты. Жарияланбаған бірер повесім бар, олардың да өз көңілімнен шықпайтын олқы тұстары бар. Әр автордың оң жамбасына түскен жанры болады. Бейімбетке романды нашар жаздың не Чеховты роман жазбадың деп сынай алмаймыз. Сол секілді Әбдіжәміл Нұрпейісовке әңгіме жазбадың деп сын таға алмаймыз. Кезінде жұрт мақтады деп «Ең ақырғы күн» сынды он күн сайын повесть, роман жазуыма болады. Бірақ оның не керегі бар? «Халтура» осылай туады емес пе? Жазушыға керек ең ұлы қасиет болса, ол – білім. Марк Твен айтпақшы, кітап оқымайтын адамның кітап оқи алмайтын адамнан еш айырмашылығы жоқ.
Көп жазу мен аз жазу бүгінгі қоғамда уақытқа да байланысты болар. Он жылдан аса уақыт жеке кәсіппен айналыстым. Айналамдағы адамдар кітапты керек те қылмайды, тіпті менің жазушылығыма күле қарайтындар да бар. Кейін жазамын деп бекінген кезде уақытым мүлде болмай қалды. Кәсібім ұлғайды, таңертең кетіп, түнде келіп жүргенде жазуға уақыт та, мұрша да болмайды. Осы уақытта талантым өшті, қабілетім сарқылды демес едім, күніне бір күзетшіні көремін де, әңгіме туады. Немесе жүк көтеріп жүрген жігітті көріп, одан бір әңгіме туады. Күніне осылай қанша әңгіме туады, тек отырып жазуға уақыт жоқ. Бәлкім, осыларды жазуды қолға алғанда, бұрынғы жазғандарымнан да артық дүниелер туар ма еді деп ойлаймын.

Е.Н: Көп жазу да, аз жазу да тікелей ештеңенің көрсеткіші емес. Автордың жазуға дейінгі еңбегі, зерттеуі бәрін шешеді. Әдетте бір шығарма жазу үшін қаншама ой кешесіз, қаншама материал оқисыз. Егер осы ізденістер болмаса, ойыңа не келсе, соны жаза берсең, ол да бір сандырақ боп шығады. Әр шығармаға логика, ақпарат, сезім, таным — төртеуі бірдей қажет болады. Бірі кем болса шығармаңыз тартымсыз болуы мүмкін. Қарапайым оқырман сезімдік дүниелерге, яғни эмоция шақыратын нәрселерге қатты әуес келеді. Ең көп өтетін де сондай нәрселер. Бірақ ол жерде, жазып отырған дүниеңіз туралы нақты ақпаратты білмесеңіз, ол ойдан құралса, оның өзі логикаға томпақ келсе, өз танымыңыз жетпеген, піспеген ой болса, есті оқырманға жарқырап көрініп тұрады. Оқырманның бәрі өтірікке сеніп, құр эмоция қуалап жүре бермейді ғой, олар да өседі. Сондықтан көп жазсаңыз да, аз жазсаңыз да, менің білуімше, осы төрт негізге берік болу керек.
С.А: Мәселе, жазушының өз заманының шындығымен бетпе-бет келген сәтте оны ұстап қалып, жаза алуында, жаңа мәнерлерден қорықпауында, деректі жазса да, шығармаға ырғақ қосып, оқырманды үйіре алуында, қызықты сюжет тауып, оған жан бітіре білуінде. Мәселен, 2021 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған Абдулразақ Гурнаның көлемді романдары көп, ол өз туындыларында Отанынан кетуге мәжбүр болған босқынның шет елдегі тағдырын сан түрлі қырынан көрсетеді. Былай қарасаңыз, бір тақырыпты әртүрлі сюжетпен ширата біледі, ұзақ әрі деректі жазады. Бірақ оқырманды жалықтырмайды. Кафканың қысқа-қысқа бір бетке де жетпейтін әңгімелері бар, бірақ ұзақ уақыт адамның есінен кетпей, эмоциялық вакуумда ұстайды. Демек, мәселе көлемде емес, жазушының шеберлігі мен өнерді сезіне білу қабілетінде. Әдеби жазудағы білімді дамытып отыру өте маңызды, қазіргі әлемдік әдебиетте қандай тақырыптар өзекті, ол тақырыптар қазіргі әлем философиясымен қалай үндесім тауып жатыр деген сынды сауалдарға жауап іздеу, жиі ізденіп оқу жазушының қаламына жаңа леп әкеледі. Әдебиет тек көркем сөз бен құлаш-құлаш мәтіндерден тұрмайды, меніңше, көркем, шұрайлы жазудың салмағынан қарағанда идея және оны жеткізу тәсілі басым рөл ойнайды.
Ж.А: Бұдан бөлек әр жанрдың басын бір шалып көрген авторлар да көп. Бірнеше жанрда қатар қалам сілтеу қаншалықты дұрыс?
Қ.Ә: Бұл сұрақта Мұқағали ағамның өлеңі еске түседі.
«Қайтесің ақын болып тумағасын,
Жаныңның сезесің ғой жырламасын.
Әдебиет үйінен орын таппай,
Әр есікті әуре боп бір қағасың», –
дейді ақын. Ал маған қатысты айтсаң, мен үшін шығармашылық – хобби!
Е.Ә: Кей замандастарымды әрі ақын, әрі жазушы деп таныстырып жатқанда, түсінбей қаламын. Бір жанрда қалам сілтеп, соның пұшпағын илеген адамға жетері жоқ. Әр тарапқа бір көңілді бөлсең, энергияң да шашырап кететіні рас. Бір ғана жанрдың шебері болған дұрыс деп санаймын. «Потенциалды сақтау» дегенді осындайда ескерген жөн. Жазушы мейлі пьеса жазып көрсін, драматургияны сынасын. Бірақ жазушы боп жүріп, басқа жанрға кетудің, тіпті шенеунік болудың да қажеті жоқ. Байқасақ, көп жазушы ғылымға қарай көңіл бөліп, жазуға уақыт таппай қалды. Мен де жеке кәсіппен айналысып, жазуға көңіл бөле алмадым. Оған өкінбеймін. Бүгінгі заманның талабы сол боп тұр. Тек жазумен өмір сүре алмайсың. Отбасыңды асырауың керек, көшке ілесіп өмір сүргің келеді.
Әңгіме жанрында бағымды сынап көрдім, кейін повесть жаздым. Біреуі нашар болды, екеуі ортақол деңгейде шықты. Роман бастап, аяқтай алмадым. Құдай ғұмыр берсе, соларды жазып, аяқтағым келеді. Нашар ма, ары қарай елу-алпыс том жазбаймын. Сол жерден тоқтата қоямын. Кейін жазуға отыратын шақ туа қалса, әңгіме жанрында өзімді тағы да сынап көргім келеді.
Е.Н: Борхес секілді өлеңді де, прозаны да, публицистиканы да қатар сүйрей алатын адам қалай жазғысы келсе солай жазады, не жазғысы келсе соны жазады. Осындай бір шаблондармен ойлауды қою керек. Абайша айтқанда: «Екі кеме құйрығын, ұста, жетсін бұйрығың!». Кей жағдайда тұрақты бір жанрда жазып жүрген автор екінші жанрға ауысса жаңа бір тынысы ашылуы мүмкін, немесе сәл демалып, қайтадан өз жанрына қайтқанда тың күшпен, өзгеше ойлау машығымен келеді. Енді кейбір адам «ананы да, мынаны да жаза аламын» деп жалған сенімге, иә, мақтанға еріп, ештеңе тындыра алмай қалуы да мүмкін. Сондықтан бұның бәрі адамына байланысты нәрсе, қатып қалған ешнәрсе жоқ.

С.А: Кейбір қаламгерлер әу бастан бір жанрға қабілетті болып, уақыт өте келе өз қабілетін ұштап, аталған жанрдың хас шеберіне айналады. Ал кейбір жазушылар проза, поэзия, драматургия, тіпті киносценарий болсын, әрқайсысында ерекшеленіп, өз ішкі шындығын жеткізе алады. Әр жанрдың басын бір шалып, соңында өндірмей жазбай кеткен қаламгерлер де кездеседі. Мен жеке басым эксперимент жасауға қарсы емеспін, бірақ бір жанрды жетік меңгеріп, соның ерекшелігін танып, біліміңді сол салада жетілдіріп, соның кәсіби шеберіне айналған жөн деп санаймын. Әр жанрда әуесқой болғаннан қарағанда, бір жанрдың шебері болған жақсы. Жазу шеберлігіне жанрды меңгерудегі техника қосылса, ол салмақты шығармалардың пайда болуына түрткі болады. Жазушының белгілі бір жанрды еңсеруі, қолтаңба мен жазу шеберлігінің қалыптасуы уақытпен жә не тәжірибемен келеді. Бастысы, бастаған жолдан тайқымай, соңына дейін бару.
Ж.А: Жас кезінде қазақ әдебиетіне құбылыс боп келген кей қаламгер уақыт өте келе шығармалары бастапқы биігінен төмендеп, екпінін бәсеңдетіп алғанын байқауға болады. Бір жақсы шығарма жазады, кейін соны ғана мақтан етіп жүреді. Тіпті кейде өз-өзін қайталай бастайды. Мүмкін, осындай жағдайда әдебиеттен біржола алыстаған дұрыс шығар.
Қ.Ә: Ондай құбылыстарды рас, білмейді екем. Өзім білетін құбылыстар сол бала күнгі биігімде қалды. Олар – Төлен Әбдік, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Тынымбай мен Отарбаев. Мүмкін оларды кездейсоқ келгендер, ет пен ретінің арасындағы желік деуге болар.
Е.Ә: Адамның сарқылуы, адам талантының мұқалуы көпке ортақ қасиет қой. Талантты да ұштап отырмақ керек. Мүлде жазбай кетудің жөні жоқ. Алғаш кітабым шыққан соң, мен де өзімді-өзім қайталай бастадым. Көретінім бір орта, бір кейіпкерлер. Енді жазуға отырсам, әдебиетке мүлде басқа деммен, тың тыныспен келемін.
Е.Н: Бұл ізденістің жоқтығы немесе іштегі арман-мұраттың аласалығы деп ойлаймын. Біреу танымалдыққа мас боп қалады, біреу бір шенге, мемлекеттік креслоға жетіп, соған риза боп қалады. Мұраты биік адам қашан да өзінен озып отыруға тиіс. Өмір бақи бір ғана ойды, бір ғана сюжетті пісіріп, соңында қойыртпақ бірдеңе шығаратын авторлар да бар. Өкінішке қарай, бұның барлығы жеке адам бойындағы психологиялық мәселелер мен философиялық ұстанымдарға қатысты дүние. Оған біз бас сұға алмаймыз, адамдар өз тағдырын өзі жасайды, өзіне-өзі өлшем кеседі. Сол өлшемге жеткен күні одан әрі аса алмай қалады. Бұл түпсанада бала кезден қалыптасатын бір қалып болса керек. Бірақ адам саналы жан иесі ретінде, өзін тәрбиелеп, өзін-өзі қайта жасауы керек. Өмірдің соңына дейін жазу машығын тастамай, жеттім, болдым деп тоқтамай кеткен авторлар көп. Соның бірі өзіміздің Мұхтар Мағауин, жазуын үлгі етпесек те, машығын, еңбек-ізденісін үлгі еткеніміз абзал.
С.А: Меніңше, бар нәрсе жоғалмайды, бірақ бойдағы қабілетті біліммен, жаңа тәжірибемен ұштап отырмаса, бір күні өз көлеңкесіне ғашық болған қаламгерлер сияқты құлдырау кезеңіне тап боласыз. Әдебиет бір сәттік шабытпен ғана өлшенбейді. Жалпы жазушының танымал болуына, шығармаларының үздіксіз оқылып, қанша уақыт өтсе де оқырман ықыласының сөнбеуіне әртүрлі факторлар әсер етеді. Оны дәл болжап білу қиын. Кітап оқитын, әдебиетті түсінетін және жазушыға қолдау көрсете алатын, кітап маркетингі жолға қойылған қоғамның қалыптасуы да бұл жерде өте маңызды рөл ойнайды. Ал шет тілдерге аударылып, әлемдік ауқымда аудитория табу жазушының жазу талантын айшықтап қана қоймай, оның шын бағасын беретін оқырман қауым мен айтулы әдеби институциялардың көзіне түсуге жол ашады. Сондықтан бір жақсы шығарма жазу кездейсоқтық болуы мүмкін, ал әдебиетпен тұрақты айналысу, әлемдік кеңістікке шығу, өзіндік қолтаңба қалыптастыру жылдар бойғы еңбекпен ғана келеді. Әдебиеттен біржола кету яки кетпеу – ол әр жазушының жеке шешімі, бірақ өзі жүріп өткен жолға қарап, қай жерде шалыс басып, қай жерде дұрыс шешім шығарғанын аңғарса, бұл сұрақтың жауабы анау айтқандай қиын емес.
Дайындаған
Ақгүлім Ерболқызы