Өскеменде полицейге қарулы шабуыл жасалды: табельдік қару ұрланды
Өскемен қаласында патрульдік полиция батальоны қызметкеріне жасалған шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Оқиға салдарынан офицер жараланып, күдіктілер оның табельдік қаруын иемденген.
Оқиға 22 наурыз күні шамамен сағат 22:10-да Сағадат Нұрмағамбетов көшесіндегі №4 үйдің ауласында болған. Полиция экипажы жол-көлік оқиғасын рәсімдеу үшін оқиға орнына барған.
Сол сәтте екі азамат аға лейтенанттан көмек сұрап жақындап, артынша оған шабуыл жасаған.
Салдарынан полиция қызметкері оқ жарақатын алған. Қазіргі уақытта ол ауруханада, жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Күдіктілер офицердің табельдік қаруын алып кеткен.
Жедел іздестіру шаралары барысында екі күдікті — В. Машковец пен И. Васильев ұсталды. Қазір олардың қылмысқа қатысы анықталуда.
Полиция тағы бір ықтимал сыбайласты іздестіріп жатыр. Сонымен қатар ұрланған табельдік қаруды табу және тәркілеу бойынша арнайы шаралар жүргізілуде.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабының 6-бөлігі («Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу») бойынша тіркелді. Тергеу және жедел іс-шаралар жалғасуда.