Өзбекстан азаматы Трампты Венесуэла президентін «ұрлады» деп айыптап, айыппұл арқалады
Ташкент қаласындағы Бектемір аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотта алкогольдік масаң күйде бола тұра, ішкі істер органдарына жалған ақпарат берген азаматқа қатысты іс қаралды.
Бұл туралы UzNews.uz хабарлады.
Сот материалдарына сәйкес, құқық бұзушы Ташкент қалалық ІІБ-нің 102 нөміріне қоңырау шалып, АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұрлап кетті деп мәлімдеген. Сонымен қатар ол өзін «Ақ үйде тұрамын» деп таныстырған. Бұл хабарлама арнайы қызметтердің іске қосылуына себеп болып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкелген.
Бұдан бөлек, ер адам құқық қорғау қызметкерлерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартып, ақпаратты тексеру үшін полиция бөліміне келмеген.
Сот отырысы барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, мас күйде болғанын, қоңырау кезіндегі әңгіменің мән-жайын есінде сақтамағанын және әрекетінің салдарын түсінбегенін айтты.
Сот шешімімен ол Өзбекстан Республикасының Әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 199-бабы («Арнайы қызметтерге көрінеу жалған шақыру») бойынша кінәлі деп танылып, 3 базалық есептік шама мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл шамамен 1,23 млн сум (52 мың теңге).