Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті ме?

Ол бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарған.
«2025 жылғы 4 шілдеде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1 және 2-тармақтарында көзделген (азаптау) қылмысты жасады деген күдікпен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Кексель О.И.-ны күдікті ретінде таныды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр, қосымша дәлелдер жинауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде», - деп мәлімдеді дүйсенбі күні Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр, оның жай-жапсары жария етілген жоқ.
Ал 3 шілдеде осы бап бойынша бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның басшысы Талғат Татубаев ұсталған болатын.
Алдын ала мәлімет бойынша, Олеся Кексель бұрынғы БТА Банктің қызметкерлеріне қатысты азаптау ісі бойынша күдікке ілінген. Бұл іс тергеу кезінде тыйым салынған әдістерді қолданды деп айыпталып жатқан бұрынғы антикоррупциялық орган өкілдеріне қатысты тергеу аясында қозғалған. Олеся Кексель 2018 жылы арнайы прокурорлар қызметін басқарған. Ол Талғат Тәтібаев пен Қайрат Қожамжаров секілді бұрынғы антикоррупциялық ведомство басшыларының командасында болған және экс-премьер Серік Ахметов пен бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеулерді қадағалаған.
Олеся Ивановна елдегі ең шулы антикоррупциялық істерді тергеген тұлға болғандықтан, бұл жаңалық қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған қоса, 2019 жылдың мамырында қызметінен кеткен соң, Германияға кетіп қалды деген сыбыстар да қызу талқыланды. Алайда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұл ақпаратты жоққа шығарып, Олеся Кексельдің қазіргі таңда Қазақстанда екенін және тергеуден қашпай жүргенін мәлімдеді.
– Бұл арызды тергеу Ішкі істер министрлігіне жүктелді. Тергеу департаменті тергеу амалдарын жүргізуде. Кексельге айып тағылған жоқ, бұлтартпау шарасы қолданылмаған, - деді министр.
Олеся Кексельдің мансабы өте жылдам өрлеген. Ол небәрі 20 жасында Қаржы полициясы академиясын үздік бітіріп, тергеуші қызметінен бастап, 10 жыл ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасарына дейін көтерілген.
Ол тергеген істердің қатарында экс-премьер Серік Ахметов, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, Денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитетінің бұрынғы басшысы Лариса Пак секілді шенеуніктер бар. Бұлар – тек ең атышулылары, ал бұдан басқа да көптеген лауазымды тұлғалар Кексельдің қатаң бақылауындағы істердің фигуранттары болған.
2015 жылы Серік Ахметовке қатысты іс бойынша куәгерлер Жанарыс Қабдолдаев пен Берік Нүрекен тергеу кезінде оларға қысым жасалғанын мәлімдеген. Алайда Кексель бұл айыптарды жоққа шығарып, куәгерлер сотталушылардың жақтастары ретінде тергеуге негізсіз шабуыл жасап отыр деген уәж айтқан. Ал 2018 жылдың қаңтарында экс-министр Қуандық Бишімбаев та сотта өзіне қысым көрсетілгенін, адвокатсыз кездесуге мәжбүр болғанын және Кексельдің оны кінәні мойындауға үгіттегенін айтқан. Бірақ соған қарамастан, бұл істердің көбі сотқа жетіп, айыпталушылар нақты жазаларын алған.
2017 жылы Олеся Кексель «Алтын адам» сыйлығының «Жылдың мемлекеттік қызметкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Сол кездегі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров оған:
«Сіздің еңбекке деген сүйіспеншілігіңіз, ерік-жігеріңіз, әділеттілік сезіміңіз және кәсіби біліктілігіңіз – көпке үлгі. Бұл марапат – елдің сізге деген шынайы алғысының белгісі», - деп баға берген.
Сонымен қатар Кексель «Айбын» орденінің II дәрежесімен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Олеся Кексель өте сирек сұхбат берген. 2018 жылы «Информбюро» арнасына берген жалғыз ашық сұхбатында ол Бишімбаев пен Пактың өзін айыптауы – «қорғану тактикасы» екенін айтып, оларды ақылды адамдар деп атаған. Өзінің басты қасиеті ретінде – шұғыл жағдайларда шешім қабылдай білу қабілетін атаған және егер қаржы полициясына келмесе, хирург болар едім деген.