Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 22 Желтоқсан 2023

Партиялар мен уәделер. «Нұры» кетсе де «сыны» кетпеген «Аманат»

АМANAT
Фото: из открытых источников

«Партиялар мен уәделер» сериясын бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманатпен» түйіндейміз. Бұл партияны ең соңына әлдебір ерен еңбегі үшін емес, айтылар сөз көп болған соң сақтадық.

Өйткені қазіргі партиялар арасында тарихы ең ұзағы да, мәжілісте мүшесі ең көбі де осы – АМANAT. Тарихы терең деп сонау «Отан» кезінен бергі кезеңді меңзеп отырмыз, әйтпесе, «Аманатқа» айналғаны кеше ғана. Оның өзінде жаңа атауға абыроймен емес, бұрынғы атауының әбден қадірін қашырып барып, амалсыз ауысты.

1999 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау штабы негізінде «Отан» партиясы құрылған, 2006 жылы атауы «Нұр Отан» болып өзгерді. Отанға «нұр» сөзінің жалғануы партия басшысының жеке басына табынудан туындағыны белгілі. «Қазақстан! Нұр Отан! Нұрсұлтан!» деп ұрандатып, алаңдарда студенттер шерулеткен күндерді әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Кейін елде «нұр» сөзін естуден құлақ, көруден көз шаршайтын жағдайға жеттік. «Нұр» атауы алғашқыда жағымпаздық құралы болса, кейін тіпті мазаққа айнала бастады.

«Нұр Отан» партиясы құрыла салып биліктің биік мінберіне қол жеткізді. 1999 жылғы мәжіліс сайлауында жеңіске жетті. Уақыт өте партия билікте толық үстемдік орнатты. 2007 жылы тіпті парламентке жалғыз «Нұр Отан» өкілдері өткен. Министрлер мен әкімдердің бәрі «Нұр Отан» мүшесі болатын. Ол партия емес, мемлекет аппаратының бір бөлшегіне айналып, мемлекеттік институт деңгейіне жетті. Лауазымды қызметке қол жеткізу үшін осы партияға мүше болу міндетті сияқты көрінетін. Партия атауы мемлекеттік қызметпен синонимге айналып, қызмет алғысы келгендер «Нұр Отанды» жағалайтын.

Бұл жүйе КСРО кезіндегі коммунистік партияны еске түсіреді. Бәріміз білетіндей, Кеңес кезінде мемлекеттік қызметтен үміті барлар сөзсіз партияға мүше болатын. Тіпті кез келген Кеңес азаматының саяси мақсаты коммунистік төсбелгі тағу болды десе де болады. «Нұр Отан» партиясы да осы бағытта жұмыс істеді. Елде шенділер ғана емес, мұғалім, дәрігер сынды қарапайым қызметкерлер де «нұротандық» болды. Әсіресе педагогтар сайлау сайын партияның сойылын соғып, дауыс жинауға барын салатын. Ең қызығы, КСРО тарағанда бұрынғы облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары есігіндегі жазуды өзгертіп, облыс әкімі болып шыға келгенін білеміз. Ал тәуелсіздік жылдары, керісінше, облыс әкімдері «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы болды.

«Аманатқа қиянат жасамаймыз»

Қаңтар оқиғасы елдегі жағдайды біршама өзгертті. Саяси карьерасы мінсіз өріліп келе жатқан кей шенді төбеден төменге бір-ақ құлады. Әсіресе «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары бәрінен қағылып, болашақта ел басқарудан үміті бар шенеунік шетел асуға мәжбүр болды. Әрине, партия төрағасына да оңай тиген жоқ. Өмір бойы қолымда болады деген біршама биліктен айырылып қалды. Қоғамның партия жұмысына наразылығы Қаңтар кезінде ашыққа шықты. Қысқасы, «Нұр Отанның» нұры тайып, сәні кетті. Қаңтар оқиғасынан кейін партияны сынап, партбилетін «жыртқандар» көбейді. Олардың арасында мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері болды. Көпшілік осыған қарап партия әлсіреп, саяси сахнаны босатады деп ойлаған. Бірақ олай болған жоқ. «Нұр Отан» көне күпісін шешіп, «Аманат» болып жасарып шыға келді. Биылғы сайлауда тағы жеңіске жетіп, мәжілістен ең көп мандат алды.

Партия 2022 жылы «Аманат» атанып, Нұрлан Нығматулин қатарлы адамдар саяси кеңестен шығарылды. Ал сол жылы 26 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев партиядан кетті. Кейін әкімдер «Аманат» партиясының облыстық, қалалық және аудандық филиалдарының төрағасы болмайды деген қарар шықты. Бірақ партия бұған дейін қалыптасқан ресурстық және қаржылық үстемдігінен айрылған жоқ. Әлі де елдегі ең ірі, мүшесі ең көп партия атанып отыр. Оның үстіне биліктің қолдауынан қол үзген жоқ. Өйткені ол әлі билік партиясы, заң шығарушы және атқарушы органдарда, соттарда осы партияның өкілдері отыр.

Биылғы сайлауда «Аманаттың» 62 мүшесі депутат атанды. Партиялық тізім бойынша 40 мандат бұйырған, бірақ билік «демократия қарлығашы» деп жар салған бір мандатты округтерден сайланған 29 депутаттың 22-сі тағы «Аманат» мүшесі болып шықты. Сөйтіп партия мәжілістегі 98 орынның 63%-ын иемденіп, заң шығарушы органдағы үстемдікке тағы жеке-дара ие болды.

Сайлауға дейін

Біздің елде уәде беруден де, уәдені орындаудан да, уәдені орындамаудан да «Аманаттың» алдына түсетін ешкім жоқ. Өйткені тәуелсіз Қазақстан тарихында «Аманаттай» көп сайлауға қатысқан, «Аманаттай» көп жеңіске жеткен партия жоқ. Аса тәжірибелі «ойыншы» бұл жолғы жарыста да білгенінен жаңылмады, саяси доданың шаңы шыға бере сайысты бастап кеп жіберді. Партияның бұл жолғы сайлауалды бағдарламасы «Халықпен бірге!» деп аталған. «Біздің бағдарлама – қоғамда әбден қайнап, пісіп-жетілген проблемаларды шешудің нақты жолы, нақты жоспары. Халықты толғандырған мәселелерді мұқият талдап, жүйелендіре келе 10 негізгі бағыттан тұратын құжат әзірледік. Одан әрбір отандасымыз өзі үшін өзекті мәселелердің жауабын таба алады», – деп «мақтанды» партия төрағасы Ерлан Қошанов.

Партияның он бағыттан тұратын бағдарламасында сөз болмаған тақырып жоқ. Экономика мен экология, қала мен ауыл, жастар мен қарттар мәселесін толық шешуге уәде еткен. «Тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, жұмыспен қамтимыз, әлеуметтік жағдайын жақсартамыз, баспанамен қамтамасыз етеміз, сапалы білім мен медицина қолжетімді болады» деп жар салғанда дауыстары жер жарған. Бірақ неге екені белгісіз, мемлекеттің саяси жүйесі жайлы жақ ашпапты. Партияның бұл бағыттағы ең салмақты ұсынысы – жемқорлықты жойып, шетел асқан активті елге қайтару. Елдегі барлық билік ресурсын қолында ұстап отырған партия неге осынша жасқаншақ бағдарлама жасағаны белгісіз. Әлде өзі қалыптастырған саяси жүйені өзгертуге ниетті емес пе?!

Сайлаудан кейін

«Аманат» депутаттары сәуірден бері 208 депутаттық сауал жолдапты. «Көп қорқытады, терең батырады» деген осы шығар, біз бұған дейін жазған 5 партия мұндай нәтиже көрсете алмаған еді. Бірақ мәжілісте «Аманаттың» 62 мүшесі отырғанын ескерсек, бұл көрсеткішке аса таңғалуға да болмайды. Оның үстіне мәселе санда емес, сапада. Ерлан Қошанов бастаған депутаттар парламентте тау қопарып жатыр деп ойласаңыз қатты қателесесіз. Өйткені 208 сауалдың көбі қауырсыннан жеңіл, мақтадан жұмсақ тақырыптар. Мысалы, вакцинация, лотерея терминалдары, электр энергиясының тарифі, мектеп директорларының ротациясы, цифрландыру, кітапханашылар еңбекақысы, интернет сапасы, ақылы көлік тұрағы және лудомания мәселесін көтеріпті. Ал ең сүйекті деген сауалдары мыналар: діни идеология, заңсыз активті мемлекетке қайтару, жатақхана мәселесі, жастар арасындағы жұмыссыздық, аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыру, моноқалаларды дамыту, қоғамдық саяси реформалар, мемлекеттік қызмет саласындағы қазақ тілінің жағдайы.

«Аманаттықтар» жемқорлардың жағасынан алып, сыбайластарды су бетіне шығаруға әлі кіріскен жоқ. Жастарды біліммен, қарттарды медицинамен жарылқайтын жаңа бағдарламада ұсына алмады. Сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз деп жазған, бірақ орыс тілінде жолданған депутаттық сауалдарды мемлекеттік тілге аудармапты. Партия елге танымал бірнеше мүшесіне ғана үміт артып отырғандай көрінеді. Бірақ бұрынғы айтыскер немесе журналистке сүйеніп, партия жұмысын жандандыру мүмкін емес.

«Aманат» сайлауалды бағдарламасында «еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі жұмыс істейтін жалғыз партиямыз» деп мақтанған. Бірақ жұмыс өнімділігі мәжіліске 4-5 мүшесі ғана өткен шағын партияларға да жетпейтін болып шықты. Фракция мүшелерінің жұмысы жайлы бар-жоғы 3 сұрағымызға жауап беру үшін бір апта уақыт сұрады. Біз 3 күн күттік, бірақ жауап келмеді. Сондай-ақ партияның баспасөз қызметі біз мемлекеттік тілде сөйлеп отырсақ та, тек орыс тілінде жауаптасуды жөн көрді.

Әрине, «Аманат» партиясының үкіметті қатты сынамайтыны түсінікті жағдай. Өйткені биліктің әр тармағындағы лауазымды тұлғалардың көбі осы партияның өкілі. Демек, Қошанов бастаған депутаттар өз саптастарын «сатпайды». Белгілі саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед бұл жағдайды былай түсіндіреді: «Биыл көп дауыс жинаған «Аманат» партиясы премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловты ұсынды. Әдетте премьерді ұсынатын партия үкіметті көп сынамайды. Керісінше, үкіметті оппозиция өкілдерінен қорғайды». Біз де осы тұжырымға тұрақтап отырмыз, «Аманат» ел аманатын естен шығара бастаған секілді.

Қуаныш Қаппас