Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 18 Наурыз 2020

Өзбекстанда Гүлнара Каримова 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айрылды

None
None

18 наурызда қылмыстық істер жөніндегі Ташкент қалалық соты Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримованы 13 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды.

Оған "бопсалау", "қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастыру" және тағы бірнеше бап бойынша айып тағылған еді. Сот сонымен бірге "Каримова құрған қылмыстық топтың бірнеше мүшесіне" үкім оқыды. Бұл туралы Өзбекстанның жоғарғы сотына сілтеме жасаған Азатттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

Өзбекстан Жоғарғы соты биыл 8 қаңтарда Каримоваға қатысты жаңа іс қозғаған еді. Бұл іс бойынша оған «мемлекетке тиесілі екі цемент зауытының акциясын сатып алды және оны кейін шетелдік бизнесмендерге сатты» деген айып тағылған. Оның қамауда болу мерзімі 2015 жылдың 21 тамыз айынан бастап есептелінеді.

18 наурызда сот "қылмыстық топтың" бірнеше мүшесін ұзақ жылдарға соттады. Екі айыпталушы "жауапқа тарту мерзімі өтіп кеткендіктен" қылмыстық жауапкершіліктен босатылған.

2017 жылы елдің бірінші президенті Ислам Каримов көз жұмғаннан кейін оның үлкен қызы Гүлнара Каримова 10 жылға бас бостандығынан айрылған. Оған ол кезде "салық төлеуден жалтарды", "ақша бопсалады" және "офшор компаниясының құжаттарын жойды" деген айыптар тағылды.

Бірнеше айдан кейін үкім өзгеріп, жаза бес жылға қысқарды және Каримова үйқамаққа шықты. Былтыр наурызда ол үйқамақ тәртібін бұзды деп қайта қамалған еді.

Оқи отырыңыз: Гүлнара Каримованың Ұлыбританиядағы мүлкі

Ақпан айының соңында өзіне қозғалған қылмыстық істі жабу үшін Гүлнара Каримованың қазіргі президент Шавкат Мирзияевқа хат жазып, мемлекетке 686 миллион доллар ұсынғаны туралы ақпарат шыққан.

Тегтер: